№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Шындықты ту еткен

Шындықты ту еткен

Үнемі жан-жағындағы адамдарға жақсылық жасауға ұмтылатын, соған бейім тұратын жандар болады. Іскерлік пен елгезектік бір адамның бойынан табылуы сирек кездесетін қасиет. Мұндай жандар бүгінгі күнгі жасаған жақсылығы үшін опық жеп жатса да, өмірден түңіліп мойымайды. Райымбек Әділбеков сондай жандардың бірі еді.


 Бұлай деуіміз негізсіз де емес. Рекеңмен өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысында таныстық.
Ол кезде ауаткомда аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы болып істейтінмін. Ауатком төрағасы Жұмабай Сарыбаев бүкіл аппаратты өз кабинетіне шақырып, Рекеңді таныстырды. Бұл орында осы уақытқа дейін қызмет еткен Іскендір Ибадуллаев жаңа жыл қарсаңында аудандық партия комитетінің ұсынуымен «Сунақата» кеңшарына партия комитетінің хатшылығына ауысқан болатын. Ол кісінің орнына халық депутаттары аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі қызметіне Райымбек Әділбеков келді.

Ол кезде ауданда 14 ауылдық кеңес пен бір поселкелік кеңес болатын. Рекеңнің негізгі міндеті осы ауылдық кеңестер қабылдаған қаулықарардың заң аясында қабылдануын, сайлаушылар аманаттарының дер кезінде орындалуын үнемі назарда ұстау болатын. Рекеңнің бөлімінде жұмыс істейтін Зайыр Сарбасов пен Әбдімүтәліп (Мүтан) Өтеулиев, Света Әшенова және Айдарбек Марсалиев өз жұмыстарының білікті мамандары еді.

Балалық шағы 1941-1945 жылдар аралығындағы отты жылдармен тұспатұс келген Рекең 6 жасынан күріштікте масақ теріп, мала тартқан өгіз айдапты. Екпіндідегі жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін 15 шақырым жердегі Төменарық бекетіндегі орта мектепке бір топ бала жаяу қатынап оқиды.

Бұл туралы өзі былай әңгімелеп беріп еді:
– Екпінді ауылында тұрамыз, мектебіміз жетіжылдық қана. Жетінші сыныптан кейін ауылдағы оншақты сыныптасымның арасынан төрт бала ғана оқуымызды одан әрі жалғастырдық. Ол кезде орта мектеп тек Төменарық бекетінде ғана бар. Қазіргі Еңбек ауылы ол кезде «Екпінді» колхозының орталығы болатын. Төменарыққа бару үшін ауылдан шығып алдымен қара жолмен Екпінді разъезіне барып, одан әрі теміржол жағалап барамыз. Жауын-шашынды күндері ауыл мен разъезд арасында жүру өте қиын. Ми батпақтан аяғыңды зорға көтересің. Осындай жауынды-шашынды күннің бірінде сабаққа жиырма минуттай кешігіп жеттік. Есік алдында мектеп директоры Әбіласан Әшірбеков қарсы кездесті. Ол біздің кешігу себебімізді сұрамастан дереу ата-анамыздың бірін ертіп келуімізді тапсырды. Қасымдағы жолдастарым үнсіз бастары салбырап тұр. Әлде олардың ынжықтығына күйіндім бе білмеймін, әйтеуір бір сылтау айту керек қой деген оймен.

– Ағай, әке-шешемді шақырып келе алмаймын. Біз Екпіндіде тұрамыз. Мына күнді көріп тұрсыз, 15 шақырым жерге батпақпен келіп жеткеніміз осы болды деп қонышынан батпаққа малынған аяғымды көрсетіп, біз ауылдан қатынап оқимыз, – дедім. Мына сөзден кейін мен директордың біздің 15 шақырымнан қатынап оқитындығымызды білмейтінін байқадым. Сәл ойланып тұрған ол бізге «артымнан еріңдер» деп оқытушылар бөлмесіне ертіп кіріп, бар мұғалімді жинап алып:
– Мына төрт оқушы сабаққа кешігіп келер болса ұрыспаңдар, сабақтан шығарып жіберуші болмаңдар, – деді дағы, бізді өзі ертіп барып сыныбымызға кіргізіп жіберді. Бұрын сабақтан кешіккен төменарықтық балаларға шара көріліп жатқанда директордың қаталдығына ренжитін басым, сонда алғаш рет оның әділдігіне риза болдым. Сол жылдары мұндай 4-5 кешігу болды, бірақ мүмкіндігіміз жеткенше сабақтан қалмауға тырыстық. Әке-шешеміздің атына, директордың сеніміне кір келтірмеуге тырыстық, – деп еді.

1955 жылы орта мектепті бітірісімен Төменарық МТС-не механизатор болып жұмысқа тұрды. Бұл бүкіл посткеңестік дәуірдегі үлкен жаңалықтың игеру кезеңі болатын. Жалынды жас партия қатарына алынды. Рекең де тыңгерлер қатарында 1958 зылы Кеңестік Армия қатарына алынғанша, ауылшаруашылығында еңбек етті. Төрт жыл Отан алдындағы борышын өтеп оралған Рекең бала күнгі арманы жоғарғы оқу орнына түсуді мақсат етеді. 1962 жылы құжатын Ташкент мемлекеттік университетіне тапсырып оны 1967 жылы география-тарих пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сол жылы Төменарықтағы №53 Д.Романов атындағы орта мектепке өз мамандығы бойынша жұмысқа кіріседі. Жастайынан еңбекке араласып, өміреңбек мектебінің ыстық суығына төселіп, ысылған, елгезек мінезі мен өзіне тапсырылған іске бел шеше кірісетін қасиеті басшылық назарынан тыс қалмады. Аудандық партия комитеті қызметке шақырып Төменарық аймақтық саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметін сеніп тапсырды.

Араға үш жыл салып Сунақата кеңшары кәсіподақ комитетінің төрағалығына сайланса, 1974 жылы ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтары аудандық комитеті төрағасы лауазымына сайланды. Осы кезеңдері Рекең өзіне тапсырылған қызметке адал еңбек етіп, әділдікті ту етіп, жұмысшы мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қойды. Оның бұл турашылдығы қарапайым халыққа жаққанымен басшылық мұны құптай қоймады. Соған қарамастан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық даналығын өзінің кредосы етіп алған Рекең осы туралығынан әсте ауытқымады. Сол кездері жер аударылып, үкімет бақылауында жүрген кейін атақты жазушы атанып, «Алаш» сыйлығының иегері атанған, бұл күні марқұм болып кеткен Жанат Ахмадидың кеңшар басшылығы тарапынан қысым көруіне байланысты жазған арызын өз бақылауына алып, қайта жұмысқа алынуына көмектескені жөнінде кейін жазушы өзінің «Замана күрмеуі» кітабында ризашылық сезіммен еске алады. Ал жазушы мен Рекеңнің шынайы достық қарым қатынасына кейін өзім де куә болдым.

Рекең бірнеше рет аудандық кеңестің депутаты болып сайланды да, сайлаушылардың аманаттарының орындалуы үшін бар білімі мен күш-жігерін жұмсады. Рекеңнің қағаз жұмысына талапшылдығы, қағаз мәдениетін ұстануы сол кездері қызметтес болған аппарат қызметкерлеріне ғана емес, ауылдық кеңестің төрағалары мен хатшыларына да үлгі-өнеге болды. Ол әр қаулықарардың уақтылы және дер кезінде орындалуын қатаң талап етті. Содан да болар сол азаматтар өзге қызметке ауысып кетсе де, өздерін қағазбен жұмыс істеуге үйреткен аудандық Кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы Әбдіхалық Әйтілеуов пен Рекеңе ризашылықтарын білдіргендердің куәсімін.Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылы ол аудандық мүрағаттың директоры қызметіне ауысты. Мұнда да мұрағат жұмысының қалыптасуына басшылық жасап, кадрлардың біліктілігін арттыруға сүбелі үлес қосты.

Рекең қай жерде, қай кезде болмасын тәртіпті қалайтын. Жұмысқа уақтылы келуден еш жаңылмады. Айтқан уәдеге берік болды және оны аппарат қызметкерлерінен де осыны талап етті.

Райымбек ағаның халық алдындағы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Еңбектегі ерлігі үшін», «1941-1945 жылдарғы тылдағы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Ұлы Жеңіске 60, 65, 70 жыл» медальдарымен марапатталды. Қашанда көпшіл де еңбекқор Рекең қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Ол ширек ғасырға жуық уақыт аудандық ардагерлер кеңесінің хатшылығын атқарды. Екі мыңыншы жылдардың екінші жартысында «Қылышты Ата – Төлегатай» кесенесінің салынуына, оның салтанатты ашылуына қосқан үлесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Ол соңғы 15 жыл бойына 1933-1937 жылдар аралығындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбаны болған жерлестеріміздің аты-жөндерін анықтап, кент орталығындағы қуғын сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш жанына олардың атыжөндері жазылған тақта қойдырды. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысынан оралмаған елуге жақын азаматтардың аты-жөндерін анықтап «Жеңіс» саябағындағы боздақтар тізіміне қостырды.

Өз қызметіне соншама қатал Рекең былайғы уақытта жаны нәзік те сезімтал, ақынжанды азамат еді. Ол кейде көңіл толқындарын кеудесінен жыр етіп шығаратын. Оның «Останкино туралы ән» атты өлеңіне атақты сазгер Бексұлтан Байкенжеев ән жазды. Бұл ән 1980 жылы Мәскеу төрінде қазақ және орыс тілінде шырқалды. Ал ақын Адырбек Сопыбековтың сөзіне жазылған «Аталар даңқы» және «Полиция маршы» әндері Рекеңнің төл туындылары. Рекең ойлы да тағылымды ағымдағы мақалаларымен де көпшілікке танымал болды. Ол екімыңыншы жылдардың басынан ҚР журналистер Одағының, Республикалық ақын-жыршылар қауымдастығының мүшесі болды. Зайыбы Гүлханыс екеуі алпыс жылға жуық бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, 5 ұл өсіріп олардан 18 немере, 4 шөбере сүйген қадірменді қария атанды.

Рекең соңғы 1-2 жылда көзден қалса да ауданның саяси өмірінен алыстамай, сергек қарым-қатынасынан ажырамады. Бас-аяғы 20 күнде арқа тұтқан ағасы Базарбек мен сүйікті әпкесі Ақханша екеуінің қатар дүниеден өтуі сезімтал жүрекке ауыр тисе керек. Соңынан өзі де бақи дүниеге аттанды.

Ол еліміздің жарқын болашағына сеніп кетті. Кейде жиналыстар мен кездесулерде отырып кеудемді бір сағыныш тұрады. Билік алдында айтар сөзін айта алмай, азаматтығынан пендешілігі басым болған бұқпантай пенделерді көргенде, шыңғырған шындықты билікке кесіп айтар Рекеңдей азаматтардың жоқтығына налимын.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК, Қазақстан
Республикасының мәдениет қайраткері
10 қаңтар 2023 ж. 191 0