№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Такси тұрағы: қалай, қашан шешімін табады?

Такси тұрағы: қалай, қашан шешімін табады?


«Етігім тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?» деген аталы сөз бар. Осы мақалдың өңін ауыстырып «жердің кеңдігінен не пайда, көлікке орын таппасаң» десең қалай болады? Әсіресе, бұл сөз «Нұр» базарына келген әрбір көлік жүргізушісіне қарата айтылғандай. Жаңақорған кентінде көлік тұрақтары бар ма? Бар болса олар талапқа сай ма? Көше бойында бейберекет тұрған көліктер неге жауапкершілікке тартылмайды? Көлік иелері нені білген жөн? Осы сұрақтарды тиісті сала мамандарының алдына көлденең қойған едік.


ЖЕТІ ТҰРАҚТА КӨЛІК НЕГЕ ТҰРАҚТАМАЙДЫ?

Жаңақорғанда басты мәселелердің бірі – такси тұрағының тиімсіз жерде орналасуы. Кенттегі жеті тұрақтың бірі – Амангелді көшесінің бойында, «Хан» кафесінің маңында орналасқан. Базарлай келген жолаушыларға арнал­ған тұрақ базардың қақпасына дейін жарты шақырымнан асады. Базардан азық-түлік, керек-жарақты арқалап такси тұраққа жету оңай емес. Дәл сол секілді Мұсаханов көшесі мен Орталық алаң маңындағы, Құрманғазы көшесі мен Тәуелсіздің көшесінің қиылысы «Қызыл Диірмен» жанындағы ашық жер, Б.Майлин көшесі №97 үй мен Тәуелсіздік көшесін қиылысындағы ашық алаң, Хорасан ата көшесі мен Тәуелсіздік көшесіні қиылысындағы кіші саябақ маңы, Б.Майлин көшесі №8 үй мен А.Құнанбаев қиылысындағы ашық жерде автотұрақтар орналасқан.
Тұрақтардың мән-жайын білмекке Жаңақорған ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаевқа сауал жолдадық. Бөлім басшысы тұрақтардың мәселесіне әбден қанық екенін, оны шешудің бірнеше жолын қарастырып жатқанын жеткізді. Әсіресе, Амангелді көшесіндегі кеңейтілген жолдың екі бүйірінен қысып, жолды тарылтып тұрған жағдайды шешудің түрлі жолын ұсынды. Біріншіден, ескі емхананың ғимаратында орналасқан 6 бөлімнің қызметкерлерінің көлігін ғимараттың артындағы ашық жерге орналастыру қажеттігін алға тартты. Ол үшін қажетті құжаттар әзірлеп, жолын реттеу керек. Екіншіден, ауыл-аймақтардан келген көліктерді бұрынғы құғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішінің орнына жайғастыру орынды шешім. Үшіншіден, «Жаңақорған автобекетінің» кең алаңын ақылы тұраққа айналдыру уақыт талабы. Төр­тін­шіден «Нұр Отан», «Жаңақорған тынысы», «Қамқоршы», аудандық сот, «Халық банк» мекемелерінің алдына көлік қоюға тыйым салу. Міне, осылайша көшедегі көліктердің тұрағын реттеуге болады.
Орталықта тұрақтар тиімсіз жерде болғандықтан, орталыққа келген көлік жүргізушілер Амангелді көшесінің екі жағына қоюға мәжбүр. Бұл сол маңдағы мекемелердің жұмысына өз кедергісін тигізеді. Осындай жағдайға тап келген «Халық банк» АҚ аудандық бөлімшесінің басқарма басшысы Алмат Наурызбаев: «Тұрғындар көп жағдайда көліктерін ретсіз қою салдарынан инкассаторлардың жұмысына кедергі жасайды. Тұрғындарға бұл маңға көлік қоюға тыйым салынғаны жайында түсіндіріп жүрміз. Бұрын белгісі болған еді, жол жөнделгенде алып тасталды. Бұрылу сызығы болмағандықтан инкас­саторлар көлігі пошта маңынан бұрылып келуге мәжбүр. Бұл олардың жол ұзақтығы мен қаупін ұлғайтып отыр», – деді.
Расында, біздің көлік жүргізушілердің көбі осы маңда көлік қоюға болмайтынын біле бермейді. Дегенмен, олардың да айтар өз уәжі бар. «Тұрғындарға тиімді тұрақ ашып, арнайы орындар белгілесе, халық та соған үйренер еді» дейтіндердің де талабы орынды.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Халық көп шоғырланатын аймақтың бірі – «Заңғар» мен «Береке» сауда орталығы. Мұнда қолжетімді бағада азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар алуға қолайлы. Осында келген көпшілік «Береке» сауда үйнің маңында қатарластыра көлік қояды. Кент тұрғыны Мұратбек Рыспанбетов осы жерді «ақылы тұрақ» етіп, әрі қауіпсіздікті күшейтсе, қыруар табыс болатынын айтады. Ол: «Күніне мұнда 3000-нан аса көлік кіріп-шығады десек, 100 теңгеден төленсе, әжептәуір қаржыны түседі. Түскен қаржыға тұрақты автоматтандыру ісіне жұмылдырса кент те дами түспек. Камералық бақылау бар жерге сеніммен көлікті қоюға халық ынталы емес пе?», – деген ойын жеткізді.
Іздестіре келе, бұл жер телімі жеке кәсіпкерге тиесілі екенін білдік. Жер иесі Құрбанқожа Жиенқожаев: «Бұл жерді ашып, екі қапталды жол жүруге мүмкіндік жасағаныммен, болашақта өзге мақсатқа бағыттауымыз мүмкін. Әзірге сауда жүрсін деп, әрі біздің сауда үйімізге еркін келіп-кетсін деп халыққа мол мүмкіндік жасадық. Такси тұрағын ашу үшін де көп құжат әзірлеу, рұқсат алу, бизнес жоспар түзу керек, – деді ол.
Такси қызметін көрсететін «Кәусар» жедел таксиінің жүргізушісі Қанат Жандарбек: «Ауданда таксистер салық комитетіне тіркеліп, белгілі мөлшерде салық төлеуде. Яғни, ортақ қазандыққа қаражат құйып тұрғандықтан, көпшілік орындарда тұрақтар тегін болуы тиіс. Мәселең, 400 теңгеге 4 адамды орталыққа жеткізсек, тұраққа 100 теңге төлесек, жанармай құйсақ, сонда қалтада тиын қалмайды. Көліктің қосалқы шығындары, бөлшектерін ауыстыру секілді шығындар бар. Тұрақты ақылы етсе, онда көлік қызметі де екі есе қымбаттауы мүмкін», – деді такси қызметінің шығындарын тізіп.
Көлік тізгіндеген ару Қалампыр Ақберен: «Базардың алдындағы көше­нің жағалауында жеміс-жидек, ұсақ-түйек сататын саудагерлер тізіліп тұр. Оған қоса, көліктер де бей-берекет орналасып, адамдардың жүріп-тұруына кедергісін келтіреді. Сондықтан осы маңдағы саудагерлерді базардың ішкі жағына ауыстырып, көліктердің тұруына тыйым салса екен», – деді.

ЖОЛ ПОЛИЦЕЙІ НЕ ДЕЙДІ?

Кенттегі Амангелді Иманов көшесін кеңейту жұмыстарынан кейін төрт жолақты жолға айналды. Бірақ көлік­тердің жол шетіне ретсіз қойылу себебінен жол қозғалысына кедергі ке­луде. Осы мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подпол­ковнигі Айбол Жолдасбаевтың өз айтары бар:
– Кент құрылысын түзгенде көптеген мәселелерді ескермеген секілді. Жеті тұрақтың белгісі тұрағанымен, халық ол маңға тұрақтауы тиімсіз. Қазірде кәсіпкерлік мақсатта көптеген ғимараттар бой көтеріп жатыр. Десе де, құрылыс жобасын сызғанда жергілікті жол полициясымен бірлесіп, тұрақ мәселесін ақылдасса, келешекте көлік кептелісінің алдын алар ма едік? – деді.
Жол кептелісін сөз еткенде мына бір жәйтті айту керек. Жол ережесі туралы заңда 30 метр такси тұруға болмайтын заң бар. Бірақ Амангелді көшесінің бойында аялдамалар алынып тасталғандықтан көліктер кез-келген жерге аялдайды.
Кең аумақты алып жатқан кентте 4 ғана жол полициясының болуы да тиімсіз болып тұр. Таң атысымен жол қозғалысын реттеуге шығатын құқық қорғаушылар арқасында көлік оқиғасының алдын алуда үлес қосуда. Әкімшілік полиция бөлімшесінің авто­инспекторы Сұлтанахмет Абуов: «Жол­да келе жатқан көліктің жылдам­дығын нақтылайтын камералар жоқтығынан, «гончиктерге» тосқауыл бола алмай келеміз. Бұрынғыдай радармен бақы­ланбайтындықтан жастар жыл­дамдықты асырып, заңды белшеден басады. Бізге ең алдымен заманауи жол камералары қажет», – деді.
Мегаполистерде «Сергек» камерасы арқылы табыс тауып жүрген кәсіпкерлер бар. Айыппұлдың белгілі мөлшері жеке кәсіпкерлердің жеке шоттарына түсіп, табысын еселейді. Бұған біздің кәсіпкерлер ойлану керек секілді. Біріншіден табысын еселейді, екіншіден, жол-көлік оқиғаларын алдын алып, қауіпсіз өмірге үлес қосады.

Мақпал МАРҚАБАЙ

04 қараша 2020 ж. 700 0