№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАР ТАҢДАУДА НЕГЕ ҚАТЕЛЕСЕМІЗ?

ЖАР ТАҢДАУДА НЕГЕ ҚАТЕЛЕСЕМІЗ?

Қазақ ақ некелі жарын «Құдай қосқан қосағым», «жан жарым» деп құрметтейтін халық. Әуелі Жаратқанның, одан кейін ата-анасының ақ батасын алып, өздерінің қалауымен екі жас бірін-бірі тауып, өмірлік серігіне айналып жатса құба-құп. Алайда, қазіргі таңда болашақ жарымды қалай тапсам екен деп жүргендер де аз емес. Яғни, жар таңдаудың ұстанымдары біршама өзгеріп бара жатқандай көрінеді. Мұның себебі неде? Бұл жастардың бойындағы жағымсыз әдетке айналмаса игі.
Бүгінгінің қыздары тұрмысқа шықпас бұрын жігітінен көлігінің бар-жоғын, баспана мәселесін барлап, кейін бөлек шығу талпынысын жасырмайды. Көпке топырақ шашпайын, алайда осымен келіскен жөн болар. Ал, жігіттер жағы ибалы, инабатты, ақылы көркіне сай, бір сөбен айтқанда, иманды қыз іздейді. Бұл түсінікті жағдай...
Осыдан бірнеше күн бұрын іс-сапармен ауылдық жерге бардым. Түскі ас барысында әлгі туысымның ата-анасы ағайын туысты жинап, кенже ұлын үйлендірмекке ақылдастық жасады. Алысқа хат жібертіп, жақыннан ат алдыртып, ұлдарына тәрбиелі үйдің, өнген өскен қызын алып берудің жөн жоралғыларын жасасты. Болашақ құдаларына қыз айттырып баруды жөн санап, ат басын бұрды. Бұл нағыз қазақы дәстүрдің қаймағының бұзылмағанын көрсетеді. Мұндай салттың ауылы суып бара жатыр ма деп қаласың кейде.
Қоғамда кейбір ата-аналар бала есейе бастағанда жар таңдауды өз еріктеріне қалдырып, еркін көзқарас шеңберінде тәрбиелейді. Тіпті, кейде «үйленетін сен, өзіңе ұнаса болғаны» деп әңгіме арасында айтады. Мұны естіген жас буын жүректің сұлулығына емес, бір сәттік алдамшы сезімге еріп кететіні тағы бар. Иә, балаға жақсы тәрбие беріп, бағып-қағып, оқытып, тіпті жұмысқа да орналастырып береді. Бұл әке-шешенің парызы делік. Онда неге үйленуге келгенде осалдық танытады. Қадағалаусыз некенің салдары ажырасуға итермелейді. Яғни, баланың жартылай жетім, жас ананың жесір, әкенің алимент төлеуіне алып келеді. Мұндай жағдай ауданда да жиі ұшырасады екен. Мәселен, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінде жыл басынан бері жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 264 неке қию орын алса, соның ішінде 60-тан астам неке бұзу фактісі тіркеліпті. Бұл тек қағаз жүзінде тіркелген анықтама. Сонда әрбір бесінші неке ажырасуға алып келеді. Бір қуантарлығы бұл көрсеткіш былтырға қарағанда тоғыз пайызға азайған. Жігіттер намыс, қыздар ар-ұят деген ұғымнан алшақтап жатқандай көрінеді.
Айта берсе себеп те, сылтау да көп, сондықтан әрбір ана мен әке бала ертеңі үшін ойланып әрекет еткені абзал. Қазіргі жастар мейірімділік, ортақ мүдде, болмыс деген ұғымға оң көзбен қарауға тиіс. Оның сырын түсіндірудің қажеті болмас.
Түйін. Жалпы ер-азаматтарға құлақ қағыс болсын. Қазақта: «Жақсы әйел басыңа қарайды, жаман әйел жасыңа қарайды» деген тәмсіл бар. Осыны естен шығармаған жөн болар. Біздікі айту, ой салу, арғы жағы өз қолыңызда, яғни, қандай жар таңдау керектігі жүрегіңіз сезер. Кемшіліксіз адам болмайды, бірақ қазақтың әрбір қызы сүюге, ана болуға лайық, жігіттері отбасы емес, Отан қорғауға дайын.
03 маусым 2018 ж. 1 669 0