№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Талантты ұлға тілекші

Талантты ұлға тілекші

«Qazaqstan дауысы» музыкалық балалар мегажобасына қатысып, таланттылардың арасынан төрге озып, ақтық мәреге жеткен Нұрисламға жерлестері үлкен қошемет көрсетуде. Сол күндері бала таланттың мерейін өсіріп, тілекші болған жандардың көшінде аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов те болды. Әлеуметтік желіде қолдау білдіріп, тілеуін тілеген жандардың сенімін өнерпаз өрен ақтай білді. Жуырда аудан басшысы Нұрислам Тілеуханды жеке қабылдап, ыстық ықыласын білдіріп, ризашылығын жеткізді.

 – Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дарыған өнерді өшірмей, бала кезінен бойына сіңріп келе жатқан Нұрислам додада дара шықты. Кешегі байқауда тақым қысып, соңғы мәре жақындаған сайын қобалжығанымыз рас. Бұйырғаны болды, республикада үздік төртеудің төріне шығу үлкен ерлік. Сондықтан жеңісті күндерің әлі алдыңда, біз әрқашан демеу болып, тілектес болуға дайынбыз. Біз сені жеңімпаз деп санаймыз, өйткені, өнердегі ең үлкен шың, ол халықтың берген шынайы бағасы. Халық сені жақсы көрді, талантыңа тәнті болды. Енді Алла сәтін салса әншілік өнердің белесін бағындырасың деген сенім білдіреміз. Ең бастысы, осы бір дарыныңды дамытып, ауданның, Сыр елінің, жалпы қазақ өнерін биіктете беруіңе тілек білдіреміз, – деп аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы сыйқұрмет көрсетті.

Әрі, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықовқа Нұрисламға керекті құрал-жабдық, яғни музыкалық аспаптар тізімін жасақтауды тапсырды. Жас талантқа қажетті жабдықтарды алып беруге уағдаласты. Бұл енді гүл ашып, буыны қатайып келе жатқан өнер иесі үшін үлкен қолдау. Нұрислам да мұндай қолдауға ақтарыла алғысын айтты.

– Мен өзіме қолдау білдірген жерлестерімнің жігерлі сөздерін байқаудан соң қайтақайта оқып, тыңдап қуандым. Бала болсам да мені демеп жатқан аудан әкіміне, барша жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Басты мақсатым өнерімді өрістетіп, атаанамның үмітін ақтау. Құдай қаласа жеңісті күндерім алдымда деп білемін, – деді жеңімпаз.

Төменарық ауылында өнерлі отбасында дүниеге келген талантты жас нағыз шығармашыл отбасының перзенті. «Әке көрген оқ жонар», демекші, Нұрислам әкесінің ізінен еріп келе жатқан үйдің сүт кенжесі. Оның алдыңғы буын ағалары да өнерден алыс емес. Барлығы да талантты жастар. Толқын Забировадай тәлімгерден тәлім алған жас әнші үлкен жобаларға шақырту алуда. Бақыт Асылбеков пен Жұпаркүл Түменбаеваның ұлы енді елдің ұлына айналды. Бұл ата-ана үшін де үлкен қуаныш, мерейлі сәт.

Бақыт Тілеуханұлы Қожамберді ауылдық клуб үйінде сүйемелдеуші болып еңбек етеді. «Балбұлақ» домбыра және «Қаратау» гитара үйірмесіне жетекшілік етіп, талапкерлердің өнерін шыңдайды. Оның алғашқы шәкірті – Бақдәулет Каренов аудандық гитарашылар байқауында бас жүлдені жеңіп алса, тағы бір шәкірті Ақтілек Тілеухан аудандық гитарамен ән айту сайысының жеңімпазы атанды. Жұбайы Жұпаркүл Түменбаева дәстүрлі өнерді ұстанған орындаушы. Екеуінен 6 ұл өсіп-өнсе, олар да өнерден құралақан емес. Үлкен ұлдары Әділет Тілеухан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алған, әнші. Шымкент қаласында өткен Республикалық «Дарын» сыйлығының лауреаты.

Тағы айта кететіні, осыдан екі жыл бұрын Нұрислам Ақтөбе қаласында өткен Табылды Досымов атындағы республикалық «Сәйгүлік» байқауында ауданның намысын қорғап, екінші орынды қанжығасына байлаған еді.

Осындай мерейдің биігіне көтеріліп, өнерін өшірмей, өрге сүйреген шаңырақ үшін бұл жетістіктер үлкен жеңістің бастауы деп білейік.

Әлібек Жарықбаев

31 шілде 2023 ж. 210 0