№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қан қысымыңыз қалыпты ма?

Қан қысымыңыз қалыпты ма?


Көзі қарауытып, басы айналып, бойды әлсіздік билеу, мұның барлығы қан тамыры қысымы өзгерісінің белгілері болуы әбден мүмкін. Қан қысымы ауруы «жасарып» бара жатқаны байқалады. Бұған не себеп? Біз осы аурудың себеп-салдарын анықтап, неден пайда болатынын білуге тырыстық.


Қан тамырының қысымы – ең көп тараған сырқаттың бірі. Елімізде бұл сырқатпен ауыратын адамдар­дың саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Әрбір оныншы адамның қан тамыры қысымымен ауыратыны алаңдарлық жағдай. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады, екінші орында – ауыр дене жарақат­­та­ры, соңғысы – қатерлі ісік аурулары екен.
Қан қысымы өте қауіпті ауру. Бұл аурудың жүрек пен тамыр­­ды зақым­дайтынын ескерер бол­сақ, тамырдың қанша уақытқа дейін төзе алатыны беймәлім. Сондықтан оны «үйреншікті ауру ғой» деп мән бермей жүрген дұрыс емес.
Сырқаттың себебін жасы үлкен кісілер ауа райының құбылуы мен экологиялық ахуалдың нашарлығына теліп жатады. Мамандардың айтуын­ша қан қысымы ауруының өршуіне саламатты өмір салтын дұрыс ұстанбау тікелей себеп болады. Әсіресе жа­сы ұлғайған адамдарда артық дене салмағы мен семіздіктің салдарынан қан қысымы жоғарылайды. Шылым шегу, ішімдік ішу, дене қимылының аздығы, тұз бен май деңгейі жоғары тағамдарды тұтыну, аталған дерттің асқынуына себеп. Сонымен қоса ата-анасында жоғары қан қысымы, жүрек аурулары мен қант диабеті жиі кездесетін адамдар да осы дертке шалдығуға бейім келеді.
Осы сауал төңірегінде аудандық емхананың терапевт дәрігері Айжан Шалтаева былай дейді:
– Кейінгі кездері үлкен демей, кіші демей әйел адамдар да, ер адамдар да қан қысымы ауруына жиі шалдығуда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пайымы бойынша, бұл одан әрі қарай көбейе береді, жасара береді деген болжам бар. Неге десеңіз, бірінші, дене салмағының артуы өршіп барады. Семіздік ауруының 70-80 пайызы біз­дің тұтынып жүрген тағамдарымызға байланысты. Екінші мәселе – қимыл-қозғалыстың аздығы. Қазір жас та, кәрі де жаяу жүргісі келмейді. Үй жұмысы толық автоматтандырылған, қозғалыс аз. Сосынғы себеп көңіл-күйде күйзеліс көп. Осы факторлардың себебінен қан қысымының сырқатына шалдыққандар саны жыл санап артуда. Қан қысымының қалыпты көрсеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер ол 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130-ды көрсететін болса, бұлар қан қысымы көтерілуінің екінші және үшінші сатысы болып табылады. Әсіресе, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады.
Біз мұндай көрсеткіштегі науқасты жоспарлы тексеруге қойып, оның себебін анықтаймыз, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, қан қысымы – қан тамырларының, яғни күре тамырлар мен көктамырлардың қабырғаларына түсетін күш. Қан қысымы артерияларда, қолқада барынша жоғары болады. Қан жүректен алыстаған сайын қысым да азаяды.
Қан қысымынан қалай сақтануға болады?
– Қан қысымы төмен адамдардың ұйқысы тәулігіне 7-8 сағаттан кем болмауы керек. Гипотониктер үшін ұйқы – ең жақсы дәрі. Ұйқысы қанбаған кезде олар ашуланшақ, ызақор, енжар ғана болып қоймай, жиі есінен танады. Төсектен тұрған уақытта біртіндеп, асықпай көтерілген дұрыс. Алдымен жатқан қалпыңызда керіліп, мұнан кейін біраз отырып алып, сосын тұру керек. Ал таңертеңгі жаттығуды төсекте жатып жасауға болады. Сондай-ақ, қан қысымы төмен адамдар үшін тамақтанудың да маңызы зор. Олар аз-аздан жиі тамақтануы қажет. Шамадан тыс тамақтану гипотония дертін қоздырады. Себебі қанның барлығы ішке қарай ағады да, бастың қан тамырларына қорек жетіспей қалады. Сондықтан күніне 5-6 рет тамақтанған дұрыс.
Сонымен қатар қан қысымы ауру­ының алдын алудың бірден-бір жолы – кешкі уақытта жарты сағат жаяу жүріп, серуен құру. Бірқалыпты жүріспен жаяу жүру денсаулыққа өте пайдалы, – дейді ол.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, қан қысымын туындатушы негізгі фактор – қимыл-қозғалыстың аздығы. Гаджет­тік құрылғылар мен компьютерлік технология белең алған тұста еңбек жүйесі білекке емес, білімге, санаға ауғаны рас.
Күнімен дене еңбегімен шұғыл­данып, ала таңнан қара кешке дейін сыртқы шаруамен айналысып үйренген қазақ отбасы урбандалудан кейін қала өміріне толық бейімделе қоймағаны да жасырын емес. Содан да, бір орында көп отырып, қол-аяқ қимылына баса мән бермеген қарапайым халықты қан қысымы ауруы оңай иектеп отыр.
Қан қысымын тудырушы келесі бір фактор – майлы, фастфуд тағамдарды тұтыну. Мұндай майлы, тұзды тағамдар адам ағзасындағы холестериннің, қан құрамында май мен қант мөлшерінің молаюына әкеліп, қан қысымы дертіне ұшыратады.
Тез дайындалатын тағамдар елі­мізде кеңінен тараған. Қазіргі таңда Еуропада бұл ас мәзірінен семіздік ауруы етек алып барады. Өткен жылдардың мәліметіне сүйенсек, әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 млн бала семіздік дертіне шалдықса, елі­мізде әр бесінші бала артық сал­мақтан зардап шегіп отыр. Мұның бәрі ата-ананың ба­ланы дұрыс тамақ­тандырмауының не өздері жақсы өнім пайдаланбауының салдарынан туындауда. Бұрын Еуропа мен Амери­ка елдеріне ғана тән жағдай бо­лып көрінген семіздік ауруының көбеюі Қазақстанда да қауіпті тенденция саналып отыр.
Қан қысымы ауруының белгілері қандай? Кісінің көзалды қарауытып, басы айналып, тұла бойдың әлсіздігі, құлақтың тоқтаусыз шыңылдауы қан қысымы артуының белгісі. Мамандар мұндай кезде тез арада қан қысымын өлшеткен дұрыс екенін айтады.
Қан қысымын туындататын фак­торлардың тағы бір маңызды түрі – стрестік жағдайлар мен шектен тыс эмоционалды көңіл-күй. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер мен ютуб арналары адамдардың көңіл ауанын әр тарапқа аударуда. Әсіресе фейсбук, инстаграм сынды қолданыс аясы кең әлеуметтік желілерді қолданушылар жетерлік. Егер желілерді мөлшерінен артық пайдаланса, ғалымдар мұның салдары психологияның бұзылуына, невроздық кері әсерлердің өршуіне әкеліп соғатынын дәлелдеуде. Сарап­тама бойынша жер бетінің 3 млрд тұрғыны интернет желісін қарқынды пайдаланады. Бұл үрдіс адамзаттың интернетке тәуелділігін арттырып, есту, көру, ойлау қабілеттерін шектеуге, қан қысымының жоғарылауына әкеліп соғып отыр.
Бұл жерде әрбір игілікті деген үрдістің де өзіндік ережесін ескеріп, содан ауытқымауға барынша тырысу маңызды екенін ұмытпасақ дейміз.

Әсел РЗАЕВА
17 тамыз 2024 ж. 410 0