№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тақыр жерден тау тұрғызған тұлға!

Тақыр жерден тау тұрғызған тұлға!

Жаратқан Ием адамға екі көз бергенде біреуімен жанында жүрген жақсылар мен жайсаңдардың, асылдар мен ардақтылардың жақсылығын көр, екіншісімен өзіңнің кемшілігіңді көр деген екен.


Өмірде жақсылығы мен шапағаты, өнері мен өнегесі бір кісіге де жүк боларлықтай, салмақ саларлықтай, жақсылығы мол адамдар да аз емес. Бүгінгі кейіпкеріміз, асыл ұстаз, ардақты әке, адал жар Өмірзақ Оспанбековтың басына Алланың берген қасиеттері мен жақсылықтары көреген көздің куәсы бола алады.

«Адамды адам еткен - еңбек», - деген халықтың қанына, жанына, сүйегіне сіңген сананың төрінен орын алған қағиданы басшылыққа алып, елдің, халықтың көз алдында жүріп, саналы ғұмырын Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының спорты мен мәдениет саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, еңбегі ұшан-теңіз Өмірзақ Нұрмағанбетұлының мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Бұл еліміздің білім, мәдениет, спорт саласы үшін орны толмас қаза. Өте өкінішті. Дегенмен, Алланың үкімі десек те, өлді деуге қимайтын азамат еді. Өткен шақта сөз қозғау қаншалықты қиын болса да Өмірзақ ұстаздың адами болмысын, пайым-парасатын, шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегін бағалап, сөз қозғамау азаматтығымызға сын болатыны ақиқат.

Аядай мектептен толағай тарландарды дайындап, жоқтан бар жасаған қайсарлығыңыз бен біліктілігіңізді әспеттеп айту бір кітаптың шеңберінен асып түсетіні анық. Бұл шағын мақаламызда ұстазымыздың бір кітапқа арқау болар тағылымды тағдырынан теңізге тамған тамшыдай оймақтай ойымызды айтып, ұстаз атты ұлы есімді ұлықтай алсақ басты мақсатымыздың орындалғаны деп санаймыз.
Өмір күрес, өмір-сынақ. Осы тұрғыдан алғанда азаматқа берілер баға да, сын да, мін де, көзқарас та, пікір де сан алуан болуы заңдылық! Адамға берілер ең дұрыс, ең әділ, ең басты баға оның еңбекке деген көзқарасы, еңбексүйгіштігі, адамгершілігі, пайым-парасаты, ұйымдастырушылық қабілеті мен асыл қасиеті болуға тиіс.

Өмірзақ ұстазымыз - еңбексүйгіштіктің, ізденімпаздықтың, нәтижелі істің, сыпайы сыйластықтың, адал достық пен шынайы махаббаттың шырақшысындай, жаңашылдыққа жаны құштар, бойына ізгіліктің інжу маржанын жинақтаған, шәкірттерін бөле жармай ақадал жүрегімен мейірлене жақсы көретін азаматтың төресі еді. Саналы ғұмырын ауыл спортын дамытуға, ауыл жастарының денсаулығын нығайтуға, тәрбиелеуге, дарынды спортшыларды дайындауға арнады. Ауылда кездескен сәттерімде Алланың қалауымен зейнеткерлік жасқа да жеттім, енді бейнеттің зейнетін көруді жазсын, өткеніме қарасам аз жұмыс атқармаған екенмін. Аллаға мың да бір шүкір, мәртебемді асырып, мерейімді тасытатын шәкіртке де кенде емеспін, қалған өмірімді сол шәкірттеріме бағыт-бағдар беруге, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арнаймын деп өзіне тән биязы күлкісімен жымиып тұратын еді. Ауыл спортын жандандыруға бағытталған жоспарлары мен армандары да бар болатын. Енді сол жоспар-армандарыңызды өзіңнің бағыт-бағдарыңсыз қаншалықты қиын болса да өзіңді жоқтатпай, өзіңнің шекпеніңнен шыққан шәкірттерің жүзеге асыруға күш салатын болады. Әрдайым ақыл-кеңесіңізді айтып, әзіл-қалжыңызбен ортамызды жайнатып жүретін едіңіз. Енді ортамыздың ойсырап қалғаны қандай өкінішті...

Өмірзақ Нұрмағанбетұлын үнемі ізденіс үстінде жүретін, тек еңбек үшін жаралған, жұмыссыз, еңбексіз жүре алмайтын, тіптен өмір сүре алмайтын азамат болды десек артық айтқандығымыз болмас. Ол 1979 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмәмдап, өзі туып өскен Талап ауылындағы №54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектепке мұғалімдік қызметке орналасқаннан бастап, ауыл жастарынан қаншама дарынды спортшыларды тәрбиелеуде қажырлы еңбек етті. Бұл жетістіктің барлығы 40 жылдық ұстаздық ғұмырындағы төккен тердің, мінсіз жауапкершілік пен терең ізденістің нәтижесінде келді. Бұл мектепті болашақ дене тәрбиесі мен спорт мамандарын даярлайтын кіші «институт» десек артық айтқанымыз емес. Өмірзақ ұстаз спорт десе ішкен асын жерге қоятын еңбекқор, талапшыл маман болды. Алтын уақытын спорт залында шәкірттеріне баскетбол спортының қыр-сырын үйретумен өткізді. Қазірде ұстаздың ізін қуып «Дене шынықтыру және спорт» саласында жұмыс жасайтын шәкірттерінің саны 100 ден асыпты. Барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліміздің әр өңірінде дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту ісінде абыройлы қызметтер атқаруда. Олардың арасында ғылым кандидаттары мен профессорлар, магистрлер, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері мен үміткерлері бар. Бұл жетістіктер бір ұстазға еліктеп, мен де ұстаз боламын, мен де шәкірт тәрбиелеймін деп талпынған Талаптан талаптанып ұшқан жастардың арман-тілегі болатын. Бұл бір ауылдан осыншама жастардың дене шынықтыру мен спорт саласын таңдап, биіктен көрінуі Республика деңгейінде өте жоғары көрсеткіш болып саналады. Сондықтан Өмірзақ Нұрмағанбетұлының ерен еңбегін мақтанышпен марқайып, жар сала айтуға толық құқылымыз. Қазіргі таңда бірнеше шәкірттері жоғары оқу орындарында аталған сала бойынша студент атанып, білімдерін жалғастырып келеді. Бұл да болашақта Өмірзақ ағайдың лайықты ізбасарлары болуды мақсат тұтқан жастардың талпынысы деп зор сеніммен айта аламыз.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлы туралы сөз қозғағанда, ұлағатты ұстаз, сынып жетекшіміз марқұм Ниеталы Қуатбеков (Алла алдынан жарылқасын) ағайымызды қосып айтпау үлкен әбестік болатыны сөзсіз. Ниеталы ағай ауылға спортты әкеліп, спорттың негізін қалаған, спорттың шын жанашыры болды. Сегіз жыл сынып жетекшілік қызметінде әкеміздей қамқоршы болып, өнегелі тәлім-тәрбие беріп, Өмірзақ ағаймен бірге спорттық шеберлігімізді дамытып, жетілдіруге елеулі үлесін қосты. Әрдайым қолдап, жалынды сөздерімен намысымызды қайрап, ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырды. Ал, Өмірзақ ұстазымыз Ниеталы ағайдан алған спорттық эстафетаны лайықты жалғастырып, ауыл спортын Республика деңгейіне дейін көтерді. Біз мектепті бітіргенше аудандағы №1 баскетбол командасы болып, жасы үлкен ағаларымыздың дәстүрлі жолын лайықты жалғастырдық. «Аудан баскетболының жұлдызы» аталымы бойынша сан мәрте марапатталып, дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей таңғажайып табыстарға қол жеткіздік. Өмірзақ ағайдың ауыл жастарынан құрған баскетбол командасы аудандық, облыстық жарыстар мен турнирлерде тек бірінші жүлдемен оралды. Аудан құрамасының негізін Өмірзақ ағайдың тікелей шәкірттері құрады. Ол Жаңақорған ауданы бойынша баскетбол спортының негізін қалаушы, жоғары санаттағы тұңғыш жаттықтырушы-ұстаз болды. Бұл біз үшін, мектеп үшін, туған ауылымыз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш, үлкен мәртебе.
1985 жылы Өмірзақ Нұрмағанбетұлы Қазақ ССР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», ал 2018 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» орденімен және бірнеше рет аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл ұстазға Республикада дене шынықтыру мен спортты дамытып, насихаттаудағы ерен еңбегі үшін құзырлы органдар тарапынан көрсетілген үлкен құрмет еді.

Біз Өмірзақ ұстазымызға қарап өстік, еліктедік, бой түзедік. Өмірзақ ағайға ұқсап, допты шебер лақтырып, ойында атой салғымыз келетін. Әрбір түнді баскетболды ойлап, көз ілетінбіз. Баскетбол үйірмесі болатын күнді атқан таңдай күтетінбіз. Өйткені ұстазымның жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі бізге күш-қуат беретін ауадай қажет құлшыныс құралы болатын. Біз оның әр сөзін қалт жібермей тыңдауға құштар болатынбыз. Ол біздің түйсігімізді толғандыратын түйткілдерді жақсы білетін, оның әр сөзі біздің жүрек түпкірімізде ту ғып ұстанған ойларымызбен астасып жататын. Қашанда сөзін естіп, бағдар тапсақ, тапсырмасын орындап, ойынан орын алсақ деп бәйек қағатын едік. Біз оны өзіміздің қозғаушы күшіміз деп танитынбыз. Біз оған сенетінбіз. Ынта-жігерімізді үнемі шыңдап отыратын.

Мектеп басшылығы Өмірзақ Нұрмағанбетұлына әрқашан сенім артып отырды. Ол бұл сенімге өзінің іскерлігімен, биік болмысымен, көркем кісілігімен, асқан жауапкершілігімен ие болды. Кісілік дегенді кім қалай түсінеді? Менің пайымдауымша кісілік деген: біреудің ала жібін аттамау, кісіге қиянат жасамау ғана емес, ең әуелі өзіңді-өзің танып меңгере білу, өзіңді-өзің тәрбиелей білу, айналаңа ілтипатты болу, әріптестеріңнің пікірімен санаса, есептесе жүру, өзгенің де пікірін бағалай білу, іске адал болып, сөзіңде тұру, досыңның мұңын өз қасіретіңдей көру, үлкенді қоғамдағы орнына қарамай-ақ үлкен деп сыйлап, кішіні бауырыңа баса білу, тақтағы орныңды қатардағы жұрттың қажетіне жарату, басшылықты көпшіліктің қызметі деп түсіну, өзіңді қарапайым адаммен қатар қоя білу, биіктік тақта емес, дәрежеде емес, рухани байлықта екенін ұмытпау, байлыққа да, жоқшылыққа да төзе білу, қиындыққа мойымау. Осы қасиеттердің барлығын Өмірзақ ұстазымның бойынан табуға болатын еді.

Ол үшін адамның ары да, жаны да таза болуы керек. Өмірзақ ұстазым осы деңгейден ауытқымай өткен азамат. Біздің қызығатынымыз да, ол бекіген ұстанымдарға ілесе алмай қызынатынымыз да сол.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлы ауыл жастарымен бірге 1989 жылы сонау Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ауыл спортшылары спартакиадасына қатысып, Республика намысын қорғауы ешбір ауыл баласына бұйыра бермейтін бақ деп білемін.
1991-1992 жылдары Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік және Қызылордадағы Қорқыт Ата университеттерінің басшылары Өмірзақ ұстазымның біліктілігін, іскерлігін ескеріп, қызметке шақырғанда бас тартып, қызмет қумауы ерекше азаматтық қасиеті болар. Ол өзінің сүйікті мектебіндегі кішкентай «Хан Сарайына» бергісіз спорт залында да болашақ дене шынықтыру және спорт мамандарын дайындауға болатынын тәжірибеде дәлелдеген білікті ұстаз.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлының тағы бір ерекше қасиеті - бишілік өнері. Ауылдағы Өнер мектебінің жанынан ұлттық би сыныбын ашып, би өнеріндегі спорттық элементтер, қимыл-қозғалыстар арқылы оқушыларды әсемдікке, әдемілікке, дене бітімінің түзу болып қалыптасуына тәрбиеледі. Әлі есімде, 1995 жылы оқушы кезімізде ұлттық «Тойбастар» биімен Жаңақорған ауданында өткен көркемөнерпаздар байқауында бас жүлдені жеңіп алып, галла концертте өнер көрсеткенбіз. Міне, сол уақыттан бастап ағайдың жетекшілігімен қазақтың «Көкпар», «Айгөлек», «Тойбастар», «Аққу», «Балбырауын» сияқты т.б. қаншама билері заманауи талапта жаңғырып, аудандық, облыстық байқауларда жүлде алып келді. Бұл билердің тәрбиелік мәні зор дүниелер.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлына ұлттық би өнері мен бұқаралық спортты дамытуда, оқушы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда, бала денсаулығын нығайтуда, дене тәрбиесі мен спортты насихаттауда, дарынды спортшылар дайындауда зор еңбек сіңірген бақытты ұстазымыз ретінде әрқашан басымызды иеміз. Әрбір сөзі мен атқарған ісі мәңгілік жүрегімізде сақталады.
Өмірзақ Нұрмағанбетұлы отбасында да айы оңынан туған азамат. Оның сүйіп қосылған асыл жары Рәзия жеңгеміз өзінің кеңпейілдігімен, ақжарқын мінезімен айналасындағы адамдарға ішкі әсемдік пен берекенің мол нұрын төгіп тұратын рухани салауатты, нағыз ізетті, дәстүршіл, сіз-бізшіл, қонақшыл, ақпейіл жан. «Алыстан шәкірттерім келіп еді», «Біреудің қуанышы болып еді», «Біреу үйді көрмеп еді» - деп жүргені, әйтеуір себеп табады, дастарханы жиылмайды, қонағы тиылмайды. Нағыз жомарт жандар деп осындай кісілерді айтармыз. Мүмкін Өмірзақ ұстаздың бұл өмірге деген құштарлығы, адамдарға деген адал ықыласы, үздіксіз ой мен қимылдың қанатында жүретіні осы Рәзия жеңгеміздің өзіне деген ақ жүрегі мен шынайы шапағатынан да болар.

Артында бар оңалар дегендей, Аллаға шүкір алтын асықтай Қанат пен Жандостай ұлдарыңыз, қырмызыдай Нұргүл мен Ақгүлдей қыздарыңыз бен олардан өрбіген сүйікті немерелеріңіз, Рәзиядай асыл жарыңыз, ағайын-туыс пен бір қауым шәкірттеріңіз барда есіміңіз ешқашан ұмытылмайды.

Біз қуансақ та, қайғырсақ та ұлы Абайдың жалынды сөздеріне сүйенетініміз ақиқат. Ұлы ақынымыз «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында іс қалдырған», - демекші, Сіз, артыңызда өскелең ұрпақ мәңгілік айта жүрер қайырлы іс қалдырған, тақыр жерден тау тұрғызған тұғырлы тұлғасыз! Алла Сізді панасына алсын! Бұл күн біз үшін қаралы күн! Күнделікті дұғамыздасыз, бақұл болыңыз ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ!


Жандос МЕРГЕНБАЙҰЛЫ
04 қыркүйек 2023 ж. 350 0