Конго -қырым геморрагиялық қызбасы - қатерлі ауру
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – жедел қызбамен, жалпы, уланумен, өлім-жітімнің жоғарылығымен сипатталатын вирусты инфекция. Ауру көзі – ауру адамдар және вирус жұқтырған жануарлар.
Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) ауруын 1944-1945ж.ж. вирусолог М.П.Чумаков анықтады. Конгода 1956 жылы Конго деп аталатын вирус безгегі бар науқастың қанынан табылып, ал 1969 жылы Қырымда табылған вируспен сәйкестігі анықталған.
Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда, Түкістан облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан.
Жаңақорған ауданы бойынша 2022 жылы КҚГҚ-ы ауруымен ауырып ауданаралық ауруханасы жұқпалы аурулар бөліміне алғашқы дерт анықтамасымен 8-науқас түскен болатын, оның 3-жағдайы зертханалық тәсілмен дәлелденді.
2023 жылы аса ақуіпті жұқпалы КҚГҚ-ы ауруынан аудан бойынша қолайсыз елді мекендер саны-15-ті құрап отыр. Атап айтқанда: Төменарық, Шалхия, Құттықожа, Бірлік, Қыраш, Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе, Түгіскен, Билібай, Байкенже, Машбек, Өзгент, Жаңарық, Бесарық елді мекендері.
Негізгі тасымалдаушылары – иксод кенелері. Табиғи ортада бұл вирус кенелердің және әртүрлі жабайы жануарлардың (қояндар, ұсақ кеміргіштер, кірпілер) және үй жануарларының (ешкілер, қойлар, сиырлар, жылқылар және т.б.) ағзасында болады.
Адамдар арасындағы індет жағдайлары көбіне көктем-жазғы уақыттарда (сәуір-тамыз) тіркеледі. Кенелердің айырмашылығы – аса сезімталдығы. Олар жан-жануарларды алыстан сезіп, іздеп тауып, оларға жабысып қанын сорады. Бір-екі жыл өмір сүріп, бірден 3-4 мың жұмыртқа шашады.
Бұл жұмыртқалардан өскен майда кенелер дала тышқандарының, суырлардың, қояндардың, құстардың, тағы басқа жәндіктер мен жабайы жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып өмір сүрсе, үлкендері ірі аңдарға, үй жануарларына, адамға жабысып, қанымен қоректенеді.
Адам ағзасына кене вирусын қан сорған жерінде сілекейімен қалдырады. Олар сол жердегі майда қан тамырына еніп, қан жүйесі арқылы денеге тарап, тез өсіп, өніп, көбейіп улы заттарын бөледі.
Удың әсерінен дененің майда қан тамырларының құрылыс клеткалары ыдырап, өзгеріске душар болу салдарынан тамырлардан қан сызаттап шығуына байланысты тері астында көк ала дақтар пайда болады. Кейде әр жерден тері қабаты тесіліп, қан атқылайды. Мұндай өзгерістер ішкі мүшелерде де болуы мүмкін.
Аурудың алғашқы сатысында қысқа уақыт ішінде температура 39-40 градусқа жоғарылап, қатты бас ауруы қозып, тоңып-қалтырап, ұйқысы бұзылып, тәбеті нашарлап, жүрегі айнып құсуы мүмкін, жүрек соғысы баяулап, артериялық қан қысымы төмендейді. Қан кету белгілерінің бастапқы кезеңі науқастың денесінде бөртпенің пайда болуымен, түрлі инъекциялар жасаған жерде гематоманың пайда болуымен, қан кетумен сипатталады.
Аурудың өршу кезеңі 4-7 күнге созылады және бұл кезең ағзаның жалпы, улануымен, ағзалардан қан кетуімен (мұрыннан, құлақтан, асқазан, әйелдерде жатырдан қан кетуі) сипатталады.
Кеселге тән белгілердің бірі – Пастернацкий синдромы. Беті бозарып, еріндері көгереді. Сана бұзылысының болуы да ықтимал. Бауыр ұлғаяды. Олигоурия байқалады. Асқынулары – сепсис, тромбофлебиттер, пневмония, жедел бүйрек тапшылығы, отит. Осындай асқынуларға жол бермес үшін келесі ережелерді сақтаған жөн:
Табиғат аясында, саяжайда демалған сәттерде, жазық далада вахталық әдіспен жұмыс жасағанда, кенеден сақтану үшін, яғни, дененің киімнен жалаңаш жерлерін мейлінше азайту керек. Мүмкіндігінше ашықтау бір түсті киім киген абзал, бұл киімге жабысқан кенені тезірек көріп, анықтау үшін қажет. Сонымен қатар, кененің малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау керек. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды. Сондықтан, аурудың алдын алу жолдарын қатал сақтаған абзал.
Егістік алқабында, саяжайларда жұмыс жасағанда және табиғат аясында демалысқа шыққанда арнаулы киімдер, жеңі ұзын, жағасын түймелейтін киімдер киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып жүру керек. Кенесі көп жерлерге арнайы кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын жүргізіп, үй жануарларына кене жабыспау үшін малды дәрілеп, тоғыту қажет.
Науқас адамдарды анықтауды ведомстволық тиесілігіне және жеке меншік нысанына қарамастан, денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері, сондай-ақ, жеке практикамен айналысатын медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Кене шағудан зардап шеккен барлық адамдарға 14-күнтізбелік күн ішінде дене қызуын өлшеумен, тері жамылғысын тексерумен медициналық бақылау белгіленеді. Есіңізде болсын, кенені еш уақытта қолмен езбеңіз! Кене шаққан жағдайда дер кезінде дәрігерге көрініңіз!
Ж.Шайхысламов,
Жаңақорған аудандық
СЭББ бөлім басшысы
Жаңақорған аудандық
СЭББ бөлім басшысы