» » Тағзым алаңы тазартылды

Тағзым алаңы тазартылды


«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы айшықты жалғасуда. Акция негізінен 5 кезеңге бөлінген, «Таза өлке» (6-13 сәуір), «Киелі мекен» апталығы, «Жасыл аймақ» (21-27 сәуір), «Өнегелі ұрпақ» (28 сәуір – 4 мамыр) және «Мөлдір бұлақ» (5-11 мамыр) апталықтары кезең-кезеңімен сәтті өрілуде. Өткен апта «Киелі мекен» апталығымен түйінделіп, аудан көлемінде бірнеше тазалық жұмысы жүргізілді. Өндіріс орындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, соңынан ағаш егу дәстүрі жалғасын тапты.


Акция аясында Жаңақорған кенті орталығындағы «Жеңіс» саябағына сенбілік жұмыстары жүргізілді. Биыл Ұлы Жеңіске – 79 жыл. Осыған орай, «Тағзым» алаңы тазартылып тұратын болады. 2023 жылдың күз мезгілінде «Жеңіс» саябағына демеушілердің қолдауымен біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Сенбілікке қатысқан еріктілер саябақ аумағын толығымен тазалап, 200-ге жуық саялы ағаш отырғызды. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов акцияға қатысып, игілікті шараның басы-қасында болды.
Сондай-ақ «Бақсайыс баба» басында осы аумақта орналасқан қоныстанған «Қызылқұм» ЖШС мекемесінің қызметкерлері қамқорлық қолғабыс жасап, айналасын тазартуға жұмылды. Кесененің айналасын күл-қоқыстан арылтып, игілікті іске мұрындық болды. Бұл өндіріс орны тазалық айлығында белсенділік танытып, өздеріне тиесілі аумақты үнемі таза ұстауға күш салып келеді.

Әлібек ТЕМІРБЕК
23 сәуір 2024 ж. 510 0