Еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған кеселдің бірі – сыбайлас жемқорлық. Онымен күресу – баршамызға ортақ міндет. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Иә, жемқорлық дерті қазіргі қоғамда ең өзекті мәселеге айналды. Президент әрбір Жолдауында да осы тақырып аясында нақты міндеттер жүктеп, тақырыпты күн тәртібінен түсірмеуге пәрмен берді. Өйткені, біздің елде де сыбайластық салмағы тым ауырлап тұр. Бұл барлық сала мамандарына қатысты тақырып болғандықтан талқыға түсіп тұрады.
– Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпебет келеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.
Біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз, экономикалық реформалар мен дағдарыс кезеңі, трансформация уақыты. Зерттеулерге сәйкес, жемқорлық – қоғамның негіздерін бұзады, дамуға қауіп төндіреді, мемлекеттік органдарға деген сенімділіктің төмендеуіне ықпал етеді және қоғамның экономикасы мен моралын бұзады. Бұл дертпен күресу әлемдік саясат, онымен күресу мемлекеттік міндет. Өйткені, елдің ертеңіне, баянды болашағы мен кемел келешегіне балта болып шабылатын шырмауықтан құтылу өте маңызды. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықтың үлкен кемшілігі, ол мемлекеттің экономикалық салаға зиян тигізіп, елдің және оның әрбір азаматының жалпы әл-ауқатын төмендетеді. Бұған қоса, мұның бәрі халықтың үкіметке деген сенімін жоғалтуы мүмкін.
Осы жағдайларды жүйелеп, қазір барлық мемлекеттік мекемеде, тиісті салаларда түсіндірме жұмысы мен оған қарсы әрекеттер жүргізілуде. Біздің аудандық «Қазынашылық» басқармасында да осы мәселе төңірегінде тиісті түсіндірме, маңызды кездесулер өтіп тұрады. Бұл барлық қызметкерлерге міндетті жүктеме. Тағы бір айта кетерлігі, енді біздің елде рақымшылық легі тоқтайды. Яғни, жемқорлықпен істі болғандарға енді заң да қатал. Осыны назарда ұстаған абзал...
Гүлнұр ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ, аудандық Қазынашылық
басқармасының бас маманы-бас қазынашысы