№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әсемдік үйіндегі баға мен сапа

Әсемдік үйіндегі баға мен сапа


Сән салондары күн өткен сайын бәсекеге бейімделіп, көпшілік сұранысын қанағаттандыруда. Сұлулық үйінің негізгі миссиясы да осы. Көрікті бола түсуге ұмтылғанның ойынан шығатындай бет-ажарын әсемдеп беруі тиіс. Салондағы қызмет ақысының көтеріле түсуі де оған тәуелділердің талғамының арта түсуімен байланысты болса керек. Айта кететіні, әсемдік үйлеріндегі қызмет көрсету бағасы нарықтан қалмай, шарықтап тұр.


Бьюти сарапшылардың пікірінше, косметикаға деген тапшылық жалғаса берсе сән салондарындағы қызмет түрі тағы біраз қымбаттауы мүмкін. Салон иелерінің айтуынша, бағаның шарықтауына мамандардың қызметі емес, шетелдік материалдардың қым­баттауы әсер еткен.
Сән салондарын санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау комитеті қа­дағалайды. Косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар алты айда бір рет, шаштараз секілді сұлулық орталықтарын үш жылда бір рет қана тексерістен өткізеді. Сондықтан сән салонындағы кінәратсыз санитарияға кепілдік жоқ. Бұл нені білдіреді? Тазалық талаптары мен ережелерін сақтаудағы күмәнді түйткілден ой түюге тура келеді. Мәселен, бет-жүзіңізді әрлеп-әспеттейтін маманның талапқа сай қызмет көрсетпеуінен орны толмас өкінішке ұрынуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ кейде сәнді мани­кюр барысындағы сапасыз жұмыстан туатын тырнақ зеңі, кірпік жалғату сәтіндегі көздің қабынуына алып келетін аллергиялық белгілердің пайда болуы - біздегі әсемдік үйлерінің барлығы бірдей тазалық талаптарына сай еместігін дәлелдеп келеді.
Жарнама артында мол табысты көздеген пиғыл жасырынып жатады. Оның үстіне, қызмет ақысының қым­баттауына сапалы, қымбат косме­тикалық өнімдер бағасының көтеріліп кетуі де себеп. Бет әрлеушінің айтуынша, өнімнің түпнұсқасы мен көшірме сапасын ажырату әйелдер қауымына қиынға соқпайды. Сол себепті де келушілер өздеріне ұнайтын косметикалық өнім брендтерін оңай ажыратып шынайы сапаны талап ететін көрінеді.
Ауданымызда тұтынушының көңі­лінен шығып, көңілдегідей қызмет көрсетіп жатқан әсемдік үйлері де баршылық. Солардың қатарында Еңлік есімді азаматпен пікірлескен едік.
– Мақсатым келушілерге сапалы қызмет көрсетсем деймін. Нақтылап айтсам, шаш сәндеп, тырнақ әрлеп, тағы да қалауына қарай кәсібімді кеңейтуге дайынмын. Бір білетінім, бізге келгендер өзін неғұрлым жайлы сезінсе, соғұрлым клиент қатары да көбеймек. Алдын-ала бос уақытқа жазылу үшін түскен қоңырауларда біз жайлы оң пікірлерді естіп, келуге ниет білдіріп тұрғанын айтқанда кәдімгідей қуанып қаламыз. Жан қалауыңмен жасалған жұмыс өзің туралы жақсы ой қалыптастыратыны рас. Бастысы, келушінің көңілін тауып, жұмысымызға аса сергек қарауға тырысамыз, – дейді ол.
Еңлікпен әңгімелесе отырып байқа­ғанымыз, сұлулық үйіндегі гигиена­лық ережелердің сақталатынына көз жетті. Өзіміз өзге салонда кездестіре қоймаған арнайы құрғақ отты аппа­ратта тырнақ әрлеу құралдарының залалсыздандырылып отыратынын көр­дік. Бір рет қолдануға арналған заттар топтамасы тәртіппен тізілген, сөрелер тазалығы да мұндағылардың жұмы­сына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Әлгінде айтқан маникюр, педи­кюр барысында қолданылатын сүлгі, сүйретпе аяқ киім, тырнақ егеуіштер бір-ақ рет қолданылатындықтан сатылымда тұрады. Бағасы да қолжетімді. Кейбір сұлулық үйіндегі мамандар бұл тәртіпті бұзып бір сайманды бірнеше адамға пайдаланатын жағдайларды көріп жүрміз. Түрлі бактериялық аурулардың қоздырғышы болған тырнақ күтіміне жазылған болсаңыз, жұмыс үстеліне жаңа саймандардың келіп жатқанын қадағалап отырғаныңыз өзіңізге жақсы. Сұлулық құрбандықты талап еткенімен, одан бұрын денсаулығымызға кінәрат жамаудан аулақ болғанымыз абзал.
«Қартайғым келмейді»
Бүгінде бір құбылыс, сән салоны есігін қыз-келіншектерден гөрі жасы елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған апаларымыз көбірек күзететінін көз көріп жүр. Бұл табиғаттың заңдылы­ғына мойынсұнғысы келмейтін апа-әжелеріміздің бір әлсіз тұсы ма, әйтеуір жасарудан қалтасын аямайды. Екі-үш сағаттық шараға бет-жүзін әрлеп баруы үшін 3000 мен 8000 теңге аралығында қаражат шығын етсе, кірпік жалғауға 4000-7000 мың теңге төлейді. Жас-кәрі деп бөліп жармай бәріміз бірдей көмегіне жүгінетін тырнақ әрлеушінің қызметі де 1500 теңге мен 6000 теңге аралығын құрайды. Өзіңізді күтіп, сұлулыққа ұмтылу қай кезде де кеш емес. Дегенмен, беталды бетіңізді әрлеп, тырнағыңызды түрлендірген жоғарыдағы сомаға бір айлық ас-ауқатыңызды алып, тоңазытқышыңызды толтырып қоюға талап қылған дұрыс секілді.
Мейлі ғой, көрпеңе қарап көсілу деген де бар. Сыртқы кейіпін көркемдеуді бірінші орынға қойып, арнайы ақша жиятындар да жоқ емес. Орта жастан асқан апаларымыздың қызылды-жасыл тырнақтары мен келтелеу шаштарын тарамдап, сұлулық үйіндегі «сиқыр­лы креслода» отырғанын көргенде, ақ орамалын таққан әзиз аналарды сағынып қалатынымыз да жасырын емес.
Түріңізден табиғилық аңқып, әдемі жүзіңізді шынайы күлкіңіз одан әрі нұрландырып тұрса нағыз сұлулық осы емес пе? Адамдық қасиетті алға тартқан асыл дінімізде де қас жұлып, бейнені өзгертуге тырысу – мұсылмандық әдеп­тен тыс, ерсі тірлік екені айтылған. «Бет күтімін жасаймыз» – деген жылтыр жар­наманың жетегінде кетіп, бет-әлпетіне «әдемі қыздың» суретін салдырған заманауи зейнеткерлер салон есігін күзетіп жүргенде он сегіздегі еркеле­рімізге кім қандай жол нұсқамақ?

Жәмила ЕРМАХАН

08 маусым 2024 ж. 306 0