Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауылда жетістік көп

Ауылда жетістік көп

Ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігіне талдау жасап, елмен еркін форматта жүздесіп, тұрғындар көкейіндегі ұсыныс-тілектерін тыңдау үшін аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы елді мекендерге биылғы жыл бедеріндегі төртінші сапарын бастады. Жанында аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов және бөлім басшылары бастаған делегация алдымен шалғайдағы ауылдар жай-күйін білуге бет алды.


  Қыс маусымы басталған тұста шалғай ауылдардың тыныс-тіршілігін көзбен көруді мақсат еткен арнайы құрам ең алдымен Байкенже ауылына бағыт түзеді.

Байкенже ауылындағы клуб үйі жаңа бейнеге еніп, еңсесі көтеріліп, ажары кіріп қалыпты. Кітапхана мен клуб үйіне арналған ортақ ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жасалыпты. Клуб үйінің ауласы саябаққа көмкеріліп, мәдениет сарайының көркін ашып тұр. Қысқы мезгілге отын-суы әзір. Мекеменің көрермен залы жып-жылы, әрі жарықтандырылған.

Бұл ауылда биылғы кездесулерде жиі айтылған мәселелер толық жүзеге асыпты. Төрт көше жөнделіп, жарықшамдары іске қосылған. Канал қазылып, егінші қауымның еңсесі тіктеліпті. Осындағы ірі кәсіпорындармен бірлесіп, көпір салу ісі қолға алыныпты. Көпшілік алдында сөз бастаған аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы:
– Байкенже ауылына қарасты шағын елді-мекендерді де назарымызда ұстап, арнайы кездесу ұйымдастырдық. Сол кездесуде айтылған пікірлерді аяқасты етпей қаржысы мен құжатын қарастырып, халыққа ең қажет деген мәселелердің шешімін тауып келеміз. Уәде еткен ісімізді аяғына жеткізіп, елдің батасын алу үлкен абырой деп сенемін, – деді.

Байкенже ауылының халқы аудан әкімінің жұмысына ризашылығын білдіріп, осы елді мекендегі мектепке асхана және спорт залы қажеттігін жеткізді. Бұл мәселені аудан басшысы қолдайтынын, әрі жіті назарда ұстайтынын тілге тиек етті.

Айта кету керек, ауданда 9 елді-мекенде электр жүйесін жаңғыртуға демеуші есебінен жобалар жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, бюджеттен қаржы бөлінді. Осы қарқынмен тағы да 10 ауылдың жарық жүйесін жаңарту жоспарда тұр. Тарқатып айтсам, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық, Бірлік, Қосүйеңкі, Жаңарық, Ақсуат, Өзгент, Түгіскен, Қаратөбе ауылының жоба-сметалық құжаты жасалды. Алдағы уақытта республикалық деңгейде қолдау тапса жұмыс жүйелі жүретін болады. Өткен жылы Бірлік пен Қыраш елді мекеніне газ кірді.

Биыл Төменарық, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейденге газ кіретін болады. Ауыл жолдары да назарымызда, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолы мен 17 ауылдың 18 ауыл ішілік жолы орташа жөндеуден өтпек. Оған қоса, демеушілердің қаржысымен де бірнеше көшелерде жөндеу жұмыстары жасалады. Халықты әлеуметтік қолдау аясында мемлекет тарапынан қолдаулар үздіксіз жүретін болады.

Біз барған Кейден ауылының тұрғындары биыл ауылға газ кіретініне марқайып қалды. Сондай-ақ, Аққұм ауылына ойын алаңқайы салынады. Өткен кездесуде халық Аққұмның электр жүйесі сын көтермейтінін, желді күндерде жарық сөнетінін айтып шағымданған еді. Бүгінде жарық желісі КТЖ теңгерімінен шығарылып, КРЭК теңгеріміне өткізуге құжаттар әзірленуде. Бұйырса, жыл соңында сапалы электр желісіне қосылмақ ниетте. Кейденнің С.Мұхтаров көшесі, Аққұм мен Қауықтың көшелеріне 940 млн қаржы қаралады. Кейденнің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразәлі Әбжанов «Тайпақкөл-Қандарал» көлдер жүйесін қайта жаңғырту жұмысына жергілікті биліктің назары ауғанына ризашылығын білдірді.

Кезекті бағыт бойынша Жайылма ауылына бет алып, су жаңа 150 орындық клуб үйінің алдына жиналған жұртпен жылы жүздесу өрбіді. Жаңақорған ауданының мәдениеті мен өнеріне сүбелі еңбегін арнап жүрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Еңселі ғимарат заманауи үлгіде бой көтерген. Мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, ауыл өнерпаздарының өнерін өрге оздыруда. Сондай-ақ, бұл ауылда газдандыру жұмысы да жүруде. Су құбырын жаңарту бағыты да жүйеленіп келеді. Осы кездесуде ауыл халқы жастарға спорт кешенін салып беруін сұрады. Бұл ұсынысты аудан әкімі алдағы уақытта жоспарлайтынын жеткізді. Аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлының іскерлігіне тәнті болған ел ағасы Әбуов Әбдімәлік ақ батасын берді.

Шалқияда шалалық неге көп?

Шалқия кентіннің тұрғындары аудан басшысымен жаңа канал салынған тұста жүздесті. Бұл ауылда биыл жаңа клуб үйі өз жұмысын бастады. Құм-тас тасыған көліктер, шипалы санаторий мен «Шалқия-Цинк ЛТД» кенішінің қызу тіршілігінен-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы түзеле бастады деуге болатындай. Кенттің көлемі едеуір артып, жаңа үйлер менмұндалап тұр. Осы кездесуде жиналған жұрт ауыз су жүргізіп жатқан мердігердің ісіне көңілі толмайтынын, бір айда бірнеше жерде апаттық жағдайлар орын алатынын, жоба жүргізушілердің материал сапасына немқұрайлылық танытып отырғанын сөз етті. Тұрғындар атынан сөз алған Әділбек Көшербаев ауыз су мен лас судың мәселесін тәптіштеп түсіндірді Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы мердігердің жұмысы сапалы болмайынша жобаны қабылдап алмайтынын жеткізіп, халықтың көңілін жұбатқандай болды.

Он ауылдың оң ісі

Аудан әкімі бастаған делегация келесі күні Төменарық аймағы мен Сырдағы ауылдарға барып, елдің талаптілегін тыңдап, тындырымды тірліктерді түгендеп қайтты. Бұл жолы да сапарда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков, бөлім басшылары мен әр аймаққа жауапты депутаттар бірге жүрді.

Алдымен Сунақата елді мекеніне жол жүрдік. Шиелімен шекаралас ауылдағы ағайынның айтары көп емес. Тізгінді алдымен аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов алып, жыл бойына еткен еңбектің жемісін қысқаша саралап берді.
– Биылғы жыл Жаңақорған ауданы үшін табысты болды. Барлық саладан облыста озық болдық. Экономикамыз ілгерілеп, инвестиция көлемі артты. Ауылшаруашылығы, өндіріс, кәсіпкерлік және басқа да салаларда істеріміз оң нәтиже берді. Әсіресе, тазалық мәселесін жолға қойып, үздіктер көшінде болдық. Айта берсек, жасалынып жатқан жұмыстар өте көп. Бұның барлығы алдымен елдің несібесі, халықтың ниетінің, пейілінің кеңдігінің жемісі. Азаматтардың қызметінің, қазыналы қарияларымыздың ақ батасының арқасында керемет нәтижеге қол жеткіздік. Бұйырса, келер жылы бұдан да биіктерді бағындыруға ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылып жұмыс жасау керекпіз, – деді аудан басшысы.

Сунақата халқы электр желілері мен бағаналары тозуына байланысты жаңғыртуды сұраған еді. Бұл мәселе де көп ұзамай шешіледі. Келер жылы 10 елді мекеннің бағаналары мен желілерін жаңғырту басталады (жоба құны 3,2 млрд теңге). Тізімде осы ауыл да бар. 2024 жылы толық аяқталатын болады.

Одан кейін, әкімдік ғимаратын кәсіпкерге салдыртып сатып алуымыз керек, бұл жөнінде ауыл әкіміне тапсырма берілді, – деді. Яғни, бір кәсіпкер өз қаражатына үй бағытында жаңа әкімдік ғимаратын салса, оны мемлекет есебінен сатып алып, әкімдікке өткізеді. Бағасы арзан, сапасы сын көтереді және уақыттан ұтамыз делінді. Бұл өте құптарлық ұсыныс. Сол секілді көшеге асфальт, тас төсеу жайы да қозғалған болатын. Ол да шешіледі, тек келер жылы газ құбырын кіргізуді бастағанда сол асфальт жолдар қайта қазылмайтындай әрекет етуді тапсырды.

Екпінділік ел күткен жаңа клуб үйі салынатын болды. Аудан әкімі Сенат депутаты Руслан Рүстемұлының еңбегін ерекше атады. Аяқ су мәселесі шешіліп, тоспа салу қарастырылуда. Ол бірақ уақыттың еншісіндегі шаруа. Жарық жүйесі шешіліп тұр, келесі жылы ауылдың жарық жүйесі толықтай жаңғыртылатын болады. Жаңа электр бағаналар мен сымдар, трансформаторлар қойылады. Сондай-ақ, көпшілік күткен газ мәселесі де келер жылы шешілетінін айтты.
– Жыл соңына дейін 5 ауылдың газын кіргізуге жұмыс жасалуда. Бұйырса, келесі жылы Төменарық аймағындағы 5 ауылдың газ құрылысын бастауға ниеттіміз. Оған мемлекет тарыпынан 5 млрд теңгенің қаржысы кетеді. Бұл мәселеде бізге жерлесіміз, депутат Мұрат Әбенов тілектес болуда. Жақсының жақсылығын айту керек, келер жылы 5 ауылдың газ құбырларын бастасақ, Құдай қаласа, 2025 жылы толық аяқтауға мүмкіндік бар. Одан кейін, Сыр беткейге көшеміз, – деді Мұрат Жолкелдіұлы.
Тағы айта кететіні, биыл 10 ауылдың аркасы заманға сай түрленіп, қайта бой көтерді. Келесі жылы Екпінді ауылының да аркасы салынатынына аудан әкімі уәде етті.

Сүттіқұдықта да жарық мәселесі шешіледі, көшені абаттандыру, жол салу жөнінде де жасалатын жұмыс бар. Бұл ауылдың да басты талабы көгілдір отынның келуі. Одан бөлек, клуб үйінің жаңғыртылуы мен аяқ су мәселесі көтерілді. Иә, аяқ су барлық ауылдың бірінші кезектегі тілегі. Өйткені ауылдағы ағайынның тіршілігі мал және егін шаруасы. Әсіресе, жер-анадан нәпақасын тауып отырған бұқара судан таршылық көрмеуді тілейді. «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдер жүйесін тазалау бойынша ҚР Экологгия геология министрлігінің Су ресурстар комитетінде құрылыс жобалау (пир) жұмыстары жсалуда.

Ал, Төменарық тұрғындары қаншама жылдан бері шешілмей келе жатқан аурухана мәселесінің оң қорытындысы шыққанына қуанып, бөркін аспанға атуда. Әрине, қуанатындай жағдай. Келесі жылы пайдалануға берілсе, бір емес, 5 ауылдық округ тұрғындарына қызмет жасайтын аурухана жаңа үлгідегі жабдықтармен жабдықталады. Аудан орталығына уақыт жоғалтпай ауылдан ем-дом алатын мүмкіндікке көпшілік кездесуде тек алғыс айтумен шектелді. Тіпті акушерлік кабинеттің де қосылуы әбден мүмкін, жаңа жедел-жәрдем көлігі беріледі. Ауыр халдегі науқастарды аудан немесе облыс орталығына жеткізетін көлік болады.

Одан бөлек ауыз суы шешіліп, жолдар келер жылы жөнделеді. Алла сәтін салса, осы қыста ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көруге ниетті.
Тіршілігі тұрақты Төменарықта ілкімді істер аз емес. Аудан басшысы аурухананың құрылысын сапалы, әрі уақытылы бітіруге ауыл халқының қолдан келсе жәрдемші болуына шақырды. Басталған іске жәрдемші болуына, кедергісіз бітіруге тілеулес болып, ақ баталарын беріп отыруға үндеді. Өте дұрыс. Сол секілді Қожмаберді тұрғындарының да тілеуі бір. Ол – газ, жол, аяқ су, Төменарықтағы аурухананың құрылысы. Қожамберді ауылында жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан спорт кешенінің қаржы мәселесі шешілсе деген тілек болды.
Енді әр ауылға тапсырылғандай, ауылға кіре беріс күретамыр көшелер кент орталығындай жарқырап, елге қажетті демалыс паркі немесе жастар баратын рухани орталықтар салынуы тиіс деп тапсырма жүктеді. Сондайақ, әрбір жаңа арканың түнгі көрінісі жарқырап тұруы үшін жарық қойылуы керек. Ол да биылдан қалмайтын шаруа.

Түс ауа Сыр беткейдегі ауылдарға жол жүрдік. Алдымен Қыркеңсе ауылына аялдадық. Егін мен төрт түліктен тіршілігін түгендеп отырған берекелі ауылда да жасалынып жатқан жұмыс аз емес. Ауылда көнерген клуб үйі қайта жаңғырып, көшелер асфальттануда. Жалпақ тілмен айтқанда, ауыл келбеті көркейіп, әлеуеті артып келеді. Сауал арасында “Іңкәр-ай” мемлекеттік балабақшасының акт залын салып беру туралы ұсыныс түсті. Мектеп пен балабақшаларға облыстық білім басқармасы жауап беретін болғандықтан бұл жұмысты тездетуге өтініш жеткізілетін болады. Жыл сайын жаңғырып келе жатқан Жаңарықтағы жұрт та аяқ судың күйін күйттеді. Күріштікке су беру мәселесі диқандарды жыл сайын алаңдатып қояды.

2024 жылы ротация бойынша егілетін егістік алқаптарға, оның ішінде күріш алқаптарда биылғыдай аяқ судың тапшылығы туындауы ықтимал. Соған орай шаруа қожалықтарға келесі жылға мүмкіндігінше суды аз көлемде қажет ететін өнімдерді егуге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, ауыз судан да проблема туындаған болатын. Ол да ретке келтірілді. “Жайлы мектеп” жобасы аясында ауылда жаңа білім ордасы бой көтеріп жатыр.

М.Нәлібаев ауылдық округінде де биыл жаңалық көп. Ең бастысы, ауыл халқына заманауи спорт кешені берілді. Каналдар тазалау мен насос мәселесі осы бастан реттелуде. Ерте көктемде егіс басында кетпенін арқалайтын диқан қауымға бүгіннен қамдану керектігі айтылуда. Өзгенттіктер жақын күндері жап-жаңа клуб үйіне кіретін болады. Бұл жолғы елмен жүздесуді ауыл әкімі окруке қарасты Ақсуатта өткізді. Көпшіліктің сұрауларына жауап берген аудан басшысы электр жарығы мен жолдар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жүйеледі. Ойын алаңқайы туралы да айтылды. Бәрінен бұрын әбден тозған білім ордасына күрделі жөндеу жүргізуді жеткізді. Мектептің сыртқы және ішкі жұмыстарына күрделі жөндеу жасауды келесі жылдан қалдырмауды тапсырды.

Екінші күнгі сапардың соңғы ауылы Қожакентке келдік. Каналдар тазалау да бұл ауылдың басты мәселесі. Одан бөлек, 1985 жылы салынған №168 орта мектепке «TechPowerBuild» ЖШС-нің 23.11.2022 жылғы №62 «Ғимараттың техникалық жағдай жайлы» эксперттік қорытындысымен ғимарат авариялық жағдайда деп танылған.

2023-2027 жылдарға құрылысы қажет, оңтайландырылуы тиіс білім беру объектілерінің «Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі бойынша құрылысын салуды қажет ететін объектілер» тізіміне енгізілген. Бюджет мүмкіндігіне қарай шешілетін болады. Жалпы құт қонған Қожакентте ілкімді істер аз емес. Аймақтағы үздік ауылдар көшінде тұруы да заңдылық. Қалғанын уақыт көрсетеді.

                                                                           ***

Су тапшылығын көріп, егіншілік саласын әртараптандыруды қуаттаған Сыр беткейдің диқандары қамбаға астығын жинап, алдағы көктемгі науқанға дайындығын бастапты. Қамыс-қоңқаға толған каналдың көзін ашып, ағын судың еркін көсілуі үшін білек сыбана іске кіріскені байқалады. Күріш озаттары тұратын Аққорған ауылының тұрғындарымен жылы жүздескен аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы биылғы жылы атқарылған жұмыстар төңірегінде сөз етті.

– Жаңақорған ауданының 95 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өттік. Той қарсаңында көркейтукөгалдандыру жұмысы қарқынды ұйымдастырылды. Республикалық ақындар айтысы, 95 түрлі мәдениспорттық іс-шаралар өтті. Әр ауылда маусым сайын кездесулер өтіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, еленбей жүрген келелі мәселелер өз шешімін тапты. Аққорған ауылында осы кездесуге дейін айтылған 5 мәселені назарымда ұстап, жыл аяғына дейін берген уәдемді орындадым. Тағы да сіздердің алдарыңызға мұңмұқтаждарыңызды тыңдауға келдік, – деді.

Расында, аудан әкімінің кездесуінде айтылған бес мәселенің түйіні тарқатылған. Тарқата айтсам, Түгіскен ауылы бойынша электр желілері тозығы жетуіне орай, елді мекендегі тұрғын үйлер секторының инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (электр желісі) бойынша демеушілік арқылы жоба сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алды. Сонымен қатар, осы жылдың үнемделген қаражат есебінен Түгіскен елді-мекені көшелеріне тартылатын электр желісін жүргізу үшін қауымдық сервитут белгілеуге 3,2 млн теңге бөлінді. Электр желісінің жалпы сметалық құны -683,1 млн теңге.

Көпшілік кездесуде ауылға бағытталған жұмыстарға елдің көңілі толғаны байқалды. Мұны біз аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлына деген халықтың ақ тілектерінен аңғардық. Соның бірі еңбек ардагері, Айша Наубаева:
– Сіздің басшылыққа келгеніңізге көп уақыт болмаса да әр салада ілгерілеу байқала бастады. Әсіресе, кенттің ажары артып, 50 отбасына баспана сыйлап, елді риза еттіңіз. Аққорған ауылында бірнеше көшеде жарықтандыру жұмысы басталды. Ауыз су да жүргізіледі. Мұндай игілікке қолымыз жеткеніне ел болып қуанып отырмыз, – деді ол.

                                                                  ***
Аудан әкімінің елді мекендерге сапары жалғасуда.

Әлібек Жарықбаев, Мақпал Марқабай

30 желтоқсан 2023 ж. 302 0