Облыстық ақындар мүшәйрасы өтті
Қожакент ауылында Қызылорда облысының 85 жылдығы, Жаңақорған ауданының 95 жылдығы және мемлекет және қоғам қайраткері, "Социалистік Еңбек Ері" Әбдікәрімов Исатай Әбдікәрімұлының туғанына 100 жыл толуына орай "Елмен егіз туған ер" тақырыбында облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.
Қара сөздің қадірін түсініп, өлең мен жырды жанына серік еткен 8 ақын мүшәйра шартына сәйкес Жаңақорған ауданының 95 жылдығы мен кемеңгер тұлға И.Әбдікәрімұлына арнаған жүрек жарды жырларынан шашу шашты.
Тартысты өткен жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Шиелілік ақын Талғат Күзембаев иеленсе, ІІ және ІІІ орындарға Қызылорда қаласының атынан қатысқан ақын Ғабит Кәдірбай мен Қармақшы ауданының ақыны Мөлдір Тәңірбергенова лайық деп танылды. Нұрхан Қарабалаев (Жалағаш), Ерсұлтан Мұстафаев (Жаңақорған), Сағыныш Мұхитқызы (Қазалы), Хамилла Әуезбаева (Қазалы), Ақерке Балманова (Сырдария) сынды ақындар алғыс хатпен марапатталып, жеңімпаздар мен мүшайраға қатысушы барлық ақындарға арнайы дипломдар мен сертификаттар табысталды.