№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сот саласының майталманы

Сот саласының майталманы

Халық қашанда қара қылды қақ жарған, әділдіктің туы жығылмауына күш салатын сот жүйесіне сенім артады. Оларды шындық пен ақиқаттың темірқазығы деп біледі. Міне, солардың қатарында жаңақорған аудандық сотында сот қызметінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын Бибайым Нәлібаеваның есімін айрықша атап өткіміз келеді.


   Бибайым Әшімқызы өзінің қызметтік лауазымында қоғамдағы жеке адам мен мемлекеттің негізгі құқықтары мен мүдделерінің бұзылмауын басты назарда ұстап, ел көңілінен шығып келе жатқан білікті маман.

Ол 1965 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №55 орта мектебін бітірген соң жүрек қалауымен Талдықорған қаласындағы Заң техникумын, одан әрі Тараз қаласындағы мемлекеттік университетті тәмамдап заңгер мамандығын алып шықты.

Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, 1984-2000 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық сотында 16 жыл хатшы, ал 2000 жылдан бүгінгі күнге дейін, яғни 22 жыл осы сотта кеңсе меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді.

Бибайым Әшімқызы қызмет барысында ұстанымы өте салмақты, өмірде қайратты, табанды, жігерлі жəне алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қажырлы мінез иесі. Осы жерден ол өзіне көп тəжірибе жинақтап. «Адамзат – қанша биік болғанымен заң астында, Алатау – қанша биік болғанымен ай астында», – деген халық даналығына адалдығынан танбай келеді. Осынау еңбек жолында нешеме тағдырларды көзден өткеріп, азаматтардың шынайы теңдігі әділдік салтанат құрған жерде ғана анық көрініс табатынын ұғынды. Күні-түні заң тармақтарын ақтарып, адам тағдыры таразыға түсетін сəтте əділдік жолынан таймауға тырысатын сот саласының жұмысы ауыр да жауапты екенін жан-дүниесімен таныды.

Ол өзінің сыпайы мінезімен кәсіп қиындығына төзіп, әріптестеріне үлгі болудан жаңылған емес. Күн сайын алдына келетін адамдардың арыз-шағымының дер кезінде қабылдануына күш салып келеді. Білгір маман заң саласындағы ойға түйгендерін республикалық «Заңгер» журналы мен «Егемен Қазақстан», «Сыр бойы», «Жаңақорған тынысы» газеттеріне жолдап, мемлекеттік тіл мəселесі жөнінде ой-толғамдарын оқырмандармен бөлісіп отырады.

Облыс, аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, сотпен ұйымдастырылған барлық іс-шараның тұрақты қатысушысы ретінде өзіндік ойпікір қалыптастырған салмақты идеялардың авторы, Бибайым Әшімқызы Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қазақстан Республикасы судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының, Қызылорда облысы әкімінің, Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» және «Мақтау қағаздарымен» сан мəрте марапатталған және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапатталды.

«Сот – сөйлеуші, заң – мылқау сот», – деп ұлы ойшыл Цицерон айтпақшы, барлық өмір жолын сот саласының жұмысына арнаған Бибайым Әшімқызының шыққан асуы, бағындырған белесі биік.

Жалпы әйел-аналар жүрген жерде әрдайым адалдық, объективтілік пен алға ұмтылу бар. Еліміздің саяси өмірінде қалыптасқан біртұтас көзқарас омсындай. Бір бойында нешеме асыл қасиеттің жиынтығы орныққан аға ұрпақ қатырында бұл кісіден үйренеріміз көп.

Жұмыста кездескен әрбір қиындықты ұжым болып шешуді «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақаммен мәнерлеп жеткізетін меңгерушіміз жастарды татулыққа, ауызбіршілілкке баулып келеді. Ал өзі қызмет бабында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келсе де еш мойымай, қаншама ұйқысыз түндер мен күндерді бастан өткерді. Бірақ мамандығына деген махаббаты еш кеміген жоқ. Қиын да күрделі саланың бел ортасында жүрсе де отбасының да ұйытқысы, адал жар, ардақты ана, аяулы әже атанды.

Бибайым Әшімқызы салмағы ауыр сот саласындағы қызметімен қоса үй шаруасын да дөңгелетіп, осы асыл қасиеттерін отбасына, балалары мен немерелеріне үйретіп келеді. Ол отбасында бес бала тәрбиелеп, он немере сүйіп отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді, еліміздің түкпіртүкпірінде түрлі салаларда қызмет етіп жүр.

Сот саласында тынымсыз еңбек етіп, биік белестерді бағындырған жігерлі жан өз бойындағы еңбекке адал, мақсатқа берік қасиеттерінің арқасында осындай деңгейге жетіп отыр. Өзінің қарапайымдылығымен және қайырымдылығымен, елгезектігімен және кеңпейілділігімен ұжымда зор беделге ие болды.

Адамның атын тану оңай. Бірақ оның бойындағы асыл қасиетін, болмысын тану аса қиын. Жақсыға айтар сөз көп. Азаматтығы мен адами қасиеті бөлек жанымызда жүрген жандарды құрметтеу, мерейін тасытып, еңбегін, асыл ғұмырын еңбекке балап, өткен күн – тарих, бүгінгі күн сый екенін зерделей білсек нұр үстіне нұр болар еді.

Әлия БЕРДІБЕКҚЫЗЫ
27 қараша 2023 ж. 436 0