№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала болашағы – елдің ертеңі

Бала болашағы – елдің ертеңі


Біз өмір сүріп отырған уақыт – өзгермелі әлем. Өзгермелі әлем жаңалыққа толы. Әлем қанша өзгерсе де, мәні мен қажеттілігін жоймайтын бір құндылық, ол – білім сапасы. Тәрбие – тал бесіктен басталады. Өткен тарихымызға үңілетін болсақ дана халқымыз әуелден-ақ бала тәрбиесіне айрықша мән беріп, оны ата-ананың, қоғамның борышы санаған. Өйткені бала – болашақ иесі. Сол себепті келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік әрбірімізге қатал сын. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу елдік мәселе. Соңғы кездері бала тәрбиесі мәселесі күрделеніп бара жатқандай. Біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Елдің тұтқасын кім ұстайды? Осы сұрақтар қазір көптің көкейінде жүр.


Неге десеңіз, әлеуметтік желі былай тұрсын, өзіміз көзбен көріп жүрген жасөспірімдер қылығының шектен шығып бара жатқаны ойландырмай қоймайды. Яғни өрендердің өрескел әрекеттерге бой алдырып, бір-бірін аяусыз соққыға жығып, бейәдеп қылық танытуы жиілеп кетті. Ғаламтордың дамыған заманы ғой. Әр баланың қолында бір-бір смартфон, планшеттен бар. Түртіп қалсаң іздеген дүниенің барлығы шыға келеді. Сайып келгенде, бала не көргісі келеді көріп, өзімен-өзі тәрбиеленіп жатыр десек артық емес.
Осы орайда Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы еріксіз ойға оралады. Онда Найман-ана жайында хикая өрбиді. Жуандар жас сарбазды жорықта қолға түсіріп, шашын тақырлап алып тастайды. Одан соң басына түйенің терісін қаптап күнге қақтағанда бас терісі құрысып, ақыл-есін сорып алады. Содан адам баласы мәңгүрт болады. Құтқаруға қуып жеткен Найман-ананы баласы танымайды. «Құлынымдаған» ана даусына тіпті селт етпейді де. Садақпен атып қаза етеді.
Мәңгүрттіктің мәнісі осы. Оны қолдан жасау бүгін түк те қиын болмай қалды. Қазірде қалтафонсыз жастарды елестете алмайсың. Телефонға телмірген бала неше түрліні көреді. Бұрындары баланы даладан үйге кіргізе алмасақ, қазіргілер үйден шықпайды. Неге дейсіз бе? Барлығының қолында бір-бір телефон. Үлкендері түгілі кішкентайларының өзі осы әлемге арбалған. Сол себепті, ата-ана баланың не көріп, кіммен сөйлесетініне мән бергені дұрыс. Көн теріден мәңгүрт болған жағдайды білдік. Ал құлтемірдің мәңгүрттікке душар еткен көріністері көз алдымыздан өтіп жатыр. Бұған кім кінәлі?
Ол рас, қоғамда қай кезде болсын бала тәрбиесіне мұғалім жауапты деген көзқарас қалыптасқан. Тіпті олар бүгінде тасада тұрып, тас атқанды бақылап тұратын сақшының міндетін қоса жүктеп алғандай. Мұғалімге тексеруші, бақылаушы, жазалаушы кейіпте қараудан бас тартып, болашақты қалыптастырар тұлға ретінде қарау қажет-ақ. Өйткені ұстаз – баланың шырағын жағушы, білім нәрімен сусындатушы. Ал тәрбиені беретін – ата-ана. Мектеп пен ата-ана тығыз байланысты болу керек.
Қазір жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұр. Әйтеуір, жағаласып жан бағудамыз. Батыстың балағына, шығыстың шынтағына жармасып, әлемдік жарыстың көшінде келеміз. Мейлі, озық отыздыққа ендік делік. Бірақ сыртымыз жылтырағанымен, ішіміздегі түтін тұншықтырмай ма? Ажырасудың көптігі, некесіз бала, көкек ана, ең жаманы – келешекті сеніп тапсырар ұрпақтың азғындауы кез-келгенімізді алаңдатады. Жас буын заман талабына сай жаңаруы керек шығар. Бірақ, жөнсіздіктің бәрін жаһанданудан көрудің түк те мәні жоқ. Мұның барлығы ұлттық құндылықты ұмытқаннан шыққан дерт. Тәрбиенің басы «тәйт» еді, оны тыйдық. Жеткеніміз осы – батыстан келген жын-жыпырды жинап алдық. «Жаман болады, ұят болады, обал боладыны» ұмытып барамыз. Қазақ тәрбиенің бастауын «тәйттен», «обал боладыдан» тарқатқаны жөн болар.
Тәртіпсіз, тәрбиесіз бала қайдан шығады дейміз. Мойындауымыз керек, қазіргі қоғамда ата-аналардың жағдайы балаға тәрбие беруден гөрі күнкөріс қамынан аспай қалды. Яғни жұмысбастылық, табыстың аздығы, несиеге шырмалу секілді әлеуметтік қажеттілік бірінші орынға шығып, бала тәрбиесі екінші орынға сырғыды. Мемлекет те қоғамдағы отбасы мәселелерінен сырт қалды. Бұл тұрғыда бізге Жапония мен Германияның жастарды тәрбиелеудегі мемлекеттік идеологиясынан үлгі алудың еш артықтығы жоқ. Олар мықты тәрбиенің арқасында мемлекетті аяққа тұрғызып, әлемдік аренада өздерінің орнын белгілеп алды.
Тәрбие де дінмен, мемлекет саясатымен, салт-дәстүрмен және ұлттың менталитетпен үйлесуі керек. Сонда ғана ол өзінің нәтижесін береді. Ал, балалар арасындағы әлімжеттік, тәртіпсіздік, қатыгездік атаулы тәрбие институтының құндылық ретінде жойылып кетуінен орын алып отыр. Шындығын айту керек, бұл институт бүгінде өзінің рөлін дұрыстап атқара алмай отыр. Егер қазақ халқының сан ғасырдан бері келе жатқан тәрбие қағидаларының көзін тауып қолдана білсек, бүгінгі күннің талай кемшілігін түзеткен болар едік.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәрбиелі – тәртіптің құлы» десе, ақын Олжас Сүлейменов «Адам тағдырын тәрбие шешеді» деген екен. Демек, адам ұрпағымен ұлы, келешегімен кемел. Мұның түп-тамыры тәлім-тәрбиеде жатыр деген сөз.
Қорыта айтқанда, бала жас шыбық сияқты, қалай майыстырып бағыттасақ, солай өсіп қалыптасады. Ендеше барлық жауапкершілік- үлкендерде. Бала отбасы мен мектепте жан-жақты тәрбие алады. Баланың ыстық – суығына сүйінбейтін, күйінбейтін ата-ана жоқ. Олар тәрбиеге жеткілікті мән бермесе, бұл істің нәтижесі кемшін соқпақ.
Мектеп-тәрбиелі отбасының үлкейген үлгісі. Қазіргі жас буын саналы, білімді, ұшқыр ойлы, дені сау, адамгершілік қасиеті жоғары болып қалыптасуы үшін халықтық тәрбиені қайта қолға алу қажет.

Әсел РЗАЕВА

17 қыркүйек 2024 ж. 817 0