№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала контенті көңілге қона ма?

Бала контенті көңілге қона ма?

Ұлттық телеарнада балаларға арналған ұлттық құндылықтарды дәріптейтін контенттің аздығы көңілімізге батады. Балаларға арналған жалғыз арна “Балапанда” бала қызығып көретін мультфильм, қазақ тіліндегі қысқа метражды көркем фильмдер жоқ емес. Неге екенін қайдам, мектепке бармаған ұлым оның бірін көріп алған соң, орыс тілді арналарға ауысады. Неге? Оның басты себебі, орыс тілінде көрсетілген ертегілер өте сапалы таспаланып, адамды мейірбандылық пен ізгілікке жетелейтіні көрерменін еріксіз жаулап алады.


ОТАНДЫҚ ТЕЛЕАРНАДАҒЫ ТРЕНДТЕР

Отандық телеарналарда балалар мен ата-аналар бірге отырып тамашалайтын туындылар бар. Бірақ олардың дені ойын-сауыққа, арзан күлкіге, баланың көңіл күйін уақытша көтеруге ғана лайықталған сияқты көрінеді.Телеөнім көрерменінің жүрегіне жету үшін сапалы дыбысталуы маңызды. Барлық өнімді бір дауыспен дыбыстап аударылуы баланың санасын шаршатады. Балақайларды қайдам, ересектердің өзі тыңдауға шыдамы жете бермейтін шіңкілдек дыбысы құлақты сарсытады. Бала не көрсе, сол бейнені өмірде қайталайды. Көгілдір экраннан, кітап пен журналдан нені оқыса, соған еліктейді. Себебі, бала псикасы солай. Осы тұрғыдан алсақ, біздің балаларға ұсынып жүрген контентіміз жұтаң екеніне көз жеткізесің. Неге бұлай? Біз мұны талдап көрейік.

Біздің елімізде қазақша мазмұндағы арналар кішкентай көрерменнің сұранысы мен талғамын ескере ме? Әлбетте, қызықты оқиғаларға құрылған мультфильмдер, қысқа метражды кинолардың балаға тәлім-тәрбиелік маңызы зор. Тарқата айтсақ, «Balapan»- дағы «Тоқты мен Серке», «Жібек», «Ертемір», «Айдар», «Аралар отбасы» сияқты мультфильмдерді, «Расулдың хикаялары», «Тентек», «Теңбіл доп» сияқты телехикаяларды қазақ балалары қызығып көретіні рас. Себебі, бала жүрегіндегі батырлық пен қайсарлықты бейнелеген.

Бірақ олардан өзге өнімдер болмаған соң, қайталап қояды, біздің кішкентай көрермендер де қайталап көруге мәжбүр. Біраз уақыттан кейін бұдан жалығып, еріксіз басқа тілдегі арнаға ауысады. Бір ғана мысал, өзгенің өнімі «Элвин және алақоржындар» деген мульттоптама балаға да, үлкенге де әрқашан қызықты. Баланың жандүниесін жалықтырмайтын, өзіне бірден тартып алатын оқиғалары есіңізде сақталады. Демек, біздің елдің шетелдік өнімге тәуелділігі бар, әрі өз аудиториясының сұранысын қанағаттандыра алмай келеді.

YouTube пен Тик-Ток баланы тәрбиелей ме?

Біздің балақайлар қандай тақырыпқа қызығады деген сауал туындайды? Сөздің шындығы керек, бүгінгі балалар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ деудің қисыны келмес. Интернет біздің өмірімізге дендегеннен бері жаңа медианы таныпбілетін, соның игілігін толық пайдалана алатын заманауи ақпарат алу форматын меңгерген буын өсіп келеді. Қазір кез-келген жастағы баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін басып, өзіне қызықты дүниелерді тауып алатыны анық. Ақиқатында интернет ресурсында мемлекеттік тілдегі балаларға арналған туындылар өте аз. Міне, ата-ана балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты ең танымал мультфильмдерді қосып береді. Бір ғана YouTube-та «Маша и медведь»-ті күніне 2 миллиардтан астам адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше қазақ тілінде мұндай өнім жоқ. Интернет ресурсын дамытуға қыруар қаржы игерілгенімен көшіміз озбай тұрғыны анық. Десе де осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүрген жас өнертапқыштар жетерлік. «Еркетай кз» платформасының негізін қалаушы он жасар Кәусар Наржан YouTube арнасын тамашалайтын балаларға есімі таныс. Ол өзі ойлап тапқан ертегісінің кейіпкерін сөйлету арқылы шағын бейнероликтерін интернетке жүктеп, қаламақысын тауып жүрген жерлесіміз. Қазір оның «Мақтаншақ бақа» ертегісінің қаралымы 1 5996 қаралым жинады. Үш айдың ішінде жүргізген контенті халықтың сұранысына ие болуы сүйсіндірді. Отандық аниматорларға арналған жүйелі жоспарлар болмаса да, оларды жігерлендіру мақсатында жыл сайын үздік анимацияға қомақты қаржы ұсынылуда.

Чики, Ча-Ча, Бум-Бум, ЛяЛядан қай жеріміз кем?

YouTube арнасындағы үздік контентті 5 топқа жіктеп қарастырады. Тарқата айтсақ, «Күміс батырмасы», «Алтын» батырмасы, «Гауһар батырмасы», «Лағыл» батырмасы және «Қызыл гауһар тас» батырмасына ие тұлға осы платформаның сыйақысына ие болады. Біздің елімізде күміс батырмаға ие мыңдаған адам болса, екі алтын, бір гауһар батырманың иесі бар. Димаш Құдайбергеннің YouTube-арнасы еліміздегі ең үлгілі контент. Оның аудиториясына әлемнің 182 елі кірген. Ал, бүгінде түрлі-түсті киімдегі Чики, Ча-Ча, Бум-Бум, ЛяЛя атты кейіпкерлерді екінің бірі біледі десек, артық айтқандық болмас. Олардың ырғақты әндерінің қаралымы бірнеше миллиардтан асып кеткен. Көңілді төрттіктегі кей жігіттердің жүзі әсіресе қазақ аудиториясына таныс сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені балалар контентімен әлемді бағындырып жатқан шығармашылық ұжым қырғыз елінің өкілдері.

Музыкалық топтың қырғыз, ағылшын, орыс, испан, француз, португал, араб, индонезия сияқты сегіз тілде контент тарататын он YouTube арнасы бар. Негізгі D Billions деп аталатын арнаның жазылушылары бүгінде 22 миллионға таяп қалған. Ал каналдағы жалпы қаралым 25 миллиардқа жуықтайды. D Billions бриллиант батырмаға ие Орта Азиядағы жалғыз Youtube канал. Ал видеолардағы әндер Spotify, Amazon, iTunes, Apple Music, Deezer, Yandex, Музыка, Вконтакте секілді ән сатып алу платформаларына жүктеліп отырады. D Billions жас көрерменді әндеріндегі көңілді мотивпен, балалар аудиториясына бейімделген қарапайым мәтіндермен жаулап алды. Кейіпкерлері алфавит әріптері туралы айтады, ағылшын сөздерін үйретеді, бүлдіршіндерге қайталау оңай би қимылдарын көрсетеді. Кейіпкерлердің образы жарқын, түс үйлесіміне, түстің визуал ықпалына қатты мән берілген. Топ танымалдыққа ие бола бастағанда олардың кім екенін білгісі келетіндер саны көбейді. Олардың бірі филиппиндіктерге, бірі қытайларға, енді бірі орта азиялықтарға ұқсатып жатты.

Тек 2021 жылдың ақпанында арнаға қырғыз тілінде бірнеше бейнероликтер шығарылғаннан кейін D Billions қатысушылары жас қырғызстандықтар екені туралы ақпарат шықты.

Ал, біздің отандық контентте осындай прототиптегі «Алдаркөсе», «Мақта қыз» бейнесіндегі аниматорлардың кескін келбеті көпті еліктіре алмай тұр. Оған себеп, жұпыны стильдегі кейіпкерге бала қызыға бермейтіні анық. Меніңше, ұлттық ертегілердің ішінен Ча-чачадан артық Күнекей қыз образын неге ұсынбасқа? Қырғыздың кейіпкеріне бәсеке болып тұрған Алик.кз-тің көрермендерінің көбі балалар. Ол интернет ресурсындағы жаңа ойындарды насихаттап, әрі оның ойнау әдіс-тәсілін көрсетеді. AJIuKZ есімімен таныс блогерге 211 млн адам жазылған, бір видеосы 593 млн қаралым жинаған. Қазақша контент қалыптастыруға үлесі бар десек те, балалардың психологиясына кері әсері мол атысшабыс ойынын насихаттаудан әрі аспайды. Міне, осы платформаға тіркелген балалар сабағын жиыстырып, алтын уақытын текке кетіріп, мәні жоқ нәрсеге әуестеніп жүр. Бұл туралы аудандық емхана басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Ғалия Төребаева өз ойын жеткізді.

– Интернет жылдамдығы артқан сайын балалар арасында неврологиялық аурулар артып келеді. Балалардың туабітті неврозы, жүйке жүйесінің әлсіздігі, көз ауруларының түр-түрі интернетке тәуелділігі жоғары балаларда кездесуде. Ата-аналардың баласының денсаулығына бей-жай қарауы, жұмысбастығы баланың үйде қандай контенттерді қарайтынын бақылауға мүмкіндік бермейтіні де анықталды. Менің ойымша, ел болып балалардың болашағы үшін интернеттегі қажетсіз ақпараттарға тосқауыл болып, әр баланың саулығына мән беру керек. Әйтпесе, келешек буын ұлттық құндылық пен парасат-пайымнан жаңылады, – дейді. Ауданда балалар кітапханасында көп жылдар бойы қызмет етіп, өзінің ізденісін дамытып, әр сенбіде ертегі оқып, оны әлеуметтік желі арқылы жолдап жүрген кітапханашы Мейрамкүл Жиенбаеваның жұмысына әжелер қауымы да риза. Бұл әр отбасында ертегі оқу сағатын қалыптастыруана себепші болуда. «Дәстүрге жол» қазақ аналарының ватсап желісіне тіркелген мыңға жуық аналарға бесік жырынан бастап салт-дәстүрді үйрететуде.

Балалар аудиториясының мониторингі жасала ма?

Біздің алдымыздағы ең үлкен мәселе – балалар аудиториясын терең зерттеп, ақпарат тұтынуға қатысты мониторинг жасау. Бұл міндетті медиа саласында ашық, тәуелсіз зерттеулер жүргізетін үкіметтік емес институттарға жүктеуге болады. Алайда ондай институттар бар ма бізде? Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі статистикалық мәлімет берумен ғана шектелетінін ескерсек, ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты мәселенің әлі ешкімді ойландырмайтынына көз жеткіземіз.

Өткен жылы Үкімет мәжілісінде баланы буллингтен қорғайтын заң қабылдады. Бірақ, бұл заңның толық жұмыс істеуі үшін әрбір ата-ана құқықтық жағынан сауатты, заңның орындалуына үлес қосуы маңызды. Балалардың әлеуметтік желілерге, виртуалды ойындарға тәуелділігі деген мәселе тағы бар. Отандық сарапшы-мамандардың зерттеуіне сүйенсек, қазіргі кезде ата-ананың 49,7 пайызының белгілі бір себептермен (жұмыстан қолы босамайды, үйдегі шаруадан бос уақыты жоқ және т. б.) балаларымен үнемі уақытын өткізуге мүмкіндігі жоқ. Яғни ондай отбасылардың балалары күні бойғы уақытын өзі жоспарлайды, өзі өткізеді. Ондай ата-аналар баланың қауіпсіздігі үшін қажетті қарапайым қағидаларды да ұстанбайды. Мысалы, теледидар көріп отырған балаға ата-аналар бақылауы деген бағдарламаны қосуға болады. Бұл бағдарлама соңғы үлгідегі барлық теледидар модельдерінде бар. Ол арқылы күдікті контентті, қажетсіз қосымшаларды бұғаттап тастауға мүмкіндік бар. Тіпті баланың экранның алдында қанша сағат отыратынын шектейтін тетіктерін де қосуыңызға болады.

ТҮЙІН. Шын мәнінде балалар контентінің ақсап тұрғанына өзіміз кінәліміз. Бала өмірі үшін ортақ талап қоя алмай келеміз. Анаған бір, мынаған бір телмірген баланың көңілін жұбата алмасақ, тіл мен салт-дәстүрді өзбек пен қырғыздардай қорғай алмасақ, дініміз бен ділімізді өз тұғырына қоя алмасақ кімге өкпелейміз?! Сондықтан әр арнада ұлттық құндылыққа толы, заманауи талапқа сай, бала қиялы мен бос уақытына тиімді орайласқан бағдарламалар көрсетілсе жөн болары сөзсіз. Ал, сіз не дер едіңіз?

Мақпал Марқабай 

05 желтоқсан 2023 ж. 275 0