Әке- асқар тау
Әке — менің мектебім, сырлас досым, қамқоршым. Әке — әр отбасының асыраушысы, бағыт - бағдар беріп, тәлімін сіңіретін тұлға. “Әке - асқар тау, ана - баурайындағы бұлақ, бала - жағасындағы құрақ” демекші менің отбасымдағы темірқазығым ол сенсің әке. “Шешеге қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер” демей ме қазағым.Кез келген бала әкесіне қарап бой түзейді, оның істеген ісін, мінезін өзіне өнеге тұтады. Менде сіздің өмірлік тәжірибеңізді, берген тәлім - тәрбиесіңізді өміріме азық етіп жүрмін. Шеше сөзбен тәрбиелесе, әке іспен тәрбиелейді. Анам әр кез “әкең келе жатыр”, “әкеңе айтам” деген сөздері арқылы сізді биік тұлға етіп көрсетіп, сізден имену, аяқ тарта жүріп сіздің қас қабағыңыз арқылы тәрбие алуды үйретті. Әке сіздің сабырлы, байсалды, ұқыптылығыңызбен қатар, “жеті рет өлшеп, бір рет кес” деген ұстанымыңызбен мен де өз бойымдағы құндылықтарды арттырып келемін. Әке, өз өміріңізді әскери қызметке арнап, сол саланың білікті маманы болып, еліміздің әр түкпіріндегі жас ұрпаққа Отан алдындағы борышын адал атқаруға, әрбір жігіттің бойындағы патриоттық сезімін оятып, бізді де өзімізге сенімді азамат етіп өсіргеніңіз үшін сізді мақтан тұтамын. Үйімізде темірдей қатал әскери тәртіп орнатып, бізді барлығын өз уақытысымен, өз межесімен орындауға баулыдыңыз. Бұның өзі ұқыптылықтың бейнесі емес пе? Анам отбасымыздың ұйытқысы болса, сіз күндіз - түні тер төгіп, бізді елден кем қылмай өсіремін деп жүрген жансыз ғой. Сіз төккен теріңіздің арқасында полковник болсаңыз, үй ішінде генералсыз, ал біз сізден сабақ алушы қатардағы жауынгерміз. Менде сіздей дара тұлға болғым келеді. Сіздің тәліміңіз өмірлік тәжірибе мен теорияны ұштастыра білуге, қаперсіз жағдайларды болдырмауға, қателіктердің алдын алуға, және өмірдің әр сынағынан сүрінбеуге, еңбексүйгіштікке, үлкендерді сыйлауға, құрметтеуге үйретті. Сіздің әрдайым тап - таза болып жүретініңізге қызығып мен де өзіме әдет қылғанмын. Сол секілді сіздің істеген әрбір ісіңіз, әрбір сөйлеген сөзіңіз маған өнеге. Дүниеде ешбір ғылым сіздің берген тағылымды тәрбиеңізге жетпесі анық.
Өз хатымның соңында өз замандастарыма бір ауыз сөз айтсам деймін. Әкелерімізді қадірлей білейік, себебі әке ол біздің тірегіміз, жүрегіміздің лүпілдеп соғуының себепшісі. Асқар тауымыз болмаса жанымызға шырақ жағып, өмірімізді мәндірек ететін, әнімізді саз ететін адам болмасты. Өз перзентін сүйіп, мәңгі аялап, сұрасаң айды әперуге дайын — әке! Біздің сенім тірегіміз, күннің нұр жарығы секілді бізге сәуле шашушы, сөзі алмастан өткір, оқтан жүйрік, қарайып жүрсең уайымыңды жоқ қылатын — әке! Кеудемізді қуанышқа, қателіктерімізді жұбанышқа толтырып, қатал мінезімен өткір сөздерімен күш беріп мақсатқа жетелейтін, арманның асқарына асқақтататын, әрбір сөзі өмірлік жігер беретін ол біздің асқар тауымыз —әке!
Әке! Мен сенің өміріңнің жалғасымын, өзің салып берген өзен арнасымен мәңгі жүзіп өтермін, өзіңнің өмірлік тәліміңді алып ертең-ақ өмір деген майданға аттанармын. Өмірлік сынақтарға, қиындықтарға дайындаған сізге мыңда бір алғыс!
Тырысжанов Нұрсұлтан Жасұланұлы
№125 орта мектебінің 11"А" сынып оқушысы
№125 орта мектебінің 11"А" сынып оқушысы