№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Инфрақұрылымды игермей кезек жылжымайды

Инфрақұрылымды игермей кезек жылжымайды

Кент тұрғындары санының өсуі жер кезегі мен тұрғын үйге деген сұранысты арттыратыны заңдылық. Міне, осы мақсатта кент төңірегінде бірнеше аймаққа инфрақұрылым жүргізу ісі қарқынды жүргізілуде. Біз аудандық жер қатынастары бөлімі және құрылыс бөлімінің мамандарымен осы тақырыпты талқылаған едік.

Жер кезегі қашан жылжиды?

Жасыратыны жоқ, біздің аудан өңірде халық өсімі жөнінен соңғы он жылда көштің алдын бермей келеді. Кент тұрғындарының саны 40 мыңнан асқалы қашан. Жас отау құрғандар қатары да еселеніп келеді. Әрине, бұл қуанар­лық жағдай. Кент келбеті күн сайын жаңарып, жаңғырып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Бірақ баспана салуға мемлекеттен берілетін 10 соттық, тегін жердің жайы жыр болып тұр. Осы мәселе төңірегінде тағы бір талқылап талдау жасап көрдік.
Ақиқатында, Жаңақорған ауданының барлық саласында серпін бар, өндіріс өркендеп келеді. Алайда жалдамалы пәтер мен тұрғын үйдің бағасы аспандап тұр. Әрбір шаңырақ баспаналы болуды армандайды. Бұл үшін тегін жер берілсе деген тілек бар. Осы тақырыпты зерделеу кезінде мынандай заңдылықты көзіміз шалды. Мемлекеттен берілетін жер кезегіне тіркелген кісі электронды түрде тізімді бақылай алады. Мұны республикалық бақылауда тұрған сайт деуге негіз бар. Тақырыпты тарқату үшін аудандық жер қатынастары бөлімінің есігін қақтық. Заңдылық­қа сүйенсек, ҚР Жер Кодексінің 50-бабына сәй­кес Қазақстан азаматтарына жеке тұрғын үй құрылысы үшiн – 0,10 гектар жер тегін беріледі. Ал ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар ел азаматтарына жеке меншікке тегін беріледі. Ол үшін әкімдікке арнайы өтініш жазып, жер кезекке тұра аласыз. Жұмысбасты адамдар онлайн өтініш жаза алады.
– Жер учаскесін алу үшін кезектілікке тір­келмегендігі анықталса ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрінің №301 бұйрығының 15-қосымшасына сәйкес "Жер учаскесін алу үшін кезекке қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидасы арқылы egov.kz порталына жеке электрондық цифр­лық кілтіңіз арқылы кіресіз. "Жылжымайтын мүлік" батырмасын басып, "Жер қатынастары" тізілімін таңдап, "Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру" бөлімшесіне өтесіз. Жаңақорған кенті немесе республиканың кез-келген аймағын таңдап өтініш білдіруге болады. Тағы айтамын, тіркелу тек электронды түрде, – деді бөлімнің бас маманы Самал Нұрлыбаева.
Жаңақорған кенті бойынша 2023 жылы 856 адам тіркеліп, кезек қатары 9854 адамға жетті. Биыл қаңтар айында 199 адам, ақпанда 126 адам өтініш берген. Бас-аяғы қазір 10 710 адам жер кезегі тізілімін қалыптастырды. Бұл бұрын-соңды ел тарихында болмаған үлкен көрсеткіш. Әрі кенттің өзінде осынша адам тұрғын үй жеріне мұқтаж деу де қисынсыз. Кезекте тіркеліп тұрғандардың біразы өмірден озған болса, енді бірі көшіп кеткені расталған.
– Бізге шағым айтып келушілердің көбі «жер кезегім жылжымай тұр» деп жатады. Маман ретінде айтарым, бұл жерде даурығуға еш себеп жоқ. Мәселен, 2015 жылы 3031 болып тіркелген, әлі де 3031-ші болып тұр екенмін, – деп шағымданған бір азаматтың алдында 84 адам ғана тұр. Қазірге дейін 2015 жылы кезекке тұрған азаматтардың басым бөлі­гіне жер үлестірілді. Ашығын айтқанда, жыл сайын жер кезегіне 2000-3000 адам тіркеліп жатса, жылы­на 10-15 адамға ғана жер телімі берілуде. Осының салдарынан жер кезегінің қатары артты. Жерді тиімсіз пайдаланғандардың жері мемлекетке қайтарылып, тіркелген азаматтарға жер берілуде. Биыл Саяжай 2 мөлтек ауданы тұрғындар игілігіне берілетін болса, мыңға жуық адам тұрғын үй салуға мүмкіндік алар еді. Жұмыс алдағы уақытта да атқарылып, жер берілу кезектілікпен жүзеге асады, – деді жауапты сала маманы.
Жер қатынастары бөлімі құжат тапсыру жұмыстары жөнінде де нақтылап берді.

«САЯЖАЙ 2» ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Жаңақорғандықтар асыға күтіп жүрген “Сая­жай 2” мөлтек ауданы құрылысының жай-күйі қалай? Бұл бойынша аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінен жауап іздедік. Бөлімнің сектор меңгерушісі Шыңғыс Маханұлы болашақ мөлтек аудандардың географиясымен таныстырып, бірнеше жұмыстың жоспарын сөз етті.
– Жаңақорған кентінің болашақ жаңа қоныстарына жан-жақты зерттеу-зерделеу жұмысын жасау – біздің басты міндетіміз. Саяжай 1 және Саяжай 2 мөлтек ауданының инфақұрылымын дайындадық. Бұл маңда мемлекеттік нысандар, кәсіпкерлік жерлер мен тұрғын үйлердің жобасы толық зерттелді. Алдағы уақытта Қаратау, Қаратау 2, Қаратау 3 және Ызғар мөлтек аудандары жобаға енеді, – деді ол.
Саяжай 2 мөлтек ауданының инфрақұрылымы 2021 жылы жеке тұрғын үйге арналған жер учаскесімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған еді. Бүгінде басты жобасы дайын, мемлекеттік бюджеттен қолдау күтіп тұр. Нақтырақ айтсақ, Жаңақорған кентінде Саяжай 2 аумағынан 300 гектар учаскеге егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ПДП) әзірлеуге аудандық бюджеттен 24903,301 мың теңге қаржы бөлінді. Жаңақорған кентінің Саяжай-2 мөлтек ауданына нақты көлемі 300 гектар болатын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы (ПДП) жасалды.
Бұл егжей-тегжейлі жоспарлау жо­басында Саяжай-2 мөлтек ауданынан жеке тұрғын үй құрылысына арналған 1597 жер учаскесі, 180 орындық бала­бақша, 1100 орындық орта мектеп, май құю станциясы салу жоспарда бар. Сонымен қатар бұл аумақтағы жолдар мен көшелердің ұзындығы – 52 шақырым, ауыз су құбырының ұзындығы – 48,3 шақырым, кәріз жүйесінің ұзындығы – 19,9 шақырым, газбен жабдықтау желісінің ұзындығы – 51,8 шақырымды құрайды. 10 дана газ тарату пункті, бір дана автоматты газ тарату пункті салынуы мүмкін.
– Жаңадан ашылатын аймақта электр желілері, станциялар салынуы тиіс. Газ бен ауыз су да толық шешімін табуы маңызды. Жол мәселесін шешіп алғаннан кейін ғана қоныстануға рұқсат беріле­ді. Бір сөзбен айтсам, инфрақұрылым жұмыстары толық біткеннен кейін ғана халық қоныстанатын болады, – деді бөлімнің сектор меңгерушісі Шыңғыс Маханұлы.
Келешекте түсетін Саяжай 2 мөл­тек ауданының инженерлік-комму­ни­­ка­циялық инфрақұрылымымен қам­­­тамасыз етуге арналған құжат дай­ын. Биыл құжат толық жасалынып мақұл­данса, келер жылы құрылысына қаражат бөлініп қалар деген үміт мамандарда. Егер қаражат жоғарыдан толық шешілсе, бір жылдың ішінде шағын ауданның шырайы кірмек. Яғни, 1600-ға жуық кезегін күткен тұрғын жер алып, баспана қазығын түзбек. Бұл жобамен 2016 жылдан бастап кезекке тіркелгендердің өтінішін толық қамтиды деген сөз. Мүмкіндік болса 2017 жылды да еңсеріп қаламыз деген үміт бар.

ҚАРАТАУ, ҚАРАТАУ 2, ҚАРАТАУ 3 ЖӘНЕ ЫЗҒАР

Айтпақшы, кенттің қала статусын алуға мүмкіндігі молая бастады. Халық саны жеткілікті, жер көлемі де талапқа сай. Болашақта 4 мөлтек ауданға қоныстана бастасақ, қай қаладан кем боламыз?! Жібек жолының торабында құшағын кеңге жайған Жаңақорған кентінің сәулеті де дәулеті де тасып, көп назарын өзіне қарата бастады.
Саяжайдың жоғары жағынан Саяжай 2 орын тепсе, Қаратау, Қаратау 2, Қаратау 3 жаңа қонысы Ипподром аймағының жоғары бөлігінен бұйырмақ. Мұнда ұзыннан ұзақ Шалқия кенішінің теміржолы жатыр. Кенттің байырғы бас жобасында кент осы маңнан бітетін еді. Енді бас жобаға бірнеше өзгерістер енуіне байланысты бірне­ше аймаққа ұлғайды. Жасыратыны жоқ, мұнда басты мәселе – жол. Орталықпен байланысуына кедергі болып тұрған теміржол бойынан арнайы жол өткелдерін салмаса, халықтың қозғалысын қиындататын секілді.
Ал екінші мәселе, қоқыс қалдықтарын төгетін арнайы орынның орналасуы да қоныстанушыларға басты мәселе болуы ықтимал. Сондықтан бұл полигонды көшіру ісі де оңай шаруа емес. Үшінші мәселе, орта ғасырлық тарихы терең­де жатқан Ордакенттің орналасуы да қазақы сенім-нанымға керағар. Ал, Ызғар мөлтек ауданының ашылуы орташа есеппен он-он бес жылдың еншісіндегі дүние секілді. бұл аймақ орман шаруашылығы бөліміне қарасты жер болғандықтан мемлекет меншігіне қайтару ісі де ұзаққа созылары даусыз. Осы маңдағы Кеңес дәуірінен келе жатқан 24 разъезд пен 25 разъезд тұрғындары кентке қосылатынына қуанышты.
Шағын шаруақожалық иесі Сырбай Әбдірұлы:
– Жуырда аудан әкімдігінің жиынында жаңа аймақтардың жобасы сөз болды. Біздің Ызғар аймағы егінге де, малға да шұрайлы жер. Мұнда балық шаруашылығын дөңгелеткен кәсіп иелері де бар. Орталыққа қосылсақ иен далада қалған қауқарсыздың күйін кешпейтін едік. Біз де осы мақсатты қолдаймыз, – дейді.
Ашығын айтсақ, жер үлестіру жұмысында көзге көрінбейтін, алайда ауқымды астары бар мәселелер адымды тұсайды. Әр аймаққа қомақты қаражат бөлу жұмысы да ортақ қазандыққа едәуір салмақ салатыны анық. Қаржы қарекеттің мәселесін шешіп, жүйелі жоспармен инфрақұрылымды игерсек, кезек күткен көпшіліктің қарасы азаяр еді. Біздің ұққанымыз, жаңа қоныстың халыққа жайлы болуы жан-жақты зерделеніп қана қоймай, қарыс қадам жердің тағдыры таразылануы тиіс. Қысқасы, кенттің даму динамикасы оңтүстік батысқа қарай бет алуда. Жері шұрайлы, қонысқа жайлы жерлерді игерудің бас жоспарында әлі де шешілуге тиісті мәселелер жоқ емес.

Мақпал МАРҚАБАЙ



30 наурыз 2024 ж. 335 0