Ұлағатты ұстаз - ұлт мерейі
Ұстаз – ұлағатты ұрпақтың сәулеткері. Осы ретте, ағарту саласында өзіне жүктелген сенімді ақтап келе жатқан, зерделі де зерек, парасатты да саналы ұрпақ тәрбиешісінің бірі – Ләззат Әбсаттарқызы. Бүгінде білікті ұстаздың тәрбиесін алған шәкірттері елдің түкпір-түпкірінде беделді қызмет атқарып жүр.
Тәуелсіздікті ту еткен бейбіт мемлекетіміздің тарихи-әлеуметтік, мәдени, рухани болмысын дамытуда, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерен. Әсіресе, аудан жастарының білімді де білікті қалыптасуы алған біліміне тікелей байланысты екені анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз парасатты ұрпақ қалыптастыру жолында кенттегі №56 және №163 мектепте 35 жылға жуық ұстаздық етіп, жастарды білім нәрімен сусындатты. Ұлағатты ұлықтаған ұстаздың ұстанымы да анық. Ол – оқушылардың алған білімін еңбекпен ұштастыра білуі.
– Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» деген қанатты сөзінен білім берудің кез-келген саласында тәртіпті орнату маңыздылығын аңғаруға болады. Балаға тәртіпке үйлескен білім беру керек. Әр баланы алдымен тәртіпке, еңбек етуге үйреткен абзал. Өйткені, еңбекпен піскен бала бойындағы білімін міндетті түрде өмірде пайдаланады. Яғни, білімі мен еңбегі ұштасқанда ғана адам жеңіске жетеді. Жастарды білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиеге баулып, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру ұстаздық мамандығын арқалап жүрген әр мұғалімнің мойнындағы міндеті. Сондықтан, білімнің тәрбиеге ұштасқаны абзал, – дейді Ләззат Сыздықова.
Өзі білім нәрімен сусындатқан әр шәкіртінің жеткен жетістігін баға жетпес байлығына балап, олардың өмірден өз орнын тапқанына шын ниетпен қуанатын ұстаздың білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Ол мектеп табалдырығында қызмет атқарған жылдары әр балаға қалам ұстауды үйреткен 35 жылға жуық елеулі еңбегі мен үздіксіз ізденісі ескеріліп, облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен», аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған.
– Қазіргі білім берудің жаңа форматы бұрынғыдан күрделілеу болғанымен заман талабына сай. Әлем өзгеріп жатыр. Барлық мемлекеттер оқ бойы оза шығу үшін аянбай еңбек етуде. Біз де сол көштен қалмауымыз керек. Осы ретте білім саласы бірінші кезекте тұрары сөзсіз. Бұрынғыдай емес, бүгінде ұстаз мәртебесі көтеріліп, олардың балаларға барынша сапалы білім беруі үшін бар жағдай жасалған. Мұғалімдер осы мүмкіндікті пайдаланып, әр баланың бойына сапалы білім дарыту жолында аянбай еңбек етсе деген ниетім бар, – дейді ардагер ұстаз.
Иә, бала бойына білім мен тәлімді тәрбиені қатар құйып, оны нағыз азамат етіп қалыптастыруды ұстанатын Ләззат апай өзі де бала күннен ұстаз болуды армандап өскен. Аудан орталығындағы №51 М.Қаратаев атындағы мектепті бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, одан әрі осы шаһардағы Педагогикалық-гуманитарлық институтта «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын кенттегі №56 орта мектебінде батауыш сынып пәнінің мұғалімі болып бастап, мектептегі комсомол комитеті мен кәсіподақ комитетінің төрайымы болады. Қажырлы қайраты мен еңбексүйгіштік қасиетін серік еткен мұғалім осы мектептің бастауыш сыныптарының оқу ісі меңгерушілігіне дейін көтеріледі. Уақыт өте кенттегі №163 мектепке ауысып, аталмыш мектепте мұғалім, бастауыш сыныптарының бірлестік жетекшісі болып қызмет атқарып, зейнетке шықты.
Білікті маман қашанда сұранысқа ие. Бұлай деуімізге Ләззат Әбсаттарқызының зейнет жасында болса да қайта қызметке шақыртылуы себеп. Зейнетке шыққаннан кейін отбасымен Алматы қаласына қоныс аударған ұстазға ауданнан ұсыныс түсіп, қызмет бабымен елге қайта оралған. Қазір аудандағы Өскенбай Жұмаділлә атындағы дарынды балаларға арналған жеке мектебі оқу ісінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып жүр.
Саналы ғұмырының көп бөлігін ағарту саласына арнап жүрген ұстаз жастардың болашағына қатты алаңдайтынын да жасырмады. Ол бүгінгідей өзгеріске толы өмірде баланың өмірден өз орнын тауып, дұрыс жолға түсуіне ұстаз бен ата-ана қатар бірігіп атсалысса деген ниетте. Оның алаңдауына себеп бар. Өйткені, баланың адам болып қалыптасуы ұстаз бан ата-ана үшін де, қоғам үшін де өте өзекті.
– Шүкір! Қазір аудан дамудың жолына түсті. Мектептер жаңарып, сыныптар жаңа технологиямен жабдықталған. Жеке білім ошақтары да бой түзеді. Ендігі басты мақсат – баланы дұрыс жолға салу. Бос уақытын ұтымды пайдалануды үйрету. Өйткені бос уақыты көп бала әлеуметтік желінің құлына айналуы мүмкін. Ғаламтордың қолжетімділігіне қуанамыз. Бірақ оның пайдасынан зияны басым. Балалар кітап оқуы керек. Өнермен, спортпен айналысса. Ұстаз бен ата-ана осыған аса мән бергені абзал. Себебі бүгін біз асырап отырған баламыз ертеңгі біздің асыраушымыз екенін естен шығармайық, – дейді ол.
Тәуелсіздікті ту еткен бейбіт мемлекетіміздің тарихи-әлеуметтік, мәдени, рухани болмысын дамытуда, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі ерен. Әсіресе, аудан жастарының білімді де білікті қалыптасуы алған біліміне тікелей байланысты екені анық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз парасатты ұрпақ қалыптастыру жолында кенттегі №56 және №163 мектепте 35 жылға жуық ұстаздық етіп, жастарды білім нәрімен сусындатты. Ұлағатты ұлықтаған ұстаздың ұстанымы да анық. Ол – оқушылардың алған білімін еңбекпен ұштастыра білуі.
Иә, бала бойына білім мен тәлімді тәрбиені қатар құйып, оны нағыз азамат етіп қалыптастыруды ұстанатын Ләззат апай өзі де бала күннен ұстаз болуды армандап өскен. Аудан орталығындағы №51 М.Қаратаев атындағы мектепті бітірген соң, Түркістан қаласындағы педагогикалық училищені тәмамдап, одан әрі осы шаһардағы Педагогикалық-гуманитарлық институтта «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын кенттегі №56 орта мектебінде батауыш сынып пәнінің мұғалімі болып бастап, мектептегі комсомол комитеті мен кәсіподақ комитетінің төрайымы болады. Қажырлы қайраты мен еңбексүйгіштік қасиетін серік еткен мұғалім осы мектептің бастауыш сыныптарының оқу ісі меңгерушілігіне дейін көтеріледі. Уақыт өте кенттегі №163 мектепке ауысып, аталмыш мектепте мұғалім, бастауыш сыныптарының бірлестік жетекшісі болып қызмет атқарып, зейнетке шықты.
P.S.: Мектептің жүрегі ұстаз десек, оның бойына қан жүгіртетін озық білімгерлері. Егемен елдің ертеңгі еңсесін тіктейтін білікті де білімді, парасат пайымы мол азаматтарды тәрбиелеуде ұстаздың еңбегі ерен екенін кім де болса мойындары хақ. Осы орайда, Ләззат Әбсаттарқызының ағарту саласында атқарып жүрген қызметі мен жастардың кемел келешегіне жанашырлық қасиеті көпке үлгі деуге толық негіз бар.
Айсұлу АЛДАНАЗАР