№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қазықты қайда байладық?

Қазықты қайда байладық?


Бүгінде түрлі шоу-бағдарламалардың ішінде рейтинг бермей тұрған, жастардың, қала берді орта буын өкілдерінің сүйікті бағдарламасына айналған «Қалаулым» екен. Ал, енді ойлап қараңыздар: «Ұлың өссе қанат болар, қызың өссе жанат болар» – деп жүрген, ата-бабамыз ұрпағына бет жұлысқан жұлдыз болып, ұят атаулысын ысырып, жігіт іздесін деп тәрбие берді ме? Намысшыл ерлерімізді бірін-бірі әдепсіз сөздермен түрткілеп, жұдырықтассын деп тәрбиеледі ме? Әрине, олай емес. Қазақ әу бастан қызға қырық үйден тыйым салып, тәрбиелеген халық. «Қыз өсірсең ұятымен» – деп, қазақ қыздарының ар-намысын сауысқандай сақтықпен, қырандай қырағылықпен қорғаған. Қазақ қызы – ел айнасы. Бәлкім, «Қалаулым» бағдарламасына барып, өз ұлтын ұяттың табанында қалдырған әпкелеріміз өздерін ел айнасына теңеп жүрген болар. Өкінішке орай, ер адамның алдына шығып жарыса сөйлеген, бетбақтырмастай жыртыңдап күлген жеңіл мінезді арулар естерін жия қоймаған бойжеткендеріміздің санасын улап жатыр. Шыр-пыр болып «Қалаулым» жабылғандығын қалап, мақала мен үндеулерін жолдаған ар-намысы бар аға-әпкелеріміздің наразылығын да ешкім құлағына ілмеді. Мейлі. «Қалаулым» шоу делік. Олай болса, салт-дәстүріміз бен құндылығымызды дәріптейтін, мәні бар шоуларды неге көбейтпеске?! Қыздарымыз байырғы әжелерімізден кем түспей, он саусағынан өнер тамызып, ұлттық тағамдарымызды пісірсе, ерлеріміз көкпар сынды ұлттық ойындарымызды дәріптеп, биігіне жетсе, шоу атаулының шыңы осы болар еді.
Кино – адамның санасына мықты әсер ететін идеологиялық құрал. Бәріміз де бала кезімізде, үндінің Анандиына қызығып, өзіміздің салт-дәстүрімізді білмесек те, сериалдан көрген Үндінің қимылы мен қылығын айнытпай қайталап өстік. Ұлттық идеологияға әсер еткен осындай сериалдардың зардабын айта өткім келіп тұр. Біріншіден, психологтар мұны дерт санайды. Яғни, сериалдың ескірткіден айырмасы шамалы. Ол да сені еріксіз мәжбүрлейді. Өзіне басыбайлы етеді.
Екіншіден, сериалдағы факторлар адамдарға қаншалықты әсер етеді деген сауалға жауап іздегендер мынадай қорытынды шығарыпты: 21 пайыз адамдар қастандық жасауды үйренсе, 14 пайызы меланхолияға шалдығады. Сериалдың музыкасының адамдарға әсер етуі – 26 пайыз болса, сценарийдің әсер етуі – 6 пайыз ғана екен. Неліктен осы сериалдардың зардабынан басқа тәрбиелік мәні жоқ екендігін біле тұра, әлі де барлық телеарналарда Үндістанның арзанқолды сериалдары кеңінен көрсетілуде? Қазақстан телеарналарына рейтинг қымбат па? Өкінішке қарай, қазір рейтинг көрсеткіштерімен санасып, оның түбіне жету біздің елде белең алуда. Осының әсерінен еліміздің жастары ұлттық құндылықтарды ұмытып, елдік рухтылығы бәсеңдеп, өзге ұлттардың жетегіне жапысып кетудеміз.
 Сол себепті өзге елдің қымбат дүниелеріне қаржы шығарып, босқа шығынданғанша, өзіміздің отандық сериалдарды неге көбірек көрсетпеске деп ойлаймын.
Диана ЕРСҰЛТАНҚЫЗЫ
03 сәуір 2022 ж. 421 0