Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала кітабы қолжетімді ме?

Бала кітабы қолжетімді ме?


Абай Құнанбайұлының "Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге" деген өлең жолдарын бала санасына құюға әркім де құштар. Баланың көңіл көкжиегін кеңейтіп, жаңа туындылармен толтыруға тырысқанымызбен кітап бағасының қымбаттығы қолбайлау болып тұр.


Шыны керек, кітап жайлы сөз еткенде, алдымен Ахмет Байтұрсынұлынан мұра болып жеткен «Әліпбиі» тілімізге оралады. Сол әліппеден алғаш сауат ашқан қаншама ғалым, қаншама талантты тұлғалар елге қызмет етіп отыр десеңізші! Кітап мазмұн мен тіл сындыруға қолайлылығымен құнды еді. Тіпті қаншама жыл өтсе де Әліппенің әр беті мен әрбір әрпі есімізде. Кейін сол мұраның орнын «Сауат ашу» мен «Балапан дәптері» басты. Әліппені қайта оралтуға жанды жұмыстар атқарылды. Енді көркем әдебиет тақырыбына келейік.
Мектеп бағдарламасынан тыс оқулық сатып алуға ниет еткенде ең алдымен қалтаңыз қомақты болсын. Соңғы жылдары шыққан, «алтынмен апталған, күміспен күптелген» балалар әдебиетін сатып алғыңыз келсе аудан орталығынан дүкен таба алмайсыз. Сізге қалаға бет түзеуге тура келеді. Соның өзінде көңілге қонымды дүниеге қол жеткізуіңіз де екіталай. Кітап сататын дүкендерден қазақ тілінде бала тілін, ой өрісін дамытуға бағытталған кітаптар кезіктіруіңіз мүмкін. Алайда олар да саусақпен санарлық.
Түркістан қаласын шарлап жүріп, балалар кітап дүкенін кезіктірдік. Сөрелердің басым бөлігі орыс тіліндегі «Ресейдің» баспасынан шыққан дүниелер екен. Негізінде біздің елде Ресейдің балалар әдебиеті жалпы кітап сатылымының 65 пайызын құрайтынына көз жетті. Жат елдің «жылтыры» өзіңді арбап, кітапты қолға алмасыңа қоймайды. «Веселые задания для малышей», «Золотая корона», «Сказка для малышей» секілді қолға түскен кітаптың бағасы да қолжетімді. Небәрі 150 мен 250 теңгенің аралығында. Орыс тілді болса да іштей «орысша үйрене берсін» деп қуанғаныңыздан аласыз.
Даңғарадай дүкенде қазақ тіліндегі балалар кітабына аядай бір бұрыш беріліпті. «Қазақ тілінде неге кітап қоры аз?» деген сауалға сатушының жауабы дайын екен. Өзбек ағам: «Бәрі осы, Көбінесе авторлар өзі әкеліп өткізеді. Біздің де бұл кітаптан түсірер пайдамыз тиын ғана » деді. Сол саусақпен санарлық оқулықтың бағасы да қолайсыз болып шықты. Орыс баспасындағыдай 200-300 теңге төңірегінде ешқандай қітап жоқ. Біссімілләсі 1000 теңгеден басталады. Абай мен Ыбырайдың балаларға арналған өлеңдер топтамасы 1100 теңге, қазақша мақал-мәтел 2500 теңге, халық ертегілері мен аңыздары топтасқан «Балаларға базарлық» айдарымен жарық көрген кітапшалар 2000 теңге. Ермек Өтетілеуұлының «Әй-әй» айдарымен шыққан төрт жолдық он өлең сыйдырып, суретпен әрлеген жинағы 500 теңге, осыған ұқсас дүниелер 1000 теңгеге жетіп жығылады. Ой өрісін дамытуға 3-5 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған «Ғажап тапсырмалар», «Сыйқырлы сандар» секілді журналдардың құны 1000 теңге. Балалар әдебиетшісі Сұлтан Қалиұлы мен Әділ Балтаның шағын брошюралары 550-800 теңге.
Ең қажетті, рухани құндылығы жоғары кітаптың да құны шарықтап тұр. Салт-дәстүр, ұлттық құндылық, туыстық қарым-қатынастар, ырым мен наным, тый­ымдар жайында жазылған «Ұрпаққа аманат» жи­нағының құны 4200 теңге тұрады. Жасөспірімдерге тәрбиелік һәм тағылымдық бағытта әдемі әңгімелер сыйлаған Байбота Серікбаевтың екі бөлімнен тұратын «Бәсіресі» 12000 теңге. Оқушыларға білімін арттыруға арналған «Сен білесің бе?» энциклопедиясы 6000 теңге тұрады екен.
Хош. Айта берсең құны шарықтаған кітаптар тізімі жалғаса береді. Мүмкін, қалтасы көтеретін жандар алып жатқан шығар. Алайда, күнкөрісі орташа отбасының балалары кітап сатып алып, оқып жүр дегенге сіз де сенбейтін шығарсыз. Біздің айтпағымыз, жалпыға бірдей балалар кітабын қолжетімді етудің қандай тәсілі бар? Қайткенде, балапандарымызды компьютердегі көгілдір әлемнен жарық сәулеге қарай жетелей аламыз? Көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасына кітап сатып алуға жеңілдіктер бола ма?

Мақпал МАРҚАБАЙ
05 қазан 2024 ж. 329 0