№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қоғамдық маршрут қымбаттайды

Қоғамдық маршрут қымбаттайды

Аудан тұрғындарының басым көпшілігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады десек қателеспейтін шығармыз. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. Яғни, көпшілік қауым таңертеңгі сағат 7- ден кешкі сағат 19-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынуына тура келеді. Одан кейін сенбі, жексенбі күндері де жеке шаруасымен кент орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі – басты қажеттіліктің бірі. Сондықтан қоғамдық көлік мәселесі.


  Аудандық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 25 тамыздан бастап қоғамдық көліктердің тарифі өзгереді. Атап айтсақ, кентішілік маршруттар – 80 теңге, 7-15 жасқа дейінгі балалар үшін – 40 теңге болып өзгермек. Ал, ҚұттықожаШалқия кентіне жолақасы – 250 теңге, Билібай-Байкенже ауылына – 300 теңге, Жаңарық-Әбдіғаппар ауылына – 200 теңге, Түгіскен, Келінтөбе, Қандөз, Қаратөбе ауылына – 400 теңге, Жайылма ауылына – 200 теңге, Кейден ауылына – 100 теңге, Жаманбай батыр ауылына – 400 теңге, Қыраш, Қосүйеңкі ауылына – 300 теңге, Сүттіқұдық, Қожамберді, Төменарық ауылына жолақсы – 300 теңге болып бекітіліп отыр.

Осы тұста айта кетейік, 2017 жылдың қарашасынан бастап ҚорғантоғайСаяжай, Алтынсарин-Ипподром және Жаңауыл-МАИ бекеті бағытында қоғамдық көлік жүре бастады. Бұл істе белгілі кәсіпкер Әбдіхан Шайыхов дем беріп, азаматтық танытты. Соңғы кезде аялдамада маршрут күтетін халықтың қарасы қалыңдап келеді. Әйткенмен Әбдіхан Шайыховтың айтар өз уәжі бар:

– Кент тұрғындары маршрут санын көбейтуді талап етіп жүр. Бұл заңды. Осы талаптан шыққымыз-ақ келеді. Бірақ нарықтың өз талаптары болады. Қазір жанар-жағармай бағасы қымбаттады. Оның үстіне, көлік бұзылмай тұрмайды. Ал, 50 теңгелік жолақымен шығынды ақтау мүмкін емес. Енді, тариф бағасын өзгерту қолға алынып отыр. Сондықтан бұл бағытта мәселенің тынысы ашылатын болар. Десе де, тұрғындар такси қызметіне қарағанда қоғамдық көлікке басымдық берсе дейміз. Аялдамаларда жолаушы тұрақтанса қоғамдық көлік жұмысы бір ізге түсіп, саны да арта түсер еді, – дейді.

Алысты жақындатып, барар жеріңе қандай күн райы болмасын жеткізетін, аты айтып тұрғандай қоғам үшін қызмет ететін бұл көліктердің сапасының жоғары болуы, қауіпсіздіктің сақталуы ең басты мәселе. Бүгінде тұрғындар қоғамдық көлік қатынасына бой үйретіп, игілігін сезіне бастады. Біз де өз кезегімізде сол көліктердің жүру бағытын, халыққа тиімді немесе тиімсіз тұсын өз көзімізбен көру мақсатында автовокзал аялдамасынан «Жаңаауыл» бағытындағы көлікке мініп, МАИ бекетін бағытқа алдық. Аялдамада байқағанымыз көпшілігі маршрутты күтіп тұрғысы келмейді, жолай кезіккен таксиге мініп кетеді. Расында, қоғамдық көліктердің арасы әжептеуір ұзақ екен. Бірақ сабыр сақтап күтуге тура келеді. Әйтсе де, халық үйрене бастапты. Әр аялдамадан екі-үш адамнан мініп, лезде көлікті толтырды. Межелі жерімізге 20 минуттың ішінде жетіп бардық. Сәл аялдап тұрдық та, қайта кері жүріп кетті.

– Көріп отырғаныңыздай, ауданның тыныс-тіршілігін көлік қатынасынсыз елестете алмайсыз. Ана шетімен мына шетіне жаяу жету мүмкін емес. Біраз уақыт бұрын тоқтап қалған, қоғамдық көліктің жұмысы қайта жанданып, іске қосылғанына бәріміз қуандық. Біз де азын-аулақ болса да, бала-шағамыздың несібесін алып отырмыз. Кейде халықты да түсінбей жатамыз, жолдың жиегінде тұрып, қолын көтергенге тоқтасаң, бізге мінбей, таксиге мініп кетеді. Шыны керек, кейде салдырлап бос жүреміз. Ары-бері жүрген бензинді де ақтамайды. Егер тұрғындар таксиге мінбей, мартшруттарға мінетін болса, бізге де жақсы болар еді. Жұмысымыз жанданып, халықтың алғысымен қоса біраз пайда да тапқан болар едік, – дейді №3 маршрут кондукторы Ибадат Ибраева.

Қалай десек те, қоғамдық көлік қатынасы халық үшін өте қажет. Бұл бастама балалар үшін өте қолайлы. Тағы бір тиімділігі – жол ақысының арзандығы. МАИ бекетінен орталыққа жету үшін таксиге 500-800 теңге жолақы төлейсіз. Бір күнде төрт рет көлік қатынасын пайдаланатын тұрғындарға бұл сома ауырға соғатыны түсінікті.

– Мен Саяжайда тұрамын. Қоғамдық көлікпен қатынауға дағдыландым. Қазір көліктің қатынау жиілігі аса ұзақ емес, ары кетсе 15-20 минут күтемін. Әсіресе, күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар мен мектепке қатынайтын оқушыларға өте қолайлы болды. Дегенмен, алдағы уақытта көліктердің санын көбейтіп, жиілігін арттырса дұрыс болар еді. Қоғамдық маршруттар жүре бастағанда халық қатты қуанды. Күнделікті қоғамдық көлікпен қатынайтын болғандықтан, көпшіліктің ойын да жақсы білемін. Байқап қарасам, қазір тұрғындар жаппай маршрутпен қатынауға дайын. Тек қатынау жиілігін реттесе ғой. Мысалы, Жаңауылға газель 40 минутта, тіпті 1 сағатта бір келеді. Оны күткен адамның жүйкесі жұқарып, болмағасын таксиге мініп кететіні белгілі. Алдымыз жаз, күннің ыстығында ұзақ уақыт көлік күту қиын. Сондай кездерде жиірек жүргізілсе, – дейді кент тұрғыны Аманбай Қорғанбеков.

Байыптап қарасақ тұрғынның сөзінің жаны бар. Өйткені, қоғамдық көліктің жүруі орталықтан шалғайда тұратындар үшін қолжетімді, әрі қаржы үнемдеуіне мүмкіндік беруде. Қоғамдық көлік әр 20- 25 минут аралығында қатынайды. Алдағы уақытта осы көліктердің саны көбейіп, қатынау жиілігі артатынына сеніміміз мол. Өйткені, аудан тұрғыдарының басым көпшілігі қоғамдық көліктердің қызметін күнделікті пайдаланады. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. Яғни күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 7-ден бастап кешкі сағат 18-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынады. Одан кейін сенбі, жексенбідегі демалыс күндері де жеке шаруасының қамымен қала орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі басты қажеттіліктің бірі. Ауданымызда такси қызметі де, оны тұтынатындардың да саны көп. Қай кезде болса да қолжетімді бағаға барар жеріңе уақытында жете аласың. Алайда олардың барлығы бірдей заңды түрде тіркелмеген.

Біздің ауданымыздағы такси қызметінің әлі де бір жүйеге келмей, оңдысолды жұмыс істеп жатқанын көргенде қынжылатынымыз анық. Байқап қарасақ, кент ішінде және ауыл арасында қатынайтын таксистерде патент жоқ. Бір болса, санаулысында ғана. Мұны реттеудің жолы бар ма?..

Қалай болғанда да, халық тұтына бастаған қоғамдық көліктердің ғұмыры ұзақ болғаны абзал. Ол үшін Жаңақорған кентінің әкімдігі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, жергілікті полиция қызметі бірлесе заңсыз такси қызметін шектеп, такси қатынасының ережесін бекітіп, қоғамдық көліктердің қатынауына ыңғайлы жағдай жасаса деген тілегіміз бар. Халық та жергілікті биліктен осыны күтеді. Себебі, бұл күндері аялдамада қоғамдық көлікті күтіп тұрған тұрғындарды такси жүргізушілері 100-150 теңгеден алып кетіп жатқанын талай мәрте көз көрді. Әлбетте, таксистердің де өз уәжі бар. Қорыта келгенде, барлығы да халықтың қамы ғой. Сол себепті, атқарушы билік те, тиісті сала мамандары да, қарапайым халық та жауапкершілік танытқаны абзал.

Әсел РЗАЕВА
26 тамыз 2023 ж. 183 0