Сары ауру салғырттықты көтермейді
Сары ауру атауы құлағымызға ежелден таныс. Сары аурудың әл-ахуалы әлсіз және тазалығы төмен жерде етек алатынын еске алсақ, өркениетті қоғамда ол өзінен-өзі жоғалуы тиіс. Жыл басынан бері ауданымызда атаулы індетпен екі жағдайдың тіркелуі дәрігерлерді алаңдатып отыр. Бұған қоршаған ортаның ластануы, осыған қоса дұрыс күтімнің, жеке бас тазалығының кемшіндігі себеп.
Жұқпалы сары ауру немесе вирусты гепатит – бауырдың кең тараған ауруларының бірі. Оны сыртқы ортада тұрақты өмірге бейімділігі жоғары кішкентай (майда) тірі организм - вирус тудырады. Ол аурудың қаны мен зәрінде болады. Вирус тұрмыстағы ластанған заттар, қол, су, тағам өнімдері арқылы айналадағыларға тез беріледі. Ауданымызда аталмыш дертпен екі науқастың тіркелуіне орай аудандық емхананың бас балалар дәрігері Ұлжан Үрінбаевамен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын білуге тырыстық.
– Аудан бойынша 2023 жылы вирусты гепатит А ауруының 2 жағдайының тіркелуіне байланысты емханада медицина қызметкерлері арасында «Вирусты гепатиттердің алдын-алу, жұғу жолы, емдеу жолдары жайлы» семинар сабақ өткізілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын вирустық гепатиттің «А» түрімен 1,5 миллион адам ауырады. Алайда бұл инфекцияның білінбейтін түрімен есепте тұрған науқастарды қосқанда, бұл аурумен ауыратындар саны жылына 10-15 миллион адамға жетеді екен. Сонымен қатар, әлемде аталған аурудың «В» түрімен тұрақты ауыратындар 350 миллионнан астам болса, «С» түрінің вирусын жұқтырғандар саны 200 миллионға жуықтайды. Біздің елімізде де, вирусты гепатитпентің біршама түрі кеңінен таралған. Сол себепті, әрбір адам барынша өз денсаулығына мұқият қарап, тазалықты сақтау аса маңызды, – дейді денсаулық сақшысы.
Ақиқатында, санитарлық ережелерді сақтамай дайындаған тағам өнімдері, сондай-ақ аталмыш аурумен есепте тұратын адамдар дайындап, көпшілікке таратқан тағамдар да осы ауруға ұшыратады. Сары ауру адам организмін бүтіндей зақымдайды. Бірақ өзгерістер бауырда өтеді. Алғашқы үш аптада аурудың ешқандай белгілері білінбейді. Мұны жасырын инкубациялық кезең деп атайды. Дәл осы кезеңде дәрігерге қаралу өте маңызды, дәрігер зерттеу тәсілдерінің көмегімен диагнозды дұрыс қойып, ем береді және режим, диета белгілейді, асқынудың алдын алады. Инкубациялық кезеңнен соң дененің сарғаюы басталады. Алайда, аурудың сарғаймайтын формасы да кездеседі, бұл айналадағы адамдарға қауіпті.
– А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, тұмау ауруымен ауырып қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін. Не болмаса ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды. Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді. Вирусты гепатит – бауырдың кең тараған ауруларының бірі. Оны сыртқы ортада тұрақты өмірге бейімділігі жоғары кішкентай (майда) тірі организм - вирус тудырады. Ол аурудың қаны мен зәрінде болады. Бұл аурудың негізі белгілері тәбеттің төмендеуі, оң қабырғаның астының ауруы, дене қызуының көтерілуі, жүректің айнуы, кейде құсу, әлсіздік, дімкәстік, зәрдің түсінің қоңырлануы, үлкен дәреттің түсінің ағаруы, таңдайдың, көз ағының сарғаюы, кейін терінің сарғаюы сары ауру адам ағзасын бүтіндей зақымдайды. Бірақ өзгерістер бауырда өтеді. Алғашқы үш аптада аурудың ешқандай белгілері білінбейді. Мұны «жасырын инкубациялық кезең» деп атайды. Зақымданған адамның асқа тәбеті нашарлайды, ішінің оң жағы және төстің төменгі тұсы ауырады, ішектің бұзылғандығы байқалады. Дәл осы кезеңде дәрігерге қаралу өте маңызды, дәрігер зерттеу тәсілдерінің көмегімен диагнозды дұрыс қойып, ем береді және режим сақтауды ескертіп, диета белгілейді, асқынудың алдын алады. Инкубациялық кезеңнен соң дененің сарғаюы басталады. Алайда аурудың сарғаймайтын формасы да кездеседі, аурудың мұндай түрі айналадағы адамдарға қауіпті. Егер науқас адам дер кезінде емделсе, үш аптадан соң дене сарғаюлары кетіп, денсаулығы дұрысталып кетеді, – дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ақпарат көздерінен және маманмен сөйлесе келе ең басты түйгеніміз, ауыз су сақталатын құдықтарды таза ұстау міндетті екен. Оларға жақын жерде канализация жүйелері, қоқыс үйінділері, мал суаттары болмауы қажет. Ауыз су құдығының түбі мен қабырғасын лай қоқыстардан тазалап, құдықтың ішін 0,015% деохлор ерітіндісімен зарарсыздандыру керек, 30 минут экспозициядан кейін таза ауыз сумен жуып, содан кейін барып құдықты қайтадан таза ауыз сумен толтыру маңызды екенін есте ұстаған жөн болар. Бөл жөнінде де дәрігердің көпшілікке айтар кеңесі де бар.
– Сары ауруға немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл ауру тағам өнімдері арқылы да берілетін болғандықтан асхана, кафе, азық-түлік дүкендерінде санитарлық гигиеналық ережелер ұқыпты түрде орындалуы тиіс. Мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері мен мектептерде балалар санының артық болмауын және оларда тазалықтың сақталуын қадағалап отырған абзал. Балалар әрдайым медициналық тексеруден өтуі тиісті. Сапалы сумен, тамақпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілулері қажет. Жеке бас гигиенасы қағидаларын қатаң сақтау, тамақтану алдында және дәретханадан кейін қолды сабынмен жуу, жеміс жидектерді пайдалану алдында тазалап жуу, белгісіз су көздерінен қайнамаған суды ішпеу, білім беру орындарында санитариялық-гигиеналық, дезинфекциялық талаптарды қатаң сақталуын қадағалау маңызды. Дегенмен, алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинациялау, – дейді.
P.S. «Ауру – астан». Ендеше, сапалы ауыз су ішу мен таза тамақтануға аса мән беріңіз. Әсіресе, ересектер, балалардың жеке бас гигиенасын сақтауына жағдай жасағандарыңыз жөн. Тазалық – ауырмаудың кепілі.
Әсел РЗАЕВА