№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарты бар елдің – қазынасы бар

Қарты бар елдің – қазынасы бар


“Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын” деген. Мен бүгін Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында өзімнің еңбек жолымда жол көрсетуші ұстаздарым ретінде санайтын тұлғалар жөнінде жазуды жөн санадым.


Зина Ізбастықызы Жаңбыршаеваны 2001 жылы Қызылорда қалалық сотына жетекші маман ретінде қабылданған кезімнен танимын. Зина апайымыз сол кездің өзінде сот өндірісіндегі азаматтық істердің бітімгершілікпен аяқталып, дауласушы тараптың бейбіт келісімге келуін өзінің басты міндеті санайтын. Медиация туралы Заң қабылданбай тұрып, медиатордың қызметін іс жүзінде атқарды десек артық айтпаймыз. Сонымен қатар Зина апай қылмыстық істерді қарау барысында да әділдіктің салтанат құруына, яғни кінәлінің заң жүзінде жазаға тартылып, кінәсіз тұлғаның ақталуына көп еңбегін сіңірді. Қашан барсаң да қағаздан бас алмай, ізденіс үстінде болатын. Апайдың сот саласындағы еңбек жолы Шиелі аудандық сотынан басталса, онан кейін 35 жыл үздіксіз Қызылорда қалалық сотында абыроймен еңбек етіп, құрметті демалысқа шықты. Біз еңбек жолымызды Қызылорда қалалық сотынан бастаған мамандар Зина апайды өзімізге ақылшы, үлгі көрсетер қамқор жан ретінде білеміз және ол кісімен еңбек жолымыздың түйіскеніне мақтанамыз.
Тұрмат Сәбекұлы Баймағанбет Сыр елінің сот жүйесінде өз орны бар, құрметті ардагерлеріміздің бірі. Тұрмат ағайды Қызылорда облыстық сотында бас маман болып қызмет атқарған кезімнен танимын. Ол кезде Тұрмат ағай Шиелі аудандық сотының төрағасы болып қызмет атқаратын. Ағайдың өз қызметіне деген адалдығы, жауапкершілігі, талапшылдығы оның абыройын арттырып, ел алдындағы беделін арттырды. Бүгінгі күні Тұрмат ағай ардагер судья ретінде Шиелі ауданы бойынша “Билер кеңесінің” төрағасы. Шиелі ауданының құрметті азаматы. Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, халық арасында дауласушылық деңгейін төмендетуге бар ынта-жігерін аямайды. Ағайдың біздерге “балам” деп қамқорлықпен сөйлейтіні құлаққа жағымды естіліп, ол кісіні әкең сияқты жаныңа жақын тартасың.
Ал Кенжегүл Көпесқызы Көпесова біздің Жаңақорған аудандық сотының ғана емес, сыр елінің сот саласының мақтанышы. Кенжегүл апай аудандық сотта ұзақ жылдар судья болып абыроймен қызмет атқарып, қазіргі уақытта бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты ардагер. “ Тура биде туған жоқ” деген халық даналығы осы Кенжегүл апай сияқты жандарға арналған секілді. Апайдың турашыл, “ақты- ақ, қараны- қара” деп айтатын мінезі өз бойына құйып қойғандай. Әрбір кездесу сайын біздерге, яғни жас судьяларға өз қызметімізді адал атқарып, абыроймен жүруді санамызға құйып отырады.
Менің бүгінгі әңгімеме арқау болып отырған кейіпкерлерім үшеуі де сот жүйесінің биік шыңы саналатын”Үш би” төсбелгісінің иегерлері, ұзақ жылдарғы адал еңбектері үшін түрлі мемлекеттік марапаттарға қол жеткізген тұлғалар. Алайда ең бастысы ол ғана емес, бұл кісілер халықтың алғысына бөленген, өздерінің саналы ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнаған жандар.
Біз Сіздерге қарап бой түзейміз, құрметті ардагер- судьялар. Төл мерекелеріңіз қарсаңында Сіздерге мықты денсаулық, жанұяларыңызға амандық, береке-бірлік тілейміз! Жастарға ақылшы, қамқоршы болып, ұзақ ғұмыр кешулеріңізге тілекшіміз! Біз Сіздермен мақтанамыз, тұғырлы тұлғалар!

Алия ТУБЕКБАЕВА,
Жаңақорған аудандық сотының төрағасы
28 қыркүйек 2020 ж. 450 0