Аудан әкімі ауылдарды аралады
Дүйсенбіден бастап аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов ауылдық округтерді аралап, ауылдағы ағайынның талап - тілектерін тыңдап, ұсыныс-пікірлерін пайымдап, есеп беру кездесуін бастады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, әрбір 3 ай сайын аудан әкімдері елді мекен тұрғындарымен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды жүйелеп, меже мен жоспардың жай-жапсарын түсіндіруге міндеттелген. Осы бағытта Көктөбеден басталған сапар сейсенбі күні Өзгент, М.Нәлібаев, Қыркеңсе, Жаңарық, Байкенже және Кейден ауылдық округтармен жалғасты.
Аудан әкімі бастаған делегат құрамында аудандық маслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, аудан прокуроры Дабыл Аянұлы, жауапты бөлім басшылары жүрді.
Осыдан 3 ай бұрын кездесудегі елдің қойған сауалдарына Мұрат Тілеуімбетов жауап беріп, алдағы жоспарға ұсыныстарды қағазға түсірді.
Алдымен ауыз су, газ, жарықтандыру және жол мәселесінде жасалып жатқан жұмыстарды саралаған аудан әкімі ауыл халқымен еркін форматта тілдесіп, елдің мұң-мұқтажын тыңдады. Мәселен, Жаңарық пен Байкенже халқы жаңа мектептің құрылысын асыға күтіп жүргенін білеміз. Бұл жөнінде аудан басшысы Байкенжедегі білім ордасының іргетасы келер жылы қаланатынын сүйіншілесе, жаңарықтық ағайынға да жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.
Сол секілді кейдендіктер де жол жөнделіп, канал қазылуын асыға күтіп жүр. Аққұмдағы ағайын жарық мәселесіне мән беріліп, ертерек шешімін тапса екен деп тілеп отыр. Бұл қысқаша. 3 ауылда бұдан да басқа мәселелер көтеріліп, нақты жауап айтылды. Бұл туралы аудандық газеттен толық оқи аласыздар. Сондай-ақ, жеке қабылдаулар жүріп, жеке бастың мәселелері көтерілді.
Қамба дәнге толсын...
Биылғы жылдың алғашқы орымы басталды. Күрішке орақты қыркеңселіктер түсірді. Көшті бастаған Қыркеңсе ауылдық округіндегі "Бекарыс-С" шаруа қожалығының төрағасы Серік Мырзабаевтың қырманына барып, салтанатты түрде лента қиылып, ақсақалдар батасын берді.
Бүгін Жайылма, Сунақата, Екпінді, Қожамберді, Төменарық, Сүттіқұдық ауылдық округтің тұрғындарымен кездесу өтеді.