Жаңалық табу да, тарату да маңызды
Жаңарық ауылындағы «Бәйтерек» бөбекжай бақшасында заманауи үлгіге сай жарақтанған бүлдіршіндер мекені ретінде облыстық семинар өтіп, онда облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Г. Дихамбаева «Қауіпсіз, жайлы,тиімді заттық кеңістік дамытушы орта негізінде балаларды ерте жастан дамыту» тақырыбында сабақ жүргізді. Ол Үлгілік оқу бағдарламасындағы өзгерістерге тоқталып, тәрбиешілердің шығармашылығын жетілдіру бойынша кеңес беріп, әдістемелік қолдау көрсетті.
Бұл жөнінде «Бәйтерек» балабақша бөбекжайының меңгерушісі Гүлжан Берікқарақызы былай деп түсіндіреді:
– Бүгінге дейін балабақшада қолданылып келген оқу іс-әрекеттері өзгеріп, бөбектерді ойын үлгісінде топқа бөліп тәрбиелеу әдісі қолға алынуда. Мәселен, әр топты таным, зерттеу, ертегі айту, есепке баулу деп бөліп, барлық жаңа тақырыпты ойын арқылы өту жоспарланып отыр. Балабақша іші де соған орай жабдықталуы тиіс, – дейді ол.
Міне осы орайда балабақша меңгерушісінің өтінішімен ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаев және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мажит Ташимов ағалар осы өңірдегі «Байкен-U» ЖШС және «Қызылқұм» ЖШС өндірістеріне хат жолдап, балалар мекеніне көмек сұрапты. Нәтижесінде екі мекеменің демеушілігімен сенцорлы стол алыныпты және 1,5 млн теңгеге бүлдіршіндер мекені іші талапқа сай жабдықталыпты.
Балабақша меңгерушісі Гүлжан Берікқарақызы өз өмір жолы туралы былай дейді: – Мен Түркістан педагогикалық колледжінеде «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын оқыдым. 1987 жылы осы ауылға келін болып түсіп, «Көгершін» балабақшасына тәрбиеші болып кірдім. 1999 жылы тоқырауда ол жабылды.
Бала тәрбиесімен үйде отырдым. 2011 және 2014 жылы аралығында «Бота» қорының филиалы негізінде балабақша ашылып, ауылдағы көп бабалы отбасылар балаларына тәрбиелеуге көмек берді. Мен оларға ғимарат аштым, олар ақшасын беріп отырды. 2014 жылы бұрынғы балабақшаны қайта күрделі жөндеуден өткізіп, осы жылдан бастап, қайта ашылды. Ауданда 26 мемлекеттік балабақшаның бірі ретінде жұмысқа кірістік. Айналасына ағаш егіп, мектеп бітірген түлектер ескерткішке шырша ағаштарын отырғызып берді. Тауыс құсын алдырдық. Балалар оған жем-суын береді. Құйрығын жайғанда жетпіс балаға қызық. Қоян, тотықұс табиғат бұрышында тұр. Жаңа бағдарламада баланы еңбекке баулу бар. Әр топ өз жасына сәйкес жұмыс жасайды. Ойыншық жинаудан басталады. Ересек топқа дақыл егуді көрсетіп, зерттеуге бидайды алып, көктемнен бастап, бидайды ектік. Егістікте көктегенін, коммбайнның жинағанын қырманға апарып, диірменге тартқанын көрсеттік. Асханада қамыр илеп, нан болып шыққанға дейін балалар көзімен көріп, нанның қандай еңбекпен келетінін түсінді, – дейді ол. Табанды басшы алдағы уақытта да жаңашыл ізденісін тоқтатпайтыны айтты..