Бүгінгі қоғамда адамдар қатігез болып барады. Басым көпшілігі тасбүйрек, кішіпейілділік, кешірімділік дегеннен ада. Бірін-бірі табалау, жұлып жеу, пышақтап тастау, зорлықзомбылық жасау, әлімжеттік көрсету, қағанағын жарып шыққан баласын күл-қоқысқа, әжетханаға лақтыру сынды көріністер әдеттегідей болып барады. Ғаламтор желісіне көз сүзсеңіз, зорлық-зомбылықтан зәбір көргендер аз емес. Айтыңызшы, сіз де уайымдайсыз ба? Кейінгі кездері балаға зорлық-зомбылық көрсететіндерің қарасы көбейді. Тіпті, осы тақырыптағы ақпараттарға көз сүрінеді.
Бала – басты байлығымыз, асылы – бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі емес пе? Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы алтын ұясы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол.
Алайда, қазіргі біздің қоғамда баланы емін-еркін жіберіп, алаңсыз ойнату әсте мүмкін емес. Менің бұл ойымды көпшілік құптайды деп санаймын. Осындай аласапыран заманда өмір сүріп жатқандықтан, ата-аналар балаларымызға жақсы тәрбиенің дәнін себуіміз керек.
Ал тәрбие, тал бесіктен емес, құрсақтан басталады. Болашақ ана баланы бесіктен емес, құрсақтан бастап тәрбиелеуі керек. Балаға деген мейірім махаббаты ананың ыстық ықыласы мен тәрбиесінен берілетін құнды дүние. Бала тәрбиесі ата-ана тәрбиесімен ұштасып жатуы тиіс. Ата-ананың бала тәрбиелеудегі мақсаты – болашақта баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, саналы ұрпақ болып өсуіне, дұрыс білім алып жетілуіне, өмірде өз орнын табуына көмек беру. Себебі, білім тәрбие арқылы беріледі.
Байқаймын, жас аналардың көпшілігі бала ішіне біткеннен қолын ішіне қойып алып, инстаграм ақтарып, болмашы дүниелерге көз жүгіртіп отырады. Керек десеңіз, мәнмағынасы жоқ әуендерді бесіктің жанына айқайлатып қойып, баланы ұйықтатады.
Кез келген ата-ана өз ұлы мен қызының әдепті, саналы, иманды да ибалы, болып өскенін қалайды. Алайда, соңғы уақыттары көпшілігіміздің ісіміз бен сөзіміздің үйлесім таппайтыны анық.
Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлізайыптылар өздеріне қатысты әдепадамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек.
Мейрамкүл Өтегенова, №22 «Балдырған»
балабақшасының тәрбиешісі