№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Төрелік мінберінің төріне озған

Төрелік мінберінің төріне озған

Халқымызда «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Осыған орай біреуге риза болып, ісіне көңілің толғанда «текті атаның ұрпағы ғой» деген іштей сүйсіністің болатынын жоққа шығаруға болмайды.


Осындай текті әулеттің ұрпағы, ел қамы, халық тағдырына қатысты істерге ұйытқы болып, көреген көсемдігімен жұртқа ықпал еткен тарихи тұлға Бәйдібек би мен есімі ел ұранына айналған Домалақ ана сынды мәуелі бәйтеректің бір бұтағы, бүгінгі заманның қазысы – сот қызметіне саналы ғұмырын арнаған Көпесова Кенжегүл апамыз туралы ой өрбітсек деймін.

Кенжегүл Көпесова өзінің саналы ғұмырының қырық жеті жылын заңгерлік мамандыққа арнаған жан. Еңбек жолын Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында заң кеңесшісі қызметінен бастаған ол 1978-1992 жылдары Жаңақорған аудандық заң консультациясының меңгерушісі болды.

1992 жылдан 2008 жылға дейін он алты жыл Жаңақорған аудандық сотында судья қызметін абыроймен атқарып, сот төрелігінің жүзеге асырылуына өз үлесін қосты. Қазіргі уақытта құрметті демалыста.

Өз қызметінде әділдікті ту етіп, қара қылды қақ жарған турашылдығымен Сыр бойының сот жүйесінің тарихында есімі қалған тұлға зейнетке шыққан соң да қоғам тынысынан тыс қалмады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Қ.Асановтың бастамасымен еліміздің барлық аумағында құрылған Билер кеңесінің Жаңақорған ауданындағы алғашқы құрамына төрағалық етті.

Ардагер судья басшылық еткен, жеке басы қадір-қасиеттерімен елге беделді азаматтардан құрылған Билер кеңесінің мүшелерінің қатысуымен сол уақытта аудандық сотта қаралған азаматтық істер біраз бейбіт келісіммен реттеліп, қоғамда дауласушылықтың деңгейін төмендетуге қол жеткіздік.

Аудандық сотпен халық арасында татуластыру рәсімдерін насихаттау мақсатында өткізілген іс-шараларда да Кенжегүл апайымыз үлкен мінберлерде сөз алып, елді бірлікке, татулыққа үндеп, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отыратын.

Кенжегүл Көпесқызы сот жүйесіндегі талай жылғы мінсіз қызметі бағаланып, «Үш би» төсбелгісімен марапатталды. Бұл оның ұзақ жылғы табанды қызмет еткен маңдай терінің, иығына артылған ауыр жауапкершілік жүгінің жемісі деп санаймыз.

Кенжегүл Көпесова тек білікті маман ғана емес, жұбайы Сәулебек Дүйсебеков ағамызбен бірге жарасымды жанұяның үлгісін көрсетіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған мерейлі отбасының отанасы. Ұлы Бәйдібек анасының жолын қуып, судья жолын таңдаған. Қазіргі уақытта Түркістан облысы, Шымкент қаласының сот саласында өзіндік орны, қолтаңбасы бар тәжірибелі судья, абыройлы азамат.

Мұны да өз кезегінде ардагер судьяның өз балаларына берген тәрбиесі мен үлгісінің жемісі деп бағалауға болады.

Жүрегі нәзік жанға адам тағдырын шешетін ауыр істерді қарау оңай емес екені белгілі. Табиғаты мейірімге толы ана ретінде білместіктен шоқ басып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған талайларға ара түсіп, оң жолға бағыттап, әрі қарай жақсы адам болуына себепкер болған кезі де аз емес екен.

Тәжірибелі маман ретінде өзінен кейінгі ізін жалғастырушы жастарға ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Үнемі жауапкершілігі мол қызметтің жүгін абыроймен арқалау үшін ізденіс үстінде болуды, мәртебелі мамандықтың абыройына нұқсан келтірмей, әділеттін ақ жолынан таймауға ақыл-кеңесін беріп отырады.

Төрелік мінберінің төріне озып, әділ биліктің тізгінін мығым ұстаған Домалақ ана ұрпағының дара жолы, мағыналы ғұмыры көпке үлгі.

Әлия Түбекбаева
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы

27 қараша 2023 ж. 609 0