№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛАНЫ БУЛЛИНГТЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

БАЛАНЫ БУЛЛИНГТЕН ҚАЛАЙ ҚОРҒАЙМЫЗ?

Әлеуметтік желі дамыған сайын ақпаратқа қолжетімділік артып, қоғамдағы түйткілді мәселелерге назар аударыла бастады. ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, бүкіл әлемде 150 миллионнан астам бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды екен. Оқу жылын аяқтаған тұста, аудандық «Отбасын қолдау орталығы» осы тақырыпта кеңейтілген отырыс өткізді.

Бала тәрбиесін сөз еткенде «аюға намаз үйреткен таяқ» деген тәмсіл ойға оралады. Баланың баладан таяқ жегенін құптай алмаймыз, дегенмен мектеп, жоғары оқу орнындағы құ­қық­бұзушылықтарды былай қойғанда, кіш­кен­тайларға әлімжеттік көрсетіп, пси­хикалық, физикалық зәбір көрсету бақытты балалық шақтың ұясы балабақшаларда да кездесуі ұлттық болмысымызға томпақ келеді. Соны­мен әлеуметтік желілер мен интернет арқылы балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың түр-түріне көзіміз же­те бастады. Өкініштісі бұған қатыс­ты статистика санын тізіп, сапасыз мамандардан қол үзіп жатқандардан хабарымыз жоқ.
Дегенмен, балаға қысым көр­сетуден тайынбайтындар жазалануы тиіс. Бірақ одан не өзгереді? Тәрбиеші жұмыстан шығады немесе жазаланады, ал балалардың ішкі қорқынышы, пси­хикалық жарақаты жазылып кете ме? Бұл туралы отбасын қолдау орталығының директоры Ерзақ Жақсыбеков тарқатты.
– Баланың болашақ тұлға ретінде қалып­тасуында бір реттік физикалық не психикалық соққының өзі өмір бойы әсер етуші фактор ретінде қалып кетуі ғажап емес. Сондықтан балаларға көрсеті­летін буллингтің мектеп пен отбасы­лық жағдайда ғана емес, балабақша­дан басталатынын ескеріп, бұл жүйені өзгерту керек сынды.
Ең сорақысы – өз қызына, ұлына жыныстық зорлық көрсеткен «әке» деуге келмейтіндердің қатары көп. Осындай азғындардың іс-әрекетін тыю үшін елімізде елеулі шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ, отбасылық зорлық-зомбылық заңы да кеңейіп, арнайы штабтар ашылатын болады. Бала өміріне балта шапқандарға өмір бойына ұстаздық қызмет атқаруға жә­не кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынды, – деді ол.
Бұл туралы Жаңақорған аудан­дық полиция бөлімінің ұйымдастырушы­лық-аналитикалық жұмыс тобының инспекторы Айым Сыздықова ауданда 181 қолайсыз отбасы балаларының жай-күйі туралы сөз етті.
– Әке-шешесі ішімдікке әуес болып, балаларының күнделікті өміріне нем­құрайлы қарайтындар арамызда бар. Ендігі жерде ешқандай бала ашқұрсақ, лас болып көшеде қалмайды. Мұндай жағдайда әке-шешенің құқығын шектеп, балаларды оқшаулау шарасы жүзеге асырылады. Сондықтан әр отбасында береке мен бірлік болмай іс алға баспайтынын айтқым келеді, – деді.
Харассменттің кейіпкерлеріне ай­налған балалардың болашағы қалай болмақ? Оларға психологиялық көмек беріліп, қолдау көрсетіле ме? Психо­логиялық көмектің өзі әсер ете ме? Бұл сұрақтарға «Жаңақорған жастар ресурстық орталығының маманы Сым­бат Биғалиева, инспекторлар Айнұр Сұлтанова, Гүлжазира Раманқұлова және Қарлығаш Исаева өз ой-пікірлерін жеткізді.
Психологтардың пікірінше, жасөс­пірім буллингке қатыспауы һәм ұшы­рамауы үшін алдымен кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы шарт. Мектепте күні қалай өткенін, интернетті қандай мақсатта пайдаланғанын, үзіліс кезінде мектепте не істейтінін сұраған жөн. Сабақ үлгерімі ғана емес, сезімі, достарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесуді әдетке айналдыру керек.
Ал баланың қатарластары тара­пынан қысымға ұшырағанын қалай анықтаймыз? Әдетте буллингке ұшы­раған балалар орын алып жатқан жайтты ата-анасына айтуға батылы жетпейді. Сондықтан баланың қысым көргенін дер кезінде байқаудың маңызы зор. Мәсе­лен, басқа біреудің тарапынан қысым­ға ұшыраған баланың мінез-құлқында мынадай өзгерістер орын алуы мүмкін: өзінен кішілерге агрессиямен қа­рау, ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, концентрацияның жоғалуы, тыныштықта көп болу, реніш, өзгеден оқшаулану.
Мектепте адам құқықтары тек теориялық тұрғыда үйретіледі. Балалар арызды қалай жазуға болатынын, көшеде полиция тоқтатса, мектепте жүргенде қалтаңды, сөмкеңді көрсетуді сұраса не істеу керек екенін білмейді. Балалар алдымен өз құқығын білсе, құқықбұзушылық та азаяр еді.

Мақпал МАРҚАБАЙ

04 маусым 2024 ж. 342 0