№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Оралмандар орнын тапты ма?

Оралмандар орнын тапты ма?

Осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1993 жылдың күзінде Түркиядан, Ауғанстаннан, Ираннан ата бабасының мекені - Қазақстанға қоныс аударуға ниет еткен оралман отбасыларының алғашқы легі өз егемендігін алған атажұртқа бет түзеген. Солардың ішінде өз өтініштерімен біздің өңірде тірлік жалғаған жанұялардың 20-30-ы Жаңақорған ауданына орналасты. Сол кездегі Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен елге бет түзеген көшті еліміздің әр аймағына бөлгенде Сыр өңіріне келуге тілек білдіргендер қатарында Әбділсаттар қарияның жөні бөлек еді.


   Баяғыда молда болғаны үшін қуғынға түсіп бас сауғалап шетел асқан әке бауырында жас кеткен сәби санасы жаңылмаса осы оңтүстікте кіндік қаны тамды. Әкесі өле-өлгенше атамекенге бір жетіп, топырағын иіскеп өлсем арманым жоқ деп құса болумен өтіпті. Әке әңгімелерінен әуесі кеткен атақонысын болжалдап шамалаған қара шал өзіне қарасты бір қауым елдің басын бұзбай Жаңақорған деп аталатын адамдары жылы жүзді мекенге мейірлене маңдай тіреген.

Тоқсан үшінші жылдар халықтың жағдайы оңып тұрмаған кез. Жаңақорған ауданы әкімшілігі елге оралған қандастарды сол кез оңтайландыру саясатының зардабынан жабылып қалған мемлекеттік балабақша үйлеріне бөліпбөліп орналастырып, бір жолғы көмек те берілді. Келе сала етік жөндеу, майда-шүйде сауда-саттық кәсіптеріне кірісіп, аяққа тұруға талпынған оралмандардың мектеп жасындағы балалары ана тілінде оқытатын мектептерге орналастырылды.

Бұл бауырларымыз нарыққа баяғыда бейімделген, үйренген кәсібінен қол үзуді елестете алмайтын еңбекқор болып шықты. Бұған дейін елдерінде қымбат былғары етік, тон тігіп, саудалауды тұрақты кәсіп етіп келген ісмер азаматтардың еті тірісі тері өңдеу өндірісі дегенді білмейтін, тігін цехы жоқ қарапайым ауылдан тірлігі қайнап жатқан аймаққа ертерек аяқ іліктіруге қам қылып Алматы жақты бетке алды. Бұған елге өздерімен бірге келгендер қатарында Қаскелең ауданы жаққа қоныс тігіп, үйреншікті тірлігіне бейімделуде айы оңынан туған ағайынның шақырулары да себеп болды.

Алматы облысының әкімшілігі оралмандардың жаңа ортаға оңтайлы бейімделуін жете зерделеп, қажетті атмосфера қалыптастырудың ұтымды тәсілдерін табуда жан-жақты ізденді. Тумаластарымыздың бұғанға дейін елдерінде айналдырып келген кәсібін тұралатпау үшін меншікті технологиясын сақадай-сай ету қамын жылдам жасап беруде арғы жақта қалған ағайынмен іскерлік байланысты тереңдетті.

Өткен жылы Қаскелеңге бір жолымыз түскенінде осы ағайынның жағдайын көзбен көруге әуестік жеңдеді. Біз танысқан оралман отбасының азаматымен жатырқаусыз сұхбат өрбіту үшін Жаңақорғандағы Әбділсаттар ишанның атын атауымызға тура келді. Бұл кісінің танымалдық себебін соңыра айтып өтермін.

Қаскелеңнен тұрақты қоныс тапқан Нәдір есімді бұл кәсіпкер жігіт ең алдымен сабын өндіруді қолға алыпты. Содан соң Түркия өндірісімен бірлескен жаздық аяқ киім тігу цехының жұмысын жолға қойыпты. Соның ашылуына отандық өнімді қолдауға аса мүдделі Мемлекет басшысының өзі келіп қатысқанын да мақтана айтты. Ал бүгіндері хехтың бір бөлігінде электр жабдықтары – лампочка, розетка, кабел, зарядка батареяның шнурлары, жалын желімнен жасалатын құрылғылардың кешенді жиынтығын өздері жасап, саудаға шығаруға қол жеткізіпті. Қарауында 50-60 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Бұдан бұрын Қытайда жоғары білім алып қайтқан азаматқа күншығыс елімен іскерлік байланыс еш қиындық тудырмайтыны байқалды.

Жалпы, Қаскелеңге қоныстанған оралман отбасыларының барлығының дерлік үйінде тігін машиналары жұмыс істеп тұр. Қаладағы үлкен тігін комбинаты Қазақстандағы әскери гарнизондарды формамен қамтуды тендермен жеңіп алған. Бір орталықта пішіліп-кесілетін маталар үйді-үйде жеке іс қылған ісмерлер қолынан өтіп, дайын тауар шығарып, еңбекақысын қолдап алып отырады. Жұмыссыз берде-бір отбасы жоқ.

Жаңақорғанда қалған оншақты отбасының бар қарекеті – елден теміртерсек, жүн-жұрқа, мал терілерін жинап, Қытай, Түркия мемлекеттеріне өткізіп, күнкөрісін қамтамасыз етіп келген. Соңғы жылдары бұл шикізатқа шетелдіктерден сұраныс мүлдем тоқтап, бұл отбасылардың тіршілігі кәдімгідей тоқырап тұр.

Біз кенттегі М.Көкенов көшесінің тұрғыны Хайро Нұрмұхамедұлының отбасына арнайы соғып, жай-жағдайын білген едік. Келіншегі Мунира ерінің Алматыға жұмыс іздеп кеткенін айтты. Бұлар көп балалы отбасы. Бәрі мектеп жасында. Үпірлі-шүпірлі бала-шағасын тастап отағасы сыртта жетіскенінен жүрмегені белгілі.

– Күйеуім неше жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салығын уақтылы төлеп отырады. Қазір шаруамыз тоқтап тұрса да кәсіпкер ретінде табысы есептеліп, оған балалар жәрдемақысы қосылып, арнайы әлеуметтік көмектің қвржысын ала алмай отырмын. АСП-да тізілмеген соң мектептегі балаларыма тегін берілетін киімнен де қағылып отырмыз. Осыған не жәрдем көрсете аласыздар? – дейді Мүнира.

Бізде кәсіппен айналысамын деген азаматтарға пайызы аз несиелер, жылда беріліп жатқан қайтарымсыз көмек қаржылар бар емес пе? Өкінішке орай, бұл бауырларымыз ондай жеңілдіктердің бар екенінен де хабарсыз.
Жалпы, ауданымызда тұрақтап тұрып қалған бұл отбасыларға психологиялық та, құқықтық та жүйелі көмекқолдау беру жағына салғырт қарайтын сияқтымыз.
Мәселен, жоғарыдағы отбасы жағдайын көрші ретінде мен өзім жақсы білемін. Әкелері Нұрмұхаммед өте еңбекқор жан болатын. Бір етек балашағасымен елге келіп, есі шықса да еңсесін түсірмей майда жүріспенақ жүйелі ілгерілеп, орталық базар жанында саудаланған тұрғын үйді ағайындарының алды болып сатып алып, он екі баласымен кең сарайға кірді. Үміт күткен тұңғышы Хайросы мықты мамандық иесі болса екен деп оқу орындарын да жағалап көргісі келген. Бірақ әке қолын ұзартуды қалаған ұлы жанынан ұзағысы келмей, оқу жайына қалды. Отбасы енді ес жиып келе жатқанда есіл азамат көлік апатына ұшырап, жары мен шиеттей балашағаның қамы отбасының бас көтерері - Хайроның қолына көшті.

Одан бері де зуылдап жиырма жыл өтіп кетіпті. Орта жасқа келіп қалған осы азаматтарымыздың отыз жылда орнықты болашақ қалыптастыра алмағанының дәлелі емес пе, айлық-жалақысы бар жұмыс іздеп Алматы асуына тура келіпті. Тағы бір оралман отбасы Абдулла Ишан. Елге келгелі тұрғын үй кезегіне тіркеліп, жағдайын айтып, есік жағалаумен келеді. Бұлар отырған ескі балабақша үйі бұзылатын болып, үш отбасы әскери комиссариаттың көне ғимаратына көшіріліп еді, баспана түбегейлі жекесіне берілмеген соң жөндеу жұмыстарын жасай алмай қолдары қырқылып отыр. Бірақ сырттай меншіктеп иелік етіп келе жатқандарына он жылдан асып барады, шешілмейтін бұл не қиын түйін екені түсініксіз.

ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАДЫ

Жаңақорғанда кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Өзге аудандарға қарағанда тұрмыс-тіршілігіміздің озықтығын күн сайын еңсе көтеріп жатқан тұрғын үй, басқа да көпшілік тұтыну нысандарының көптеп салынып жатқанынан аңғаруға болады. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, қалталылар қатарының көбейгеніне қуану керек. Дегенмен, осы ақшасы бар кәсіпкерлеріміз басы артық капиталды қандай мақсатта жұмсауға келгенде «алыстан сермеп, жүректен тербеп» жоба жасайтын болса талай «қиуадан шауып, қисынын тапқан» толғақты жобалардың маңдайы жанар еді.

Ең бастысы адам капиталы, атакәсіпті жолға қойып, малдан алынатын өнімдерді өндірісті кешенде өрістете алатын мамандар өзімізде де бар, бірақ қолында қаражаты жоқ, кәсіби тұрғыда қолдау кем. Солардың қатарында көкірегі сайрап тұрғанмен қолы қысқалықтан ізгілікті ой-ниеті тұсалып отырған оралман ағайынның бірі – кент тұрғыны Абдулла Ишанмен жан-жақты пікірлестік.

– Қазір менің қолымда екі тігін машинасы бар. Тон тігуді жергілікті жастарға үйретіп кетсем деген үмітім адыра қалатын түрі бар. Өйткені ықылас кем, кәсіпке құштар жастарды өзім іздеп табуға жасымыз алпысқа жақындады, қайраттың кемігенінің белгісі, күнделікті қарекет, оны-мұны шаруамен жүріп қажисың. Ең болмаса атакәсіпті мектеп бітіріп қалған ұлдарыма үйретіп қалуға тырысып жатырмын. Өнер-өлмейтін кәсіп қой. Қолынан іс келетін адам қай заманда да қатардан кем қалмайды, қайткенде оны меңгеріп алғанын дұрыс көремін, – дейді ол.

Алғаш ауылға келгенде отыздан жаңа асқан Абдулла Ишанның ілімбілім жөнінен озықтығы айналаны бірден мойындатқаны рас. Өзінше ізденіп отырып, кирилл әліппесін меңгеріп, компьютерді үйреніп, парсы тілінен өзі аударған «Уағызшылардың інжу маржаны» атты кітаптың үш томдығын шығарып үлгерді. Жылдар бойы балабақшаның бір бөлмесін пана тұтқан отбасының бір бұрышында отырып, кітап аударып, оны жарыққа шығару оңай тірлік болмаса керек. Бірақ кітаптарымен ел сусындады. Пендені тура жолға салатын ізгі оқиғаларды өмірдің өзінен алып түсіндіретін мағыналы кітап көптің серігіне айналып, түзу жолды таңдауына себепкер болып жатса маңдай тердің ақталғаны 

ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА

Бөтен мемлекетте өмір сүріп, тоқсаныншы жылдардың басында, еліміз енді егемендігін алып, қалт-құлт қатарға тұрып жатқанда қатарымызға келіп орнығып, санымызды көбейткен қандастар ұлт әлеуетін сапалық жағынан да бекемдей түсті деп бек сеніммен айтуға болады. Тек, соның қадіріне жеткенде ғана жемісті нәтижесін көре алатынымызды мойындауымыз керек.

Бір ғана мысал, бүгінде жаңақорғандық болып кеткен қандастарды бастап келген Әбділсаттар ишан туралы тоқтала кетейін. Ол кісінің ұрпағы жоқ еді. Кемпірі өзінен көп жас, екінші әйелі екен десетін. Сол кісі терең білімдар кісі еді. Ауыр науқастарды емдеп жазғанын көз көрді. Одан да бөлек ол кісі өз араларында қасиетті кісі саналған екен. Ақсақалға алыстан әдейілеп амандасуға келген «джип» мінген бейтаныстарға таңырқап қарайтынымыз есте. Өйткені ондай көлікті Жаңақорғанда әлі ешкім мінбеген. Бұлар кімдер? Қазақстанның өзге өңірінен жай тапса да жаны тыншымай өзегін іздеп келген бұл оралман азаматтардың шынайы мақсаты – ақсақалдың батасын алу екенін білдік. Бала-шағасы жоқ, бірақ ел ерекше қадірлейтін «батасы қабыл» әулие кісіні қадіріне жетіктер сонша жерден іздеп келіп көзге сүртіп жатқанда қатарында өмір сүріп жатқан біз елеп-ескердік пе? Ақсақалдық жасқа келгенде туған жерге табан іліктіргеніне тәуба қылған қария туған топырақта санаулы жыл ғана ғұмыр сүрді. Үйме-үй көрші отырғанда «жедел жәрдеміміз» осы кісі болыпты. Кеш қарайғанда бұзау қуамын деп үй алдындағы сасық көлдің ортасына күмп берген оқушы балам елірмелеп ұйықтай алмай қалғанда бір оқығаннан жазып берген осы кісі еді. Екі жасар балам судоргы бергенде доқтырдан бұрын емдеп, өмірге қайтарған осы кісі еді. Жалпы тегін адам емес еді. Қапылған жұмыстан уақыт тауып, дұрыстап бір сыр тартсақ көмбе кеудеден бір кітапқа жүк шежіренің ұшы тарқатылар ма еді. Жағдайы кем суық үйде неге қолұшымызды созбадық екен? Екі-үшақ рет қонақ қып, үйге шақырыппын. Соңғы алты айында асқазан рагынан төсекте жатып қалғанында бір-екі мәрте сүттен көже қып апарып бергенім есімде. Соған да риза болып көл-көсір батасын берді-ау. Балалық қой, кезінде қадіріне жетпеппіз.

Ақиқатын айту керек, ол кісілермен бірге аз да болса шынайы дәстүріміз көз алдымызға орнығып, айналаға әсерықпалы болмай қалған жоқ.
Жаңақорғанда тұрақтап қалған оралман отбасылар арасында ажырасушылар қатары да тіркелген емес.
Ең бастысы, қолда бардың қадіріне жетеміз десек әлді де кеш емес...
28 қараша 2023 ж. 282 0