№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Такси қызметі талапқа сай ма?

Такси қызметі талапқа сай ма?


Күн сейсенбі. Газетті жоспарлап, бағыт-бағдарымызды айқындайтын жиналыс болғандықтан уақытылы келу маңызды. Асығып таксиге отырдым. Жүргізуші көлікті баппен айдағандықтан ба, әлде көліктің көптігінен бе, әйтеуір жұмысқа жетіп болмадық. Иә, «Халық банктің» қасындағы бағдаршам қызыл жанғанда Алматы қаласындағы кептеліс ойыма келді. Алдымызда 15-20 көлік тұр. Әр бағдаршамда тұрғанды қосқанда 20 минутымды жоғалттым. Содан ауданда қанша көлік бар, такси қызметінде қанша көлік бар деген сауал туындап, соған жауап іздедім.


Аудандық полиция бөлімінің мәлі­метінше, ауданда 20 386 көлік бар. Оның 8 мыңы жүк көлігі болса, 12 мыңнан аса жеңіл көлік бар. Соңғы 2-3 жылда ресейлік нөмірмен жүретін көліктің саны да едеуір артты.
Әрине, көлік санының артқаны халықтың әлеуметтік ахуалынан хабар беретіні сөзсіз. Екінші жағы, такси қызметі арқылы отбасылық әлеуетін арттырып отырғандар да бар. Мәселен, Қызылорда қаласына күніне 90 такси қатынаса, Түркістан қаласына 40-50 көлік такси қызметін ұсынады. Тіпті, Шиелі кентіне 10-15 көлік сервистік қызмет көрсетеді. Жаңақорған кенті мен ауыларалық такси қызметінің шеті мен шегін білмейміз. Бұл жөнінде Жаңақорған аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Талғат Мұстафаевтан сұрап көрдік.
– Ауданда жалпы 320 такси ха­лыққа қызмет етеді. Оның 120 ғана заңды тіркелген. Әлбетте, заңды тіркелмегендері қанша? Көбіне, такси жүргізушілері салық төлеуден қашады. Такси қызметімен айналысатындар, алдымен, басқармаға келіп жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Себебі салық төлемей, еш жерде тіркеусіз жүргендердің әрекеті заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі – жолаушылардың қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің бір кепілі. Заңсыз жолаушы тасымалы қаншама елді мекенде автобустың қысқаруына, әлеуметтік деңгейдің төмендеуіне, мемлекет бюджетінің салық түсімінің азаюына себепші болып отыр, – деді бас салықшы.
Қалай болғанда да, таксиді жүргізуші де, оны тұтынушы да – қарапайым халық. Дерек-дәйектермен зерделесек, жергілікті халықтың 70 пайыздан астамы жеке жеңіл көліктердің қызметіне жүгінеді. Әйткенмен адам өміріне қауіп төндіретін қатердің басым бөлігі осы автокөліктен келетін апаттар екенін тағы жоққа шығара алмаймыз. Ресми мәліметтерді келтірсек, 2020 жылы республика бойынша 11149 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қайғылы оқиғалардың салдарынан 3000-ға жуық адам ажал құшып, 13 мыңы ауыр жарақат алған (мұның ішінде такси қызметінің үлесі басым). Ал, ауданымызда былтырғы жылы 31 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, одан 42 адам жарақаттанып, 8 адам көз жұмған. Биылғы жылдың үш айында 9 жол көлік оқиғасы орын алыпты.
Бұл әлбетте заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатындар арасында заңсыз жолаушы тасымалынан туындайды. Себебі, қазір көлігі бар кез келген адам такси қызметін көрсете алады. Олардың көпшілігі такси қызметін өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қажетті пайда көзіне айналдырған. Дұрыс, жұмысын істесін, ақшасын тапсын. Алайда, қоғам мен мемлекет үшін ең алдымен адам саулығы маңызды, сосын ортақ қазынаға салықтың түскені жақсы. Кенттегі Амангелді Иманов көшесін кеңейту жұмыстарынан кейін төрт жолақты жолға айналды. Бірақ көліктердің жол шетіне ретсіз қойылу себебінен жол қозғалысына кедергі келуде. Осы мәселеге байланысты аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Айбол Жолдасбаевтың өз айтары бар:
– Кент құрылысын түзгенде көптеген мәселелерді ескермеген секілді. Жеті тұрақтың белгісі тұрғанымен, халық ол маңға тұрақтауы тиімсіз. Қазірде кәсіпкерлік мақсатта көптеген ғимараттар бой көтеріп жатыр. Дегенмен құрылыс жобасын сызғанда жергілікті жол полициясымен бірлесіп, тұрақ мәселесін ақылдасса, келешекте көлік кептелісінің және жол көлік оқиғасының алдын алар едік, – дейді.
Такси туралы толғауымыздың төркіні осыдан шығып отыр. Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз, тек жүргізуші куәлігін сатып алып, көлік тізгінін оңды-солды айдайтындар да аз емес. Қазір еліміздің барлық өңірінде такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Қай кезде болса да қолжетімді бағаға барар жеріңе уақытында жете аласың. Алайда олардың барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген. Сондай-ақ, бірлі-жарым таксилер болмаса, көбі ала-құла, таксометрсіз, сыртқы түрлерінің стандарты сай келмейді. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Айталық, АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті такси, Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде mercedes маркалы такси қол астыңызда дей беріңіз, қарапайым халыққа жақсы жағдай жасап қойған. Кез келген уақытта қызмет көрсетуге сақадай сай тұр.
Ал біздегі такси қызметінің сапасы қандай? Қазір ірі қалаларда, облыс орталықтарында таксиді бір стандартқа келтіру науқаны жүріп жатыр. Оны көзімізбен көріп те, құлағымызбен естіп те жүрміз. Алайда, біздің ауданымыздағы такси қызметінің әлі де бір жүйеге келмей, оңды-солды жұмыс істеп жатқанын көргенде қынжылатынымыз анық. Сол себепті біз осы мәселені хал-қадірімізше қаузап жазу мақсатында Жаңақорғанның әр түкпірінде шоғырланып тұратын заңсыз такси тұрақтарына баруды жөн санадық. Әуелі, жолаушысын іліп әкететін заңсыз таксистерге тоқталайық. Жаңақорғанда басты мәселелердің бірі – такси тұрағының тиімсіз жерде орналасуы. Кенттегі жеті тұрақтың бірі – Амангелді көшесінің бойында, «Хан» кафесінің маңында орналасқан. Базарлай келген жолаушыларға арналған тұрақ базардың қақпасына дейін жарты шақырымнан асады. Базардан азық-түлік, керек-жарақты арқалап такси тұраққа жету оңай емес. Дәл сол секілді Мұсаханов көшесі мен Орталық алаң маңындағы, Құрманғазы көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысы «Қызыл Диірмен» жанындағы ашық жер, Б.Майлин көшесі №97 үй мен Тәуелсіздік көшесі қиылысындағы ашық алаң, Хорасан ата көшесі мен Тәуелсіздік көшесінің қиылысындағы кі­ші саябақ маңы, Б.Майлин көшесі №8 үй мен А.Құнанбаев қиылысындағы ашық жерде автотұрақтар орналасқан екен.
Осы мәселе тұрғысынан кент әкімі Сардар Садықовпен қабарласып, мән-жайды білген едік.
– Негізі, бұл түйткілді мәселенің түп негізі – жан-жаққа қатынайтын таксилерге арнайы жер телімін бөліп, автотұрақ салынбауында. Біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Қазіргі уақытта кенттегі такси жүргізушілерімен келіссөздер жүргізіп, ортақ келісімге келеміз деп ойлаймын. Әзірге, олар тұрақтап қалған жерлерінен кеткісі жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселе өз шешімін табады деп есептеймін, – дейді.
Қарап отырсақ, мұның барлығы жасырын жолаушы тасымалымен айналысатындар санының көбеюіне байланысты болып отыр. Бәлкім оларға «бұл қалай?» дейтін, жолаушы тасымалын реттейтін жергілікті полиция, транспорт органдарынан бақылау жұмысы жет­кілікті жүргізілмеуінің салдары ма? Таксистер кез келген уақытта жолаушы тасымалымен айналысып, ешқандай салық төлемей, көлігін техникалық тексеруден өткізбей жүре береді. Олардың басым бөлігінде жолаушы тасымалымен айналысуға рұқсат ететін құжаттары да жоқ. Тұрақтардың мән-жайын білмекке Жаңақорған ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің Қайрат Сапарбаевтан көкейдегі мәселеге жауап сұрадық.
– Елімізде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетін таксистерге тосқауыл қою үшін арнайы рейдтер жүргізіліп тұрады. Тексеріс нәтижесінде көлік жүргізушілерінің басым бөлігінде жолаушы тасуға рұқсаты болмай шығады. Көліктері де талапқа сай емес. Тек, мына пандемияға байланысты рейдке шығып, нақты шаралар жасай алмай отырмыз. Бірақ, алдағы уақытта заңсыз такси қызметін сұрыптап, бір жүйеге келтіріп, арнайы тұрақтарға ғана тұрғызуға жұмыс жасаймыз. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Әсіресе, Амангелді көшесіндегі кеңейтілген жолдың екі бүйірінен қысып, жолды тарылтып тұрған жағдайды шешудің түрлі жолын ұсынды. Біріншіден, ескі емхананың ғимаратында орналасқан 6 бөлімнің қызметкерлерінің көлігін ғимараттың артындағы ашық жерге орналастыру қажеттігін алға тартты. Ол үшін қажетті құжаттар әзірлеп, жолын реттеу керек. Екіншіден, ауыл-аймақтардан келген көліктерді бұрынғы құғын-сүргін құрбандарын еске алу ескерткішінің орнына жайғастыру орынды шешім. Үшіншіден, «Жаңақорған автобекетінің» кең алаңын ақылы тұраққа айналдыру уақыт талабы. Төртіншіден «Нұр Отан», «Жаңақорған тынысы», «Қамқоршы», аудандық сот, «Халық банк» мекемелерінің алдына көлік қоюға тыйым салу қажет. Міне, осылайша көшедегі көліктердің тұрағын реттеуге болады, – дейді ол.
Осы ретте такси жүргізушілерінің айлық табысы шамамен қанша деген заңды сұрақ туындайды. Мұны білу үшін таксистерден сыр тартып көрдік. Журналист екеніңді білсе, көбінің именіп қалатыны бар. Сондықтан қарапайым жолаушы кейпіне ендік. Hyundai Accent мінген Марат мырза пандемияға дейін өзге елде қызмет еткен, айлық ақысы 400 мың теңге шамасында екенін білдік. Алайда, карантиннің әсерінен жұмыстан босап, көлік жүргізуге түбегейлі көшкенін жеткізді.
– Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патент алу тиімді емес. Себебі көліктің бұзылуынан және заңсыз жолаушы тасымалдайтын жүргізушілердің бәсеке­лестік туғызуынан үкімет белгілеген айлық есептік көрсеткіш мөлшерін уақытылы төлеу қиынға соғады. Оның үстіне қарапайым халық заңды ма, заңсыз ба көлік талғамайды. Тек діттеген жеріне жетсе болғаны. Көшеге шығып, қол көтерсең болды кез келген көлік тоқтай қалады. Қазір не көп таксист көп. Күнделікті тапқан 5-10 мың теңгені үкіметке төлейміз ба, бала-шағамызға апарамыз ба, – дейді Марат.
Иа, көлік жүргізушінің сөзіне қарап отырсаң, орынды. Әрі мемлекеттік сана орнамай, ұлттық қазынаға қаржы түсірудің деңгейі артпайтынын білгендей болдық. Осы уақытқа дейін такси қызметін заңдастыруға байланысты бастамалар бірнеше рет көтерілді. Бірақ сәтті бола қоймады. Қазір жолаушылар автобусы жүрмейтін, тұрғындары аудан, облыс орталығына тек таксимен қатынайтын ауылдар бізде аз емес. Біздің ауданда 26 ауылдық округ болса, қазір Байкенже елді мекеніне ғана автобус қатынайды. Бұған ауыл таксистерінің ықпалы зор. Қалай дейсіз бе, байкенжелік таксистер автобус жүрмей тұрып адам жинамайды. Тек автобустан қалып кеткен ауылдастарына қызмет көрсетеді. Ал бізде мұндай игі тәртіптің қалыптасуына пайдакүнемдікке деген пиғылымыз жібере бермейді.
Ірі ауылдардың бірі Төменарық ауылдық округінің салықшы маманы Айқынбек Көгенбаевті сөзге тарттық.
– Бұл өте өзекті мәселе. Біздің ауылда 11 көлік қана заңды тіркелген. Олар уақытылы салығын төлеп, медициналық тексеруден өтіп тұрады. Бізде вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер, бір ай демалысында ауданға такси болып қатынап, қосымша табыс тауып жатады. Қалаберді аудан орталығына және басқа жерлерге жол жөнекей алып кетіп жатады. Енді, тұрғындардың жағдайына қарап қоғамдық көлік шығардық. Алайда, барлығы таксиге мініп кетеді. Автобуска адам табылмай қалады. Соған қарағанда халықтың жағдайы көтергеннен кейін, әркім өзіне тиімді жағын қарастырады, – деп өз ойын жеткізді.
Бұдан бөлек кент орталығына жақын орналасқан, ары-бері көлік тоқтаусыз қатынап жатқан Шалқия ауылдық округінің әкімі Маулен Сабырқановпен сөйлесіп, біраз жайтқа көз жеткіздік.
– Бізде 10 такси жүргізушісі ғана заңды тіркеліп, ай сайын мемлекетке салық төлейді. Қалғандары тіркелмеген. Көбіне шахтада жұмыс істейтін азаматтар да вахтадан шыққаннан кейін жол-жөнекей адам алып кете береді. «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ басшыларына хат жолдап едік, олар жұмысшыларға жұмыстан тыс уақытта ешқандай шара қолдана алмайтынын жеткізді. Оның үстіне, онлайн режимге көшкелі мектептің ер мұғалімдері де адам тасымалына ден қойып жүр. Біз өз тарапымыздан халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жиналыс та жасап жатырмыз. Кез келген адам таксиге мінсе де, дүкенге барса да чек талап етуі керек. Сонда ғана бұл мәселе өз шешімін табады. Ал, алдағы уақытта арнайы жолаушылар көлігін шығарып, белгілі маршруттар бекітуді қолға алып жатырмыз. Бұл іс өз шешімін тапса, тұрғындарға да көп көмек болатыны сөзсіз, – деді ол.
Міне, байқағанымыздай, жолаушы­лар тасымалы саласы бойынша жауапты мекемелер жұмыс жасап жатқанымен, бүгінде облыс орталығы мен аудандар арасында заңды түрде тіркелмеген жеке меншік тасымалдаушылардың саны көп. Осы тақырыпты зерттеу мақсатында әлеуметтік желідегі такси группаларға тіркелдім. Мұнда қайнап жатқан өмір. Бірі қаладан ауылға, бірі ауылдан қалаға, енді бірі ауыл арасына такси іздеп әуре. Әлеуметтік желіге такси жүргізушісі де қарапайым халық та тіркелген. Әр минут сайын телефоныма хабарлама келіп, жолаушы мен жүргізушіден хабар алып отырдым. Міне, өзім көрген осындай жағдайға қарап, ашық алаңда табыс тауып отырғандарға құзырлы органдар тосқауыл қойып, заң аясында қызмет етсе дейсің...

Әсел РЗАЕВА
28 сәуір 2021 ж. 910 0