№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Екі ауылдың әкімі есеп берді

Екі ауылдың әкімі есеп берді

Ауыл әкімдерінің есебін тыңдау арқылы Үкіметтің тапсырмалары мен бағдарламаларының жергілікті жерде жүзеге асырылу деңгейіне нақты баға беруге болатын тәрізді. Сейсенбі күні өткен аудан әкімі мәжілісінде есеп берген Жаңарық және Жаманбай батыр ауылы әкімдерінің атқарған жұмыстары жөніндегі хабарламасы біраз жайдың бетін ашып бергендей.


Алдымен шығып сөз алған Жаңарық ауылдық округі әкімі С.Құлатаев 2023 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Нақтылап тоқталсақ, ауылдағы маңызды көшелердің бірі – Ә.Тәжібаев көшесіне орташа жөндеу жұмысы жасалған. Елді мекендегі спорттық алаңқай ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Елдімекен кіреберісіндегі арка жаңартылып, жарықшамдармен безендірілді. Жаңарық елді мекеніндегі Р-22- 4 каналын «ОРДА СТРОЙ ИНВЕСТ» ЖШС қазып, тазалау жұмысы жасалған. Бес миллион алты жүз мың теңгеге электр бағандарына электр жарықшамдары орнатылған. Ауыл әкімі одан әрі салықтық түсімдердің орындалуы жөнінде хабардар етті.

Ауыл әкімі есебінде қамтылған бюджеттен бөлінген қаржыға атқарылып жатқан жұмыстардан бөлек ел тұрмысын арттырып, әлеуетін ілгерілетуге бағытталған қандай да бір ілкімді істің қылаң бермеуі бұл ауылда жұмыстың сылбыр жүріп жатқанының нақты дәлеліндей. Міне, осы жайбасарлықты сынға алған аудан басшысының ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында атқарылған жұмыстар жөнінде қойған сұрақтарына елдің егесінің нақты жауап бере алмауы да көптің көңіліне кірбің ұялатқанын жасыруға болмайды.

Елде қандай күрмеулі мәселелер бар? Халық санының өсуі, жастардың жұмыспен қамтылу жайы қалай? Мұнан өзге атаулы әлеуметтік көмек алатындардың үлес салмағын азайту, кәсіпкерлікпен айналысамын деген талапкерлерді қолдау мәселесі тұрғысында берілген сауалдарға да ауыл әкімінің жарытымды жауап бермеуі оның жұмысының өз дәрежесінде жүрмей отырғанын көрсетті. Бұл жөнінде қатаң сын-ескертпелерін айтқан аудан әкімі ең бастысы халық қызметшісінің бойында елге жанашырлық, мемлекетшілдік мүдде болмайынша көптің игілігіне бағытталған мақсатты жұмыстың қадамы тұсалатынына қынжылып, әкімдерін өзі сайлап алуға құзіретті ауыл халқы да осы ретте жеті өлшеп, бір кесіп нақты қолынан іс келетін азаматты жаңылмай табуға мүдделі болса, атамекеннің бағы сонда жанады деген өмір ақиқатына көп назарын бұрды.

Ауыл әкімінің тынымсыз еңбегі елдегі жарқын жаңалықтардан айқын көрініс беріп тұрады. Мұны келесі кезекте мінберге көтеріліп, ә дегеннен атқарған жұмыстарын тізбелеп қоя берген Жаманбай батыр ауылы әкімі Әлібек Абдуллаевтың есебінен аңғардық. Ауылдық округте 3400 халық бар. 114 кәсіпкер тіркелген екен.

2023 жылдың басынан бері 8 адам қайтарымсыз несие алған, 21 адам жаңадан кәсіпкерлігін ашқан. «Ауыл аманатына» 8 адам құжат тапсырыпты. Бесарық ауылына салынатын спорт кешені және Кеңес ауылына салынатын клуб үйінің жоба-сметалық құжаты мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, тендер жеңімпазы анықталып отыр екен.

Биылғы жыл кәсіпкерлерге шектеудің алынып тасталуына байланысты олардан өндірілген табыс салығы көлемі он жеті есеге артық орындалған. Төртінші деңгейлі бюджетке түскен салық мөлшерінің көбеюі жоғарыдағы бюджет көздерінен алатын субсидияның көлемін азайтуға жол ашады. Аудан әкімі алдағы уақытта кент, ауыл әкімдеріне рейтинг жасалған кезде осы көрсеткішті негізге алуды ұсынды. Жаманбай батыр ауылында өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті 13 адам алып келсе, биыл ол 4 адамға азайыпты. Бұл да ауылда тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүдделі ортақ іс-қимылдың бар екенінің дәлелі.

Биыл Жаманбай батыр ауылдық округі облыста «Үздік ауыл» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орыннан көрінді. Бұл жеңіс ауылдың орналасу жағдайы, тазалығы мен тәртіптіліктің орнығуы, елді мекеннің келбетінің көркейе түсуі, түптеп келгенде, тұрғындардың ынтымақты тірлік жасай білген еңбекқорлықтарының нәтижесі. Жақсы жұмысқа жақсы бағасын берген аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов алдағы уақытта осы қатарға инфрақұрылымы жөнінен әлеуеті бар ауданымыздағы Қожакент, Бірлік, Машбек ауылдарының көрсеткіш деңгейін жеткізу талабын қойды. Бұл жерде тағы да әкімдердің іскерлігіне, елмен тіл табыса білер ұйымдастырушылық қабілетіне көп нәрсе байланысты ескерткен аудан басшысы сондай-ақ осы мекендерден сайланған халық қалаулыларына да үлкен үміт артылып отырғанына тоқталды.
Мәжілісті қорытындылап, екі ауылдың әкіміне тиісті тапсырмаларын берді.

Баян Үсейінова
04 желтоқсан 2023 ж. 358 0