№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газ бағасы арзандады, такси қызметі ше?

Газ бағасы арзандады, такси қызметі ше?


Халықтың наразылығына назар аударған Президент сұйытылған газдың бағасын реттеді. Яғни әр өңірге байланысты алты айға дейін шекті баға белгіленді. Авто газдың қымбаттауына байланысты такси қызметі де қымбаттағаны белгілі. Бұл туралы төл басылымның №98 (8499) нөмірінде «Такси бағасы қымбат па?» атты мақалада жан-жақты жазылды. Енді газдың бағасы 120 теңгеден 60 теңгеге арзандады, такси қызметі ше? Біз осыны зерттеп көрдік.


Қымбатшылық бүйірден қысқан уақытта такси қызметкерлері көгілдір отынның бағасы шарықтап бара жатқанын алға тартып, такси қызметін қымбаттатқаны белгілі.
Әрине, таксимен күнелтіп, отбасын асырап жүрген тұрғындардың қалтасына қол сұғудан аулақпыз. Қазір қолы босағандар ескі болса да көлік алып, халыққа қызмет көрсетуге, отбасын асырауға қам жасайды. Дұрыс, әйтпесе бүгінгі қоғамда бір айлықпен күн көру тіптен мүмкін емес. Бірақ, бағаны бұлай шектен тыс көтеруден біреу ұтылып, біреу тұтылып, айналып келгенде қарапайым халық қиналады. Біз биліктің сөзін емес, бұқараның талап-тілегін қозғап отырмыз. Өйткені, такси қызметіне жүгінетін көбіне қарапайым тұрғындар.
Темір тұлпар тізгіндегендердің де өз айтары бар, оны да ескерусіз қалдырмаймыз. Алдымен такси бағасын тағы бір шолу үшін көлік тұрақтарын айналып қайттық. Барлығы бәз қалпында, баға өзгеріссіз.
– Бізді қуантатыны, Қызылорда қаласына қатынайтын «Газель» көлігінің бары. Билеті 1500 теңге. Ал мына жеке таксилер құны арзандайтын емес. Әрине такси жүргізушілерін даттамаймыз, олар да өзіміз секілді халықтың өкілі, тек бағаны бақылауда ұстаса ғой. Облыс орталығына 2000 теңгеден қатынаса да аз емес. Олардың басым бөлігі газбен жүреді. Көгілдір отынның бағасы арзандады. Такси ше? – деді Амантай ағамыз.
Жөн, біз тереңінен таразы­ламаймыз, өйткені, олардың уәжі біздің де айтатын талабымыз деп санаймыз. Автотұрақ болса, бензин бағасы түссе дейді. Орынды. Олардың салыққа тіркелмегеніне тиіспедік, жай бағасына тоқтадық. Жауапты мекеме есігін қайта қақтық, бірақ жауап сол күйі. Аудандық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Әбдірахманұлы мұның алдында берген сұх­батында:
– Кенттің ішінде және ауылдық округтерге қатынайтын таксилерге ба­ғаны бақылай алмаймыз. Олар жеке кәсіпкер ретінде Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, салық төлейді. Яғни заңды жұмыс атқарып отырған таксистерге кедергі келтіре алмаймыз, – деді.
Ал, Мемлекеттік кірестер басқармасы 2021 жылы бірде-бір такси жүргізушісі, анығын айтқанда, қалааралық қаты­найтын жүргізушілер салыққа тіркел­мегенін айтты.
Шыны керек, бүгінде кәсіпкерлер үлкен қолдауға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін кәсіпкерлік субъектілердің жұмысын тексеруге тыйым салынды. Алайда көрші Шиелі ауданымен салыстырғанда бізде қымбатшылық едәуір сезіледі. Егер аудан орталығына немесе кенттің шеткі аумағындағы тұрғындар күнделікті жұмысқа қатынайтын болса, табысының қомақты бөлігін шығындайтыны анық. Бұл туралы бұған дейін де жаздық. Біз Шиеліні сөз еттік, енді Ақтөбе облысындағы ахуалды саралап көрейік.
Алға ауданында мынадай тәжірибе бар. Қалаішілік такси құны түсті. Қазір аудан әкімдігі «Ақтөбе мен Алға бағытындағы такси бағасын түсіру бойынша такси қызметін ұйымдастырушылармен ке­ліссөз жүргізуде» деп жазды Ақтөбе басылымы.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Үсенғалиевтің айтуынша, өткен жылдың қазан айына дейін қалаішілік такси құны 200-250 теңге, Алға-Ақтөбе бағытындағы такси бағасы 500 теңге болған-ды. Қазан айында сұйытылған газ бағасы қымбаттағаннан кейін қалаішілік такси 300-350 теңге, ал облыс орталығына қатынайтын таксилердің бағасы 700 теңге болыпты.
Жалпы, Алғадағы 4 мекеме – «Экс­прессАлғаТакси», «Еркенұр», «Сексен­баева», «Төре» жеке кәсіпкерліктері такси қызметін ұйымдастырады.
– Қазір аудан бойынша сұйытылған газ бағасының литрі 50 теңгеге түсті. Соған байланысты аудан әкімі такси құнын түсіру бойынша тапсырма берді. Аудандағы такси қызметін ұйымдастырушылармен бағаны тұрақтандыру бойынша жиын өтті. Сол шарада қалаішілік такси қызметін ұйымдастыратын «ЭкспрессАлғаТакси» жеке кәсіпкерлігі бағаны түсіретінін айтты. Сөйтіп, қала орталығынан шеткерек орналасқан Лиман шағын ауданынан басқа шағын аудандарға қатынау құны 200 теңге болды. Лиман шағын ауданына бару – 250 теңгеге түсті. Бұрын 350 теңге болатын – дейді Қуандық Үсенғалиев.
Міне, Ақтөбе облысының тәжіри­бесінен халықтың қамына қарекет етуді көруге болады. Біздің атқамінерлер қашан қозғалар екен. Бірақ, қозғалайын десе, біздің таксилер кәсіпкер ретінде тіркелгені аз, оның үстіне, заңды арнайы тұрағы да жоқ. Сосын нақты талапты қалай қояды?
Қалаға жұмыспен барып қайту үшін 5000 теңге, автобекеттен түсіп тиісті мекемеге бару үшін қалалық таксилерге 1000-1500 теңге тағы кетеді. Сонда облыс орталығына барып-қайтудың құны – 7000-8000 теңге. Айына 60000-70000 теңге жалақымен күн көретін отбасыларға бұл өте ауыр болып тұр.
Біздің ауыларалық такси бағасы да қымбат болып тұр. Мәселен, Төменарық пен Жаңақорғанның арасы 42 шақырым десек, тұрғындар 600 теңгеге қатынайды. Алға кенті мен Ақтөбе қаласының қашықтығы да 42 шақырым, алайда ақтөбеліктер 250 теңгемен қатынайды. Сонда бізде қанағат пен рақым қасиеті тым азайып кеткені ме?

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

P.S.: Мақала жазу барысында бірнеше кент тұрғынымен тілдестім. Олар «газ арзандады, такси ше? деген сауалды өзіме қойып, МАИ бекеті мен Саяжайдан орталыққа таксимен жетудің өзі тым қымбат екенін алға тартты. Оның бәрін сөйлете берсем, біздің ауданда қайырлы, қайырымды адам қалмайды-ау, сірә!
Бір анығы, такси қызметі қарапайым тұрғындардың қалтасын қағып тұр. Мұны қолжетімді етудің бір шешімін табу керек.-ақ...
18 қаңтар 2022 ж. 506 0