№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бензин бағасы белден басып тур

Бензин бағасы белден басып тур

Бүгін қасиетті айт мерекесі. Таңертең ерте жұмысқа қамданып, жол-жөнекей таксиге отырдым. Ішінде менен бөлек үш адам бар екен. Такси жүргізушісі ықытықы жоқ, «жолақысы 300 теңге, бензин 250 теңге» деп күңк етті. Оған кім келіссін, «Қайдағы 300 теңгені айтып тұрсыз. Жол ақысы 100 теңге» деп едік, «онда 150 теңгеден бересіңдер» деп өктем-өктем сөйледі. Күллі мұсылман қауымының мерекесі болғандықтан, дауласуға да құлқымыз болмады. Діттеген жерімізге жетіп, 150 теңгемізді бердік.
Фото

Иа, дұрыс, сәуірдің 18-ші жұлдызынан бастап елдегі жанармай бағасы біршама өсті. Жаңақорғанда 179 теңгеден сатылып келген АИ-92-нің литрі бір күнде 202 теңгеге бір-ақ секірді. Бензин қымбаттаса, базардағы азық-түліктің бағасы тағы да көтерілетіні айдан анық. Бұл біздің өңірдің әлеуметтік ахуалына өте ауыр тиетіні сөзсіз. Себебі, қарапайым халықтың қазіргі жалақысы орташа есеппен алғанда 70- 80 мыңның айналасы. Тіпті зейнетақы мен жәрдемақыға күні қарап отырғандар қаншама.

Бұл жөнінде, республика энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов:
– Жанар-жағармайдың тауарлар бағасына әсері тым асыра бағаланған деп санаймын. Біз бағаны екі есе көтеріп жатқан жоқпыз ғой. Егер сіздер статистикаға қарасаңыздар, 2021 және 2022 жылдары отын бағасы өзгерген жоқ. Бірақ соған қарамастан тауарлар қымбаттады. Әрине, жанармай қымбаттағаннан кейін басқа тауарларда қандай да бір баға өсімі болады, бірақ бұл жоспарлы инфляция шегінде болмашы өсім ғана, – дейді.

Дейтұрғанымен біреуге тиын-тебен көрінген бұл өсім қарапайым халықтың қалтасына үлкен салмақ салатыны анық. Біздің түсінгеніміз, бензин бағасын бөлім, басқарма, әкімдіктер түгілі министрдің өзі реттеуге қаухарсыз. Демек, өндіруші компания ойына келген бағаға сатуға толық мүмкіндігі бар деген сөзге саяды.

Ақпараттарға зер салсақ, 2015 жылдан бері бензин, 2016 жылдан бері дизель бағасын қадағалау жойылды, олардың бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады. Демек, бағаның құбылуы өз еркінде. Оған біздегі май құю бекеттері мен әкімдіктің еш қатысы жоқ. Әйтсе де, жауапты мамандар өзге елдермен салыстыра отырып, қандай да бір тиімді тетігін қарастыру керек-ті.

Мәселен, Ресейде бензин бағасы екі есе қымбат болғанымен, жалақы мөлшері үш есе көп. Сол жақта құрылыста жүрген жерлес жігіттермен хабарласып тұрамыз, қара жұмысқа айына кем дегенде 250-300 мың теңге жалақы төленеді екен. Өзбекстанда мұнай жоқ, бірақ баспанасыз босып жүрген өзбекті көрмейсің. Ел-жер кезіп, жұмысқа жалданады демесеңіз, олардың әлеуеті бізден әлдеқайда жақсы.

Бізде бензин бағасы өссе, дереу таксидің құны да қымбаттайды. Міне, бензин көтеріліп еді, такси бағасы 150 теңгеге өсті. Сонда жұмыс істейтіндер күніге жол ақысына 600 теңгеге шығынданады деген сөз. Ал, Маи бекеті, Саяжай мөлтекауданынан көліктерге екі есе бағада пұл төлейміз.

Жалпы, ауданда не көп, такси көп. Көшеде жүйткіген кез-келген көлікке қол көтерсеңіз такси қызметін көрсетуге дайын, ақысын төлесеңіз. Бірақ сансыз таксидің санаулысында ғана патент бар. Яғни, мемлекетке салық төлеп, заң аясында жұмыс жасайды. Осы ретте, таксидің ауыларалық, қалааралық жолақысын білу мақсатымен такси тұрақтарына арнайы бардық. Жаңақорған кентінен Қызылордаға дейін 2500 теңге, Түркістанға дейін 1500- 2000 теңге, Шиеліге 1000 теңге болса, Төменарыққа 600 теңге, Бірлікке 500 теңге, Қосүйеңкіге 700 теңге, Қандөзге дейін 1200 теңге, осылай кете береді. Дұрыс, кез келген көлік жанар-жағар маймен жүреді. Бірақ, май қымбаттады екен деп бірден такси құнын өсіруге болмайды ғой.

Түптеп келгенде, такси қызметінен нәпақасын айырып отырған жандар заңды түрде тіркеліп, мемлекетке салық төлеп, арнайы такси жүретін тұрақта ғана қызмет ете алады. Ал, бізде заңды тіркелгендер көп емес, өте аз. Сөйте тұра, қағанатсыздық танытады. Осы орайда, аудандағы такси қызметінің жұмысын саралап көрейікші.

Әуелі Жаңақорған кенті мен ауыларалық такси қызметі жөнінде Жаңақорған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Талғат Мұстафаевтан сұрап көрдік.

– Ауданда жалпы 450 такси халыққа қызмет етеді. Оның 124 ғана заңды тіркелген. Заңды тіркелмегендері қанша. Көбіне, такси жүргізушілері салық төлеуден қашады. Такси қызметімен айналысатындар алдымен басқармаға келіп жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Салық төлемей, тіркеусіз жүргендердің әрекеті заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі. Заңсыз жолаушы тасымалы қаншама елді мекенде автобустың қысқаруына, әлеуметтік деңгейдің төмендеуіне, мемлекет бюджетіне салық түсімінің азаюына себепші болып отыр, – деді бас салықшы.

Қалай болғанда да, такси жүргізуші де, оны тұтынушы да – қарапайым халық. Дерек-дәйектермен зерделесек, жергілікті халықтың 70 пайыздан астамы жеке жеңіл көліктердің қызметіне жүгінеді. Қай кезде болса да қолжетімді бағаға барар жеріңе уақытында жете аласың. Алайда олардың барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген. Сондай-ақ, бірлі-жарым таксилер болмаса, көбі алақұла, таксометрсіз, сыртқы түрлерінің стандарты сай келмейді. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Айталық, АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті такси, Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде mercedes маркалы такси қол астыңызда дей беріңіз, қарапайым халыққа жақсы жағдай жасап қойған. Кез келген уақытта қызмет көрсетуге сақадай-сай тұр.

Біздің ауданымызда такси қызметінің әлі де бір жүйеге келмей, оңдысолды жұмыс істеп жатқанын көргенде қынжылатынымыз анық. Сол себепті біз осы мәселені хал-қадірімізше қаузап жазу мақсатында Жаңақорғанның әр түкпірінде шоғырланып тұратын заңсыз такси тұрақтарына баруды жөн санадық. Әуелі, жолаушысын іліп әкететін заңсыз таксистерге тоқталайық. Жаңақорғанда басты мәселелердің бірі – такси тұрағының тиімсіз жерде орналасуы. Кенттегі жеті тұрақтыңбірі – Амангелді көшесінің бойында, «Хан» кафесінің маңында орналасқан. Базарлай келген жолаушыларға арналған тұрақ базардың қақпасына дейін жарты шақырымнан асады. Базардан азық-түлік, керек-жарақты арқалап такси тұраққа жету оңай емес. Дәл сол секілді Мұсаханов көшесі мен орталық алаң маңы, Құрманғазы көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысы, «Қызыл Диірмен» жанындағы ашық жер, Б.Майлин көшесі №97 үй мен Тәуелсіздік көшесі қиылысындағы ашық алаң, Хорасан ата көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысындағы кіші саябақ маңы, Б.Майлин көшесі №8 үй мен А.Құнанбаев қиылысындағы ашық жерде автотұрақтар орналасқан екен.

Қарап отырсақ, мұның барлығы жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындар санының көбеюіне байланысты болып отыр. Бәлкім оларға «бұл қалай?» дейтін, жолаушы тасымалын реттейтін жергілікті полиция, транспорт органдарынан бақылау жұмысы жеткілікті жүргізілмеуінің салдары ма? Таксистер кез келген уақытта жолаушы тасымалымен айналысып, ешқандай салық төлемей, көлігін техникалық тексеруден өткізбей жүре береді. Олардың басым бөлігінде жолаушы тасымалымен айналысуға рұқсат ететін құжаттары да жоқ. Жаңақорған ауданының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев көкейдегі мәселеге төмендегіше жауап берді:
– Жаңақорған кент ішіндегі қоғамдық көліктермен қатар кент және елдімекендерден қатынайтын заңсыз такси көліктерінің жайы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Такси көліктері орталық базар, Нұрасыл сауда үйі, емхана, аурухана маңындағы аялдамалар тұсында арнайы жол белгілеріне қарамастан тиісті қызметін көрсетуде. Осы кезеңге дейін аудан әкімінің өкімімен бірнеше рет жұмысшы топ құрылып тиісті рұқсат құжатынсыз, заңсыз жолаушы тасымалы қызметімен айналысушы тұлғаларға тіркеуден өту тәртібін түсіндіру мақсатында (мемлекеттік кірістер басқармасы, кент әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, АІІБ Жергілікті полиция қызметі) өкілдерінің қатысуларымен рейдтік шаралар тұрақты ұйымдастырылып келген болатын.

Елімізде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетін таксистерге тосқауыл қою үшін арнайы рейдтер жүргізіліп тұрады. Тексеріс нәтижесінде көлік жүргізушілерінің басым бөлігінде жолаушы тасуға рұқсаты болмай шығады. Көліктері де талапқа сай емес. Бірақ, алдағы уақытта заңсыз такси қызметін сұрыптап, бір жүйеге келтіріп, арнайы тұрақтарға ғана тұрғызуға жұмыс жасап келеміз, – дейді ол.

Осы ретте такси жүргізушілерінің айлық табысы шамамен қанша деген заңды сұрақ туындайды. Мұны білу үшін таксистерден сыр тартып көрдік.
Журналист екеніңді білсе, көбінің именіп қалатыны бар. Сондықтан қарапайым жолаушы кейпіне ендік. Hyundai Accent мінген Марат ұзақ жылдар бөтен елде қызмет еткен, айлық ақысына 400 мың теңге алып келген. Алайда, Ресей мен Украйнаның арасындағы соғыстың салдарынан жұмыстан босап, көлік жүргізуге түбегейлі көшкенін жеткізді.

– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу тиімді емес. Себебі көліктің бұзылуынан және заңсыз жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің бәсекелестік туғызуынан үкімет белгілеген айлық есептік көрсеткіш мөлшерін уақытылы төлеу қиынға соғады. Оның үстіне қарапайым халық заңды ма, заңсыз ба, көлік талғамайды. Тек діттеген жеріне жетсе болғаны. Көшеге шығып, қол көтерсең болды кез келген көлік тоқтай қалады. Қазір не көп таксист көп. Күнделікті тапқан 5-10 мың теңгені үкіметке төлейміз бе, бала-шағамызға апарамыз ба, – дейді Марат.


Иа, көлік жүргізушінің сөзіне қарап отырсаң орынды. Әрі елдік сана орнамай, ұлттық қазынаға қаржы түсірудің деңгейі артпайтынын білгендей болдық. Осы уақытқа дейін такси қызметін заңдастыруға байланысты бастамалар бірнеше рет көтерілді. Бірақ сәтті бола қоймады. Қазір жолаушылар автобусы жүрмейтін, тұрғындары аудан, облыс орталығына тек таксимен қатынайтын ауылдар бізде аз емес. Біздің ауданда 26 ауылдық округ болса, қазір Жаманбай батыр мен Байкенже елді мекеніне ғана автобус қатынайды. Бұған ауыл таксистерінің ықпалы зор. Қалай дейсіз бе, байкенжелік таксистер автобус жүрмей тұрып адам жинамайды. Тек автобустан қалып кеткен ауылдастарына қызмет көрсетеді. Ал бізде мұндай игі тәртіптің қалыптасуына пайдакүнемдікке деген пиғылымыз жібере бермейді.

Міне, байқағанымыздай, жолаушылар тасымалы саласы бойынша жауапты мекемелер жұмыс жасап жатқанымен, бүгінде облыс орталығы мен аудандар арасында заңды түрде тіркелмеген жеке меншік тасымалдаушылардың саны көп. Осы тақырыпты зерттеу мақсатында әлеуметтік желідегі такси группаларға тіркелдім. Мұнда қайнап жатқан өмір. Бірі қаладан ауылға, бірі ауылдан қалаға, енді бірі ауыл арасына такси іздеп әуре. Әлеуметтік желіге такси жүргізушісі де қарапайым халық та тіркелген. Әр минут сайын телефоныма хабарлама келіп, жолаушы мен жүргізушіден хабар алып отырдым. Міне, өзім көрген осындай жағдайға қарап, ашық алаңда табыс тауып отырғандарға құзырлы органдар тосқауыл қойып, заң аясында қызмет етсе дейсің. Әйтпесе, қарапайым халыққа таксии құнын төлеу оңай емес.

Әсел Рзаева


24 сәуір 2023 ж. 188 0