Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » NEET санатының артуы: жұмыссыздықтан ба? құлықсыздықтан ба?

NEET санатының артуы: жұмыссыздықтан ба? құлықсыздықтан ба?

Жастар – қоғамның болашағы мен қозғаушы күші дейміз. Бірақ, жан жагымызға бағамдап қарасақ, соңғы кезде жастардың жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер жасалып жатыр. Әйтсе де, жұмыссыз жастардың саны азаяр емес. Олардың қатарында түрлі мамандық бойынша жоғары және арнайы оқу орнын бітіріп келген қолында қос-қос дипломы бардың да жұмыс таппай сенделіп жүргені жаныңды ауыртады.


  Жастарды қолдау мақсатында бірсыпыра бағдарламаның барын білеміз. Соның ішінде NEET жастарды қолдау 6 бағыт бойынша жүреді. Кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру мен ұйымдастыруәдістемелік шаралар. «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Баршаға бірдей тегін техникалық және кәсіптік білім беру», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары осының жемісі. Бірақ аталған бағдарламалардан айтарлықтай нәтиже көріп жүргеніміз жоқ. Себебі «Серпінмен» оқуға түскен студенттің 4 жылдан кейін ауылына қайта оралғанын байқаймыз. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен дәрігер мен мұғалімдікті бітірген жастардың шалғайдағы елді мекенге ынтасы ауып тұрғаны ілуде біреу.
Ал, біздің аудандағы жағдай қалай? Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығында 2633 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, олардың 699 тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Әлбетте, бұл тіркеліп, ресми статус алғаны ғана. Ал тіркелмей жүрген жас қанша? Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбековтың айтуынша, аудандағы жұмыссыздық деңгейі жылдан-жылға азайып келеді.
– Ағымдағы жылы ауданымызда жастар практикасына-301, қоғамдық жұмыс орындарына – 403 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқуға – 904 адам қатысып, оның – 167-і грант алды. Ал, қысқа мерзімдік курстан -8 жас өтіп, барлығы дерлік жұмысқа орналасты, әлеуметтік жұмыс орындарына -25 адам қамтылды. Бізге тіркелген жастардың барлығына мүмкіндігінше жұмыс көзін тауып беруге жұмыс жасаймыз. Әйсте де, аудан орталығындағы кафе мен дәмхана иелері әрбір жәрмеңкеде қарапайым жұмысшыға сұраныс береді. Соған баратын маман таппаймыз. Бос орын жұмыс жәрмеңкесінде аспазшы, дәнекерлеуші, құрылысшы, көлік жүргізуші және т.б мамандық бойынша сұраныс көп болады. Бірақ ондай жұмыстарға жастар бармайды, тәжірибесі болмаса да бірден жоғары дәрежелі қызмет атқарғысы келеді, – дейді Жаңабек Тұрлыбеков.
Бұл жөнінде, жастардың пікіріне келсек, болмашы қаржыға бейнеттенуді қаламайтындарын алға тартады. Одан гөрі шетел асып болса да, айына 500 мыңға жуық табыс табуды дұрыс санайды екен. Қандөз ауылының тұрғыны Ержан Мадиярды әңгімеге тартып едік.
– Менің екі дипломым бар. Оқуды бітіріп келгеннен кейін жұмысқа орналасайын десем жұмыс жоқ. Қаншама есікті қағып, біраз басшының алдынан өттім. Жұмыстың ыңғайы болмағаннан кейін Ресей еліне қара жұмысқа кеттім. Онда табыс жоғары. Бірақ, ауарайы қатты суық әрі жұмыс ауыр. Екі жыл істеймін деп денсаулығым сыр беріп, елге қайттым. Қазір бір жыл болды жұмыс іздеп жүрмін. Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгенмін, кәсіпкерлік бағытында оқып, сертификат алдым. Алайда, ол грантты алмақ түгілі, тіркеле де алмадым. Қаншама рет бардым. Өз мамандығым бойынша жұмыс табылмаса да, қолымнан келетін кәсіпті бастауға ниеттеніп едім, ол да болмады. Енді қайтадан Ресейге барғалы жатырмын, – деді көңілі құлазып.
Ал, кент тұрғыны Самат Егембердиев «танысың болмаса тасада қаласың» дегенді алға тартты.
– Жасыратын несі бар, жұмысқа тұру бізде үлкен мәселе ғой. Әуелі танысың, сосын қалтаңда қаражатың болу керек. Өзім еңбек пәнінің мұғалімімін. Әлі күнге дейін тұрақты жұмысым жоқ. Жұмыссыздыққа тіркелгенмін. Олар бірнеше рет сауда үйлерінде, тамақтану орындарында жұмыс барын айтты. Алайда, ондай жұмысты істейтін болсам, жоғарғы оқу орнында оқымас едім ғой, – дейді қынжыла. Осы тұста, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековпен тілдесіп, тұшымды пікірін тыңдағанды жөн көрдік.
– Жастардың «екі қолға бір күрек» таппай, қол қусырып жүргені көңілге қаяу салады. Бүгінде мемлекет тарапынан қаншама бағдарламалар қарастырылып жатыр, белгілі бір мамандықты оқытып та жатыр. Меніңше, адамда ниет болу керек. Білемін, ел арасында түрлі көзқарас бар. Шын мұқтаж адам тиісті қаражатты ала алмай, жағдайды орнықтырар мүмкіндікті пайдаланып жатыр деген пікірлер бар. Қазір 400 АЕК яғни 1 225 200 теңге қайтарымсыз грант алып жатыр. Бұл аз ақша емес, кәсіпті дөңгелетіп кетуге әбден болады. Осыған орай, талаптары да қатаңдатылып жатыр. Басым бағытты жастарға беруде. Сондай-ақ, грант алған адамды маниторингтік топ бір жылға дейін қадағаласа, енді үш жылға дейін тексеріп отырады. Осындай өзгерістерден кейін, кім көрінген бұл қаражатты ала бермейді. Негізі, кез келген адам қандай да істі бастауға ниет етіп, бірақ неден бастарын білмей жүрсе, бізге келіп, кеңес алса болады, – дейді палата басшысы. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастардың ойлау қабілеті өзгеше. Екі жастың әңгімесіне құлақ түрсек, заманауи техниканың игілігі мен кәсіп дамытудың жолдары туралы түрлі ақпараттарға қанығасыз. Олар қалай ақша табу керектігі мен өзін дамытудың түрлі тәсілдерін меңгерген. Өзгені сөз етпегенде аудандағы кәсіпкерліктің 60 пайызы отыздан аспаған жастарға тиесілі. Мұның өзі жастардың экономикадағы белсенділігін аңғартады. Мұны жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров та растады.
– NEET санатындағы жастарды анықтау мақсатында үйлерді аралау жұмыстарын жүргіздік. Арнайы әзірленген сауалнамаға 15-28 жас аралығындағы 17944 жастың 80,1% (14390 жас) ерікті түрде қамтылды. Бұл аудандар ішіндегі ең жоғары жастар үлесінің камтылу көрсеткіші. Сауалнаманың қорытындысына сәйкес NEET жастары 5,2%-ды (928 жас) құрайтыны анықталды. Өткен жылы 115 жас, жастар тәжірибесіне – 58 жас, тұрақты жұмыспен 21 жас қамтылды. Сондай-ақ жазғы маусымдық егістік жұмыстарына 207 жас тартылған. NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бойынша «Білгеніңмен бөліс» жобасы аясында тігін, қолөнер курстарына 28 жас тартылды. NEET санатындағы 20 жасқа бүгінгі күні нарықта үлкен маңызға ие болып табылатын СММ дағдылары, Таргет, Мобилография бойынша кең көлемді ақпараттар беріліп, курстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы өтіп, әр түрлі мамандықтар бойынша 14 жас «Жастар тәжірибесі» бойынша бос жұмыстарға жолданса, 25 жасқа «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысу бойынша консультация берілсе, тағы 15 жас «ЖанАрай» агроиндустриалды кешеніне экскурсияға аттанып, тәжірибелі кәсіпкермен кездесті. Сонымен қатар аталған категорияға жататын 7 жас «Перспективалық және инновациялық жобалар» байқауына қатысып, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетілді. Жұмыспен қамту орталығына тіркелгендерден бөлек, тіркелмеген жастар бар. Сол себепті де, үй-үйді аралап, мәліметтерді жинақтаудамыз. Негізгі мақсатымыз олардың әлеуметтік статусын анықтап, тізімін жасақтап жатырмыз, – дейді Наурызбай Ерікұлы.
Сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының іске асырылуы бойынша жүргізілген мониторинг жайлы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевке жолықтық.
– «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2022 жылға тұрғын үй сатып алу мақсатында 126 маманға 578 907,0 мың теңге қаражат қаралды. Бүгінгі таңда 127 маманға бюджеттік несие түрінде тұрғын үй сатып алуға 578 907,0 мың теңге әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде білім беру саласына 73 маманға, денсаулық сақтау саласында 38 маманға, мәдениет саласында 2 маманға спорт саласында 5 маманға, агроөнеркәсіп кешені саласындағы 9 маманға тұрғын үй сатып алу үшін несие берілді. Сонымен қатар, 127 маманға 38 900,1 мың теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде білім беру саласына 53 маманға, денсаулық сақтау саласында 45 маманға, әлеуметтік қамсыздандыру саласында 1 маманға, мәдениет саласында 5 маманға, спорт саласында 10 маманға, агроөнеркәсіп кешені саласындағы 13 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы төленді. Ал 2023 жылы 108 маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие беру жоспарлануда, – дейді Талғат Зейдалиев.
Иа, ауданымыздағы жастардың жай­ын бағамдадық. Енді өзге елдердің тәжірибесін де байқап көрейікші. NEET жастар көрсеткіші аз елдерге Норвегия, Жапония, Сингапур мен Люксембургті айтуға болады екен. Аталған елдердің тәжірибесі де тиімді саналады. Мәселен, Жапонияда қажетті дағдыларды дамытуға қолдау бар. Олар жастардың бұл санатын зерттеп, өз-өзін дамыту бағдарламаларын жасайды. Сонымен бірге дамыған елдерде студенттерді жұмыс істеуге университет қабырғасынан бейімдеуді қатты қадағалайды екен. Тіпті, тағылымдамадан өтуге барған жерінде жұмысқа алу, қосымша ақы төлеу жағы да қарастырылған. Байқасаңыз, мұның өзі студентті қанаттандырары хақ. Яғни, баланың білім алуына кішкентайынан инвестиция салуды көздейді емес пе?
P.S.: Елдің ертеңін ойлаған кез келген адам жастарға жағдай жасап, олардың білімі мен білігін шыңдап, бос уақытында спорттық және мәдени секцияларға қатысып, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік туғызуы тиіс-ақ. Нәтижесіне уақыт төреші...

Әсел Рзаева

11 шілде 2023 ж. 184 0