№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАЙДАСЫҢ, ТАКСИ ТҰРАҒЫ?

ҚАЙДАСЫҢ, ТАКСИ ТҰРАҒЫ?


Соңғы уақытта көлік санының артуы қоғамдық мәселеге айналды. Көшенің қос жағалауын рұқсатсыз тұрақ еткендердің салдарынан көшелер тарылып барады. Орталық базар маңынан көлік қоярға тұрақ таппай сабылатынымыз ақиқат. Жаңақорған кентінде көлік тұрақтары бар ма? Бар болса олар талапқа сай ма? Көше бойында бейберекет тұрған көлік иесі неге жауапкершілікке тартылмайды? Көлік иелері нені білген жөн? Осы сұрақтарды тиісті сала мамандарының алдына көлденең қойған едік.


АРНАЙЫ ТҰРАҚТАР НЕГЕ БОС?

Кентте такси тұрағының тиімсіз жерде орналасуы халыққа ыңғайсыздық туындатып отыр. Ресми деректерді сөйлетсек, кентте жеті тұрақ бар, оның бірі Амангелді көшесінің бойында, «Хан» кафесінің маңында орна­ласқан. Базарлай келген жолаушыларға арналған тұрақ «Нұр» базарының қақпасы­нан жарты шақырым арыда тұр. Базардан азық-түлік, керек-жарақты арқалап такси тұраққа жету оңай емес. Дәл сол секілді Мұсаханов көшесі мен орталық алаң маңында, Құрман­ғазы көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында, Б.Майлин көшесі №97 үй мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысында, Хорасан ата көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысындағы кіші саябақ маңында, Б.Майлин көшесі №8 үй мен А.Құнанбаев қиылысындағы ашық жерде автотұрақтар орналасқан.
Осы мәселеге орай Жаңақорған ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жол­да­ры бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаевқа сауал жолдадық. Бөлім басшысы тұрақтар­дың мәселесіне әбден қанық екенін, оны шешудің бірнеше жолын қарастырып жатқанын жеткізді. Әсіресе, Амангелді көшесіндегі сауда үйіне тоқтайтындардың белгіленбеген орынға көлік қойып, жолды тарылтып тұрған жағдайды шешудің түрлі жолы қарастырылуда екен. Біріншіден, осындағы алты бірдей сала орналасқан үш этажды ғимараттағы қызметкерлердің көлігін ғимараттың артындағы ашық жерге орналастыру қажеттігін алға тартты. Ол үшін қажетті құжаттар әзірлеп, жолын реттеу керек. Екіншіден, ауыл-аймақтардан келген көліктер тұрағы белгіленуі тиіс. Үшіншіден, «Жаңақорған автобекетінің» кең алаңын ақылы тұраққа айналдыру уақыт тала­бы. Төртіншіден, «Нұр Отан», «Жаңақорған тынысы», «Қамқоршы», аудандық сот, «Халық банк» мекемелерінің алдына көлік қоюға тыйым салынады. Міне, осылайша көшедегі көліктердің тұрағын реттеуге болады дейді.
Рас, орталықта тұрақтар тиімсіз жерде орналасқандықтан келген көліктер Амангелді Иманов көшесінің екі жағына жағалай аялдап, сол маңдағы мекемелердің жұмысы­на кедергісін тигізіп келеді. Осындай жағдайлардың қолайсыздығы жөнінде «Ха­лық банк» АҚ аудандық бөлімшесінің бас­қарма басшысы Алмат Наурызбаев: «Тұрғындар көп жағдайда көліктерін ретсіз қойып инкассаторлардың жұмысына кедер­гі жасайды. Тұрғындарға бұл маңға көлік қоюға мүлдем тыйым салынатыны жайында түсіндіріп жүрміз. Жол жөндеу кезінде арнайы белгісі қайта орнына қойылмады. Бұрылу сызығы болмағандықтан инкассаторлар көлігі пошта маңынан бұрылып келуге мәжбүр. Бұл олардың жол қаупін ұлғайтып отыр», – деді.
Расында, біздің көлік жүргізушілердің көбі осы маңда көлік қоюға болмайтынын біле бермейді. Дегенмен, олардың да айтар өз уәжі бар. «Тұрғындарға тиімді тұрақ ашып, арнайы орындар белгілесе, халық та соған үйренер еді» дейтіндердің де талабы орынды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Халық көп шоғырланатын аймақтың бірі – «Заңғар» мен «Береке» сауда орталығы. Мұндағылар ертелі-кеш көлік кептелісінен көз ашпайды.
– Күніне мұнда 3000-нан аса көлік кіріп-шығады десек, 100 теңгеден төленсе де, әжептәуір қаржы түседі. Түскен қаржыны тұрақты автоматтандыру ісіне жұмылдырса кент те дами түспек. Камералық бақылау бар жерге сеніммен көлікті қоюға халық та ынталы», – дейді кент тұрғыны Мұратбек Рыспанбетов.
Іздестіре келе, бұл жер телімі жеке кәсіпкерге тиесілі екенін білдік. Жер иесі Құрбанқожа Жиенқожаев: «Бұл жерді ашып, екі қапталды жол жүруге мүмкіндік жасағаныммен, болашақта өзге мақсатқа бағыттауымыз мүмкін. Әзірге сауда жүрсін, әрі біздің сауда үйімізге еркін келіп-кетсін деп халыққа мол мүмкіндік жасадық. Такси тұрағын ашу үшін де көп құжат әзірлеу, рұқсат алу, бизнес жоспар түзу керек, – дейді.
Такси қызметін көрсететін «Алло» жедел таксиінің жүргізушісі Қанат Жандарбек: «Ауданда таксистер салық комитетіне тіркеліп, белгілі мөлшерде салық төлеуде. Яғни, ортақ қазандыққа қаражат құйып тұрғандықтан, көпшілік орындарда тұрақтар тегін болуы тиіс. Мәселең, 600 теңгемен 4 адамды орталыққа жеткізсек, тұраққа 100 теңге төлесек, жанармай құйсақ, сонда қалтада тиын қалмайды. Көліктің қосалқы шығындары, бөлшектерін ауыстыру секілді шығындар бар. Тұрақты ақылы етсе, онда көлік қызметі де екі есе қымбаттауы мүмкін», – деген базынасын айтты.
Көлік тізгіндеген ару Қалампыр Ақберен: «Базардың алдындағы көшенің жағалауында жеміс-жидек, ұсақ-түйек сататын саудагерлер тізіліп тұр. Оған қоса, көліктер де бей-берекет орналасып, адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіреді. Сондықтан осы маңдағы саудагерлерді базардың ішкі жағына ауыстырып, көліктердің тұруына тыйым салса екен», – дейді.

ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ НЕ ДЕЙДІ?

Кенттегі Амангелді Иманов көшесін кеңейту жұмыстарынан кейін төрт жолақты жолға айналды. Бірақ көліктердің жол шетіне ретсіз қойылу себебінен жол қозғалысына кедергі келуде. Осы мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлыбек Қордабаевтың өз айтары бар:
– Кент құрылысын түзгенде көптеген мәселелерді ескермеген секілді. Жеті тұрақ орны бегліленгенімен, халық ол маңға тұрақтауы тиімсіз. Кентте кәсіпкерлік мақсатта көптеген ғимараттар бой көтеріп жатыр. Десе де, құрылыс нысандарының жобасын сызғанда құзырлы органдар жергілікті жол полициясымен бірлесіп, тұрақ мәселесін ақылдасса, келешекте көлік кептелісінің алдын алар ма едік? – дейді.
Жол кептелісін сөз еткенде мына бір жәйтті айту керек. Жол ережесі туралы заңда аялдама маңына 30 метр қашықтыққа дейін такси тұруға болмайды. Бірақ Амангелді көшесі­нің бойында аялдамалар алынып тасталғандықтан көліктер кез-келген жерге аялдайды.
Кең аумақты алып жатқан кенттегі жол қозғалысы жайлы әкімшілік полиция бөлімшесінің автоинспекторы Сұлтанахмет Абуов: «Жолда келе жатқан көліктің жылдамдығын нақтылайтын камералар жоқтығынан, «гончиктерге» тосқауыл бола алмай келеміз. Бұрынғыдай радармен бақыланбайтындықтан жастар жылдамдықты асырып, заңды белшеден басады. Бізге ең алдымен заманауи жол камералары қажет», – деді.
Мегаполистерде «Сергек» камерасы арқылы табыс тауып жүрген кәсіпкерлер бар. Айыппұлдың белгілі мөлшері жеке кәсіпкерлердің жеке шоттарына түсіп, табысын еселейді. Бұған біздің кәсіпкерлер ойлану керек секілді. Біріншіден табысын еселейді, екіншіден, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, қауіпсіз өмірге үлес қосады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
19 қазан 2024 ж. 487 0