№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өз тілімізді өзіміз құрметтейік

Өз тілімізді өзіміз құрметтейік



Мемлекеттік тіл – әрқашанда өзінің мәнін жоймай келе жатқан маңызды мәселелердің бірі. Бірақ мемлекеттік тіл деп мәртебе бергенімізбен, қазақ тілі қоғамда өзінің орнын таба алмай келе жатқаны қынжылтады.

 Кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ. Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деп өлеңінде жырлап кеткенімен, исі қазақ қазақ тілінің қадірін қашырып жүрген жоқ па деген ой көпшілікті мазалайды. Себебі, қазіргі таңда тіліміз тіптен майдаланып, шұбарланып кетті. Ал оған не себеп десеңіз, біріншіден, қазақ тілінің өз деңгейінде қолданылуында мәселелер жетерлік. Сондай-ақ қоғамдық орындары, дүкендер, үлкен сауда орындарында қазақ атауларының қасында қосымша орысша және ағылшын тіліндегі атаулар қосарланып жүреді. Бұны біз үштілділік деп ақтап жатамыз. Бірақ үштілділікті тек өз орнымен пайдаланып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесімен қатарластыра берудің жөні жоқ.

 Ал қазақ тілінің кең қолданысқа түсуі үшін алдымен құжат жүзінде аса басымдық беру қажет. Яғни банктерде, не халық көп пайдаланатын сервистік қызметтің барлығын қазақ тілінде қызмет көрсетуге талап қою керек. Сондай-ақ техника тілдері, халық көп пайдаланатын өнімдер мен тұтынатын заттардың қазақша баламасын тек қазақ тілінің мамандары ғана аударғаны жөн деп есептеймін. Өйткені біз қолданып жүрген мобильді жүйелерде болсын, дүкендерде қазақ тіліндегі аудармалар қате екенін көріп те, иелеріне ескертіп те жүрміз. Бірақ бір жердің қатесі түзелгенімен, екінші жерден дәл осы мәселелер қылтиып шыға келеді. Әсіресе НұрСұлтан қаласындағы қоғамдық көліктерде «Қозғалысы кезінде қауіпсіздік белдемді бекітіңіз» сынды жазулардың болғаны кімге де болсын үлкен сын. Дәл осы секілді өз елімізде өз тіліміздің бұрмаланып, қолданылуына ашықтан-ашық жол беріп отырмыз.

 Қоғамда тағы бір байқап жүрген жағдайдың бірі қазір тілі енді шығып келе жатқан бүлдіршіндер орыс тілінде білсін-білмесін шүлдірлеп жүр. Кейде ағылшын тілінде түстер мен сандарды айтып жүретін балаларды да кездестіреміз. Оған әрине, сондай жағдайға жол беріп отырған бірінші атаана кінәлі. Екіншіден, көпшілік қолданатын Ютуб каналдардағы мультфильмдердің қазақша баламасының жоқтығы. Екіншіден, қазақ тілінде түсіріліп жатқан отандық мультфильмдердің аздығы. Сондайақ балаларды қызықтыратын ойындардың барлығы да әрине, орыс тілі мен ағылшын тілінде.

Ал осы ұялы телефоннан ажыратып, кітап оқуға қызықтырайын десең, қазақ ертегілерінен басқа кітаптар жоқ. Неге орыс тіліндегідей баланың ойын дамытатын қазақ тіліндегі оқулықтардың көптеп шығуына көңіл бөлмеске. Дәл осы мәселені биылғы «Балалар жылының» аясында пайдаланып, атқарып тастауға болады. Сонда ғана қазақ бүлдіршіндері орыс тілінде шүлдірлемес еді.

 Одан бөлек, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін асхана, ресторандардағы ас мәзірлерін қазақ тілінде жазуға бір ғана қазақ емес, қоғам болып талап етіп, тек қазақ тілінде ғана жазуды қолға алуымыз керек. Сонда ғана орыстілді қарадомалақтар, қазақ тілінің қадіріне жетпесе де, сәл де болса, үйренер еді. Сондай-ақ шетелден келген азаматтар да «Е, Қазақстанда тек қазақ тілінде ғана сөйлесу керек екен ғой» деп ой түйеді. Өйткені қазір байқасақ, Қазақстанға жұмыс істеуге келген шетелдік азаматтардың барлығы бірінші қазақ тілін емес, орыс тілін үйренуге талпынады. Әрі орыс тілін шала-пұла болса да үйреніп алған. Ал қазақтың тілі тіпті ойына да кіріп шықпайды. Себебі, біздің елде тек орыс тілінде ғана қызмет көрсету басым саналады. Сондайақ қазір Қазақстанда қазақ тілін үйрететін курстар да ашылыпты.

 Бір қызығы, тілді үйретіп жүрген азамат Өзбекстаннан келген кәріс жігіті. Бірақ өзі қазақ тілінде бір-екі сөз ғана біледі. Ал одан білім алып жүргендер қазақ ұлтының балалары. Бірақ ол азаматқа «өзіңіз қазақ тілін білмейсіз, бірақ қазақ тілін қалай үйретіп жүрсіз?» деген сұраққа, «бұл жай мен үшін кәсіп. Оның үстіне, қазақ тілін сөздік түрінде үйретудің еш оғаштығы жоқ» дейді. Сонда да ол азаматқа «Бастамаңыз жаман емес. Бірақ қазақ тілін үйретпес бұрын, өзіңіз үйреніп алғаныңыз жөн» деп ескертпе жасадық.

Осындайда қазақ тілінің жанашыры Асылы Османның «Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба? Олай болса, нанын жемес бұрын, тілін үйренсін» деген сөзі еріксіз ойға оралады екен. Сол себепті, қазақтың тілі кім-кімге де болсын, кәсіп ретінде емес, дәрежесі биік, өзіндік тұғыры бар құрметті тіл болатындай жағдайға жеткізу қажет.

Бифат Нұрмахан
08 мамыр 2023 ж. 330 0