» » ҚАН ҚЫСЫМЫ – ҚАУІПТІ АУРУ

ҚАН ҚЫСЫМЫ – ҚАУІПТІ АУРУ



Бүгінде кең тараған сырқат түрінің бірі – қан тамырының қысымы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, әлемде жыл сайын инсульттан 12 млн. адам бақилық болса, ресейде 1 млн. 300 мың адам көз жұмады. Қазақстанның 100 мың тұрғынына шаққанда 181,32-ні құрайды (2015 жылғы есеп). Бұл – Қазақстанда әр оныншы адам осы аурумен ауырады деген сөз. Республика бойынша адам өліміне соқтыратын аурулардың ішінде қан қысымы бірінші орынды алады. Ертеректе бұл ауру түрі жасы егде тартқандардың арасында кездесетін болса, бүгінде жасарып кетті. Тіпті, 20-40 жастағыларды мазалай бастады. Біз осы аурудың себеп-салдарын анықтап, неден пайда болатынын білуге тырыстық.
Негізінен, бұл ауру туралы ертеректен белгілі болған. Бірақ, жүрек пен тамырды зақымдайтыны уақыт өте келе бел­гілі болады. Егер, осы сырқатқа шалдыққан науқас дер кезінде ем қолданбаса, ол жүректің жансыздануына (инфаркт) немесе жүрек қыспасына (стенокардияға) әкеледі. Жү­рек­тің бұлшық еттерін әлсі­ре­тіп, оның жұмысын тежейді. Арты миға қан құйылуға, бауырдың нашарлауына ұласуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қан қысымы ауруының өршуіне салауатты өмір салтын дұрыс ұстанбау тікелей байланысты. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарда  артық дене салмағы мен семіздіктің салдарынан қан қысымы жоғарлайды. Шылым шегу, ішімдік ішу, дене қимылының аздығы, тұз бен майлар деңгейі жоғары тағамдарды тұтыну осы дерттің асқынуына себеп болады. Сонымен қоса, ата-анасында жоғары қан қысымы, жүрек аурулары мен қант диабет жиі кездесетін адамдар да осы дертке шалдығуға бейім келеді.
Сондай-ақ, қан қысымы ас­қынуының жиі кезде­сетін басты себебі – ми, жү­рек және бүй­рек сияқты өмірлік маңызды ор­гандардың зақымдануы.
– Бүгінде қан қысымының жоғарлауына шалдыққандар саны жыл санап артуда. Мәселен, аудандық аурухананың терапия бөлімінен бір жылда ем алатындардың 80 пайызы қан қысымына шалдыққандар. Қан қысымының қалыпты көр­сеткіші тонометр бойынша 120/80 болуы керек. Егер ол 140/90, 150/100, 160/110, 170/120, 180/130 көрсететін болса, бұлар қан қы­сымы көтерілуінің екінші және үшін­ші сатысы болып табылады. Әсіре­се, үшінші сатысы науқас үшін өте қауіпті саналады. Біз мұндай көрсеткіштегі науқасты жоспарлы тексеруге қойып, оның себебін анықтаймыз, – дейді аудандық орталық аурухананың «терапия» бөлімінің меңгерушісі Ришад Жүнісов.
Дәрігердің айтуынша, қан қысымы –қан тамырларының, яғни, күре тамырлар мен көктамырлардың қабырғаларына түсетін күш. Қан қысымы артерияларда, қолқада барынша жоғары болады. Қан жүректен алыстаған сайын қысым да азаяды.
Медицина ғылымында ең жоғары қысым систоликалық, ең төменгі қысым диастоликалық деп аталады. Кейде қан тамыры мен ұсақ тармақтарының тарылуынан жүректің жұмысы күшейіп, қан тамыр арнасынан көптеп шығарылып, қан қысымы жоғарлайды. Мұны – гипертония дейміз. Дегенмен, кейде он адамның біреуінде қан қысымының жоғарылауы бір ағзаның зақымдануынан болуы мүмкін. Алайда, көп жағдайда сырқаттың 90 пайызы бірінші рет басталады. Оны эссенциялдық қан қысымының жоғарылауы деп айтады.
АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Қазіргі таңда қан қысымының жоғарлауы да, төмендеуі де көп кездеседі. Әсіресе, жасы ұлғайған адамдарда қан қысымының жоғарлауы жиі байқалады. Ал, бұл жағдайдың алдын алу үшін, саламатты өмір салтын ұстанған дұрыс.
– Қан қысымының жоғарылауы – қызыл тамырдың ішіне майлы заттардың жиналып қалуын, жүректің ишемиялық ауруын және миға қан құйылуын өр­шітіп, адам өміріне қауіп тудырушы басты фактор болып табылады. Қан қысымы мен артериялық тамырлардың зақымдануы өзара тығыз байланысып, бір-бірінің әрекетін күшейте тү­седі. Сондықтан, қазіргі кезде қан қысымының жоғарлауын емдеу қан қысымын қалпына кел­тірумен шек­телмей, қауіп-қатер факторын жоюға бағытталады. Бүгінде қан тамыры қысымының жоғарлау көрсеткіші 20-дан асқан жастар арасында да кездеседі, – дейді ауданның бас дәрігерінің медико-санитарлық көмек жөніндегі орынбасары Алғатай Қаратаева.
Дәрігердің сөзінше, қан қысымын қалыпты ұстау үшін біріншіден, жейтін тағамның кө­лемін шектеу керек. Салмақтың артуы ке­зінде қан тамырының қысымы жоғарылайды, бұл жүректі сал­мақпен жұмыс істеуге мәж­бүр етеді. Ал, салмақты азайту өз кезе­гінде қан тамыры қысымын тө­мендетуде маңызды рөл атқарады. Екіншіден, пайдаланатын майдың көлемін шектеу. Тамақпен бірге сі­ңе­тін майлар, майдан бөлінетін холестерин деңгейі­нің артуына себепші болады. Ал, холестеринді артық пайдалану артериялық тамырлардың ішіне майлы заттардың жиналып, жү­ректің ишемиялық ауруының қаупін шұғыл өсіреді. Үшіншіден, тұзды шектеу керек. Өйткені, тұз ағзадағы сұйықты бөгейді. Төртінші, шылым шегіп, ішімдік ішу де өте зиянды.
– Қазір аудан бойынша инсульт алған 109 адам дәрігерлік  есепте тұр. Біз оларды 2 жыл бақылауға аламыз. Негізі, дәрігерлік есепте тұратын адам дәрілерін үзбей ішуі керек. Себебі, дәрі-дәрмекті уақытылы пайдалану – қан қысымының жоғарлауынан сақтап, миға қан құйылудың (инсульт), жүректің жансыздануының (инфаркт) алдын алады. Ескеретіні, дәрінің  белгі­лен­ген мөлшерін науқас өз бетінше өзгертуге немесе дәрігердің ұйғарымынсыз ауыстыруға болмайды. Өйткені, дәрілердің кейбірі өзгертулерге жағымсыз әсер тудыруы мүмкін, – дейді аудандық емхананың невропатолог-дәрігері Жанна Искендирова.
 АУДАНДА ҚАН ТАМЫРЫНЫҢ ҚЫСЫМЫНА ШАЛДЫҚҚАНДАР ҚАНША?
Алғатай Қаратаеваның айтуынша, аудан бойынша 2894 тұрғын қан қысымының көтерілуінен зардап шегуде.  Оның 896-сы қауіпті қатерге, яғни, ишемиялық жүрек ауруына шалдығуы мүмкін топқа жататындар. Ауданда өткен жылы қан қысымына шалдыққандардың алдын алу және аурудың қай деңгейде екенін нақтылау үшін тредмил-тест, холтер УЗИ аппараттары алынған. Бүгінде осы аппараттардың көмегімен тексерулер жүргізіліп, қауіпті дерттің алдын алуға мүмкіндік туды.
– Көбіне қан қысымы жоғарлағанда кейбір ішкі ағзалардың асқынуынан болуы да мүмкін. Мәселен бауыр, бүйрек ауруының асқынуы да қан қысымының жоғарлауына алып келеді. Сондықтан, әр емделуші алдымен толық тексеруден өтіп барып, дәрі қабылдағаны жөн. Бүгінде осы дерттің алдын алу үшін әр 2 жыл сайын жоспарлы тексеру жүргізіп, дерттің алдын алу жолында жұмыстар жасап жатырмыз, – дейді Алғатай Әбітайқызы.

Дәрігердің айтуынша, кез-келген сырқаттың алдын алып, оның асқынуын тежеуге болады. Ең бастысы, денсаулыққа бей-жай қарамай, саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігер қаралуынан уақыты өтіп тұрғаны абзал.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.  
02.04.2018ж
15 қараша 2021 ж. 520 0