№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім қазығы - бастауышта

Білім қазығы - бастауышта

Жас ұрпақтың рухани сәулеткері – ұстаз. Яғни, адами капиталды қалыптастырып, сапасын арттыратын күшке ие. Сондықтан, зерделі де зерек, зейінді ұрпақ тәрбиелеушіге қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Осындай білікті ұстаздардың қатарында №286 негізгі мектебінің бастауыш сынып ұстазы Гүлнұр Әлиеваның есімін атауға болады. Ол ағарту саласында өзіне жүктелген сенімді ақтап келе жатқан, зерделі де зерек, парасатты да саналы ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз.


– Ұстаздың биігі ойлана қарасаң, биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң, артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай, мұғалім – үлкен білімнің, мәдениеттіліктің, жаңашылдықтың жаршысы. Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деген өлең жолдары есіме түсіп отыр. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланса, ұстаздан шәкірт озып жатса, жылдар бойы төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны ғой. Ұстаз үшін одан асқан бақыт жоқ, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Тәуелсіздікті ту еткен бейбіт мемлекетіміздің тарихи-әлеуметтік, мәдени, рухани болмысын дамытуда, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерен. Әсіресе, аудан жастарының білімді де білікті қалыптасуы алған біліміне тікелей байланысты екені анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз парасатты ұрпақ қалыптастыру жолында кенттегі №286 мектепте яғни республикадағы тірек мектептің қатарына қосылған ордалы білім ұясында балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. Ұлағатты ұлықтаған ұстаздың ұстанымы да анық. Ол – оқушылардың алған білімін еңбекпен ұштастыра білуі.

– Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген қанатты сөзінен білім берудің кез келген саласында тәртіпті орнату маңыздылығын аңғаруға болады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына білім мен тәрбиені ұштастыра білген жөн. Әр баланы алдымен тәртіпке, еңбек етуге үйреткен абзал. Өйткені, еңбекпен піскен бала бойындағы білімін міндетті түрде өмірде пайдаланады. Яғни, білімі мен еңбегі ұштасқанда ғана адам жеңіске жетеді. Жастарды білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиеге баулып, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру ұстаздық мамандығын арқалап жүрген әр мұғалімнің мойнындағы міндеті. Сондықтан, білімнің тәрбиеге ұштасқаны абзал. Қазіргі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай әзірленген ғой. Өзім ұстаз ретінде жанжақты ізденіп отырғанды құп көремін. Мысалы, «Кемеңгер» балалар жадын дамыту мектебі яғни 6 – 12 жас қазақ тілді балалардың есте сақтау, ойлау, оқу қабілеттерін, логикасын дамыту және зейінін тұрақтандыру бойынша жұмыс жасайтын білім ордасының негізін салушы Перизат Мұратқызынан ұдайы онлайн сабақ алып жүрдім. Осы жазда Алматы қаласына арнайы барып, офлайн оқып келдім. Одан бөлек, қаншама сабақтарға қатысып, өзімді дамытумен айналысып келемін. Өйткені, уақыт бір орында тұрған жоқ. Күн сайын сан алуан дүниелер өмірімізге еніп жатыр. Егер біз ұстаздар жаңашылдықтан тысқары қалып қоятын болсақ, балаларға үйретеріміз де кемшін қалып қою мүмкін, – дейді Гүлнұр Айдарханқызы.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, осындай ұлы есімді арқалап жүрген кейіпкеріміз білім беру барысындағы тәжірибесімен де бөлісе кетті.

– Мұғалімнің негізгі міндеті – жеке тұлғаны дамытып, білімге деген сенімін, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру ғой. Өзім №286 мектепте даярлық тобын қабылдап алдым. Бар күшім мен жігерімді салып, әріп үйретіп, білімнің алғашқы баспалдағын сіңіруге жұмыстандым. Бәлкім, осы еңбегімді ата-аналар байқаған болар, осы балалардың алғашқы ұстазы болуымды өтініп отыр. Бұйыртса, ата-аналар үкілеп өсірген перзентін біздерге сеніп тапсырғанда, оларды өз болашағына қажетті біліммен сусындату басты парызымыз. Бүгінгі балалар өте сезімтал, нәзік, еркеліктері де жоқ емес. Олар мұғалімнің жылы жүзді, жайдары мінезді болғанын қалайды. Әрбір сабақты неғұрлым түрлендіріп, көрнекілікті ретімен пайдаланып өткізу жаңа тақырыпты тез қабылдауына оң әсерін тигізеді Өйткені көрнекілік қолданылғанда оқушылардың түйсіну сезімі іске қосылады. Сондықтан өз басым әр сабақты түрлендіріп өткізуге мейлінше көбірек көңіл бөлемін. Ұстаз болу көп еңбекті, шыдамдылықты, төзімділікті, адалдықты, әділдікті талап етеді. Мен ұстаздықтың осындай ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым, – дейді ұстаз.

Иә, бала бойына білім мен тәлімді тәрбиені қатар құйып, оны нағыз азамат етіп қалыптастыруды ұстанатын Гүлнар Айдарханқызы өзі де бала күннен ұстаз болуды армандап өскен. Аудан орталығындағы №163 мектепті бітірген соң, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Ғылыми биология» мамандығын меңгерсе, Қорқыт ата университетінде «Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шықты. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз жастардың болашағына қатты алаңдайтынын да жасырмады. Ол бүгінгідей өзгеріске толы өмірде баланың өмірден өз орнын тауып, дұрыс жолға түсуіне ұстаз бен ата-ана қатар бірігіп атсалысса деген ниетте. Оның алаңдауына себеп бар. Өйткені, баланың адам болып қалыптасуы ұстаз бен ата-ана үшін де, қоғам үшін де өте өзекті.

– Шынымды айтсам, қазір балалардың барлығы телефонмен уақыт өткізетін болды. Оның үстіне, мектеп бағдарламасы бұрынғыдай емес, өзгерген. Жеке білім ошақтары да бой түзеді. Көп ата-аналар тұрмыстың күйбеңімен балаларын жеке мектептерге береді де, қамсыз жүреді. Үйде қадағаламайды. Баланың тұлға болып қалыптасып, білімді азамат болуына ең бірінші ата-ана жауапты. Егер үйдегі атаана мен мектептегі ұстаз екеуі бірігіп жұмыс жасайтын болса нұр үстіне нұр. Мейлінше, балалардың бос уақытын ұтымды өткізуге баулу керек. Өйткені бос уақыты көп бала әлеуметтік желінің құлына айналуы мүмкін. Ғаламтордың қолжетімділігіне қуанамыз. Бірақ оның пайдасынан зияны басым. Балалар кітап оқуы өнермен, спортпен айналысуы керек. Ұстаз бен ата-ана осыған аса мән бергені абзал. Себебі бүгін біз асырап отырған баламыз ертеңгі біздің асыраушымыз екенін естен шығармайық, – дейді ол.

P.S.: Мектептің жүрегі ұстаз десек, оның бойына қан жүгіртетін озық білімгерлері. Егемен елдің ертеңгі еңсесін тіктейтін білікті де білімді, парасат пайымы мол азаматтарды тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі ерен екенін кім де болса мойындары хақ. Осы орайда, Гүлнар Айдарханқызың әлі де талай жас өрен көкірегіне білім нәрін себетініне сеніміміз мол.

Әсел Рзаева
01 қазан 2023 ж. 370 0