№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Іскер әйел, білікті кәсіпкер

Іскер әйел, білікті кәсіпкер

Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ана, кәсіпкерлік бағытында да алдыңғы қатарда танылып келеді. Міне, осындай бастамашыл әрі жаңашыл қабілетімен ерекшеленетін, белді кәсіпкер Баян Божбанбаеваны әңгімеге тартып, жетістікке жетуінің қыр-сырын білдік.


 Еңбек жолын 1986 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасында бастаған Алматы медицина институтының түлегі одан әрі Қызылорда қаласында жұмысын жалғастырыпты. 1999 жылы кент орталығынан «Баян сұлу» тіс емханасын ашып, жұмысын жолға қоюға бел кіріскен сыңайлы. Өзі де бұл туралы:
– Тіс емханасын ашқалы Алматы қаласындағы білікті дәрігерлермен байланысты үзбей, үнемі тәжірибе алмасып келемін. Жеке кәсіппен айналысуыма өмірдің ағымы алып келді. Кәсібіме шығармашылық жұмыс ретінде қараймын. Әр мамандықтың өзіндік қиындығы, қызығы болады. Алдағы жылдарға жоспар құрып отырамын. Көштен қалмау керек. Сондықтан жылдан жылға өсіп өркендеу үшін талпынып, жаңа өрлеумен жұмыс жасағым келеді. Одан бөлек, АҚШ, Еуропа елдерінен үйренгенім көп. Жетістіктің сыры – кәсіпке адалдық пен қажырлы еңбекте, үнемі ізденісте болып, жаңа технологияны меңгеріп отыру керек, – деп бастады әңгімесін білікті тіс дәрігері.

– Табысты кәсіпкер болу жолында қажырлы еңбек керек. Әкем Егізбай Божбанбаев өмірін еңбекпен мазмұндаған адам-тұғын. Анам Нәуетек Нақыпқызы ортасына сөзі өтімді еді. Еңбекқорлық пен ізденгіштік, шешендік пен іскерлік қасиеті ата-анамның тегімен келді. Иә, өмірде жетістікке жетуімде ата-енемнің үлесі көп. Енем Карима Бердиева балабақшада тәрбиеші болып істеді. Жаныңды түсініп, үнемі қолдап, демеп отырады. Атам Қалила Мұсаев су шаруашылығы саласында түрлі қызмет атқарды. Ол кісі тіс кабинетін ашып, кәсіп бастауыма атсалысты. Әрине, жарым Сабырхан Мұсаевтың қолдауынсыз ешнәрсе де бітіре алмас едім.

Дәрігер стоматологтарға қызметін кәсіпкерлікпен ұштауға мүмкіндік берілген тұста, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсіндім. Әлбетте, нақты шешім қабылдау оңай болған жоқ, жан-жақты зерттеп-зерделеп барып іске кірістім. Ұлттық медицина университетінің профессоры, Қазақстан стоматологтар Ассоциациясы президенті Мақсұт Темірбаев бағыт-бағдар көрсетті. Сосын тәуекел етіп тіс емдейтін кабинет ашып, жылына екі рет Алматы қаласындағы білікті тіс дәрігерлерімен тәжірибе алмасып, үнемі білімімді жетілдіріп отыруға басымдық бердім. Нәтижесінде табысты кәсіпкердің біріне айналдым. Тәуекел ете білсең, еңбек етуден қашпасаң бәрі де болады, – дейді Баян Егізбайқызы.

Иә, оның талпынысы мен талғамынан өзін-өзі дамытуға деген ізденісті байқауға болады. 2012 жылы «Даму» бағдарламасы аясында Назарбаев университетінде білімін шыңдап, сертификат алады. Іскерлік байланыс бағдарламасы бойынша АҚШта 21 күн тәжірибе алмасады. Сонда заманауи медицинаның жетістіктерін көріп, роботхирургтің ота жасауына куә болады. Елге құр алақан келмейді. Мектеп жанынан тіс емдеу кабинетін ашудың жобасын әкеледі. Бүгінде мектептерде тіс кабинеттері ашылуында оның аз да болса үлесі бар.

Сонымен қатар, кейіпкеріміз стоматология саласынан бөлек, бала тәрбиесіне мән берде. «Нұрдәулет» жеке балабақшасының құрылтайшысы. Мемлекеттікжекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысып, ауданның дамуына үлес қосуға да ниет танытып отыр.
2015 жылы ҚазақстанГермания Үкіметінің екі жақты келісіміне сай Кристиан Шмидт «Баян сұлу» клиникасында волонтер ретінде жұмыс жасайды. Еуропалық стоматолог тіс емдеудің жаңашыл технологиясы турасында тәжірибесін бөліседі. Талап¬шыл басшы Шмидттің тәжірибесін жас стоматологтардың үйренуіне мән береді. 2019 жылы 1-11 шілдесінде Швей¬царияның Цюрих қаласынде өткен Жаһандық әйелдер саммитіне қатысады. Жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа білім алуға, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңында ол тың ойлар, жаңашыл бастамалар үйреніп келеді. Оның алдағы уақытта жүзеге асыратынына да сенімді.

Одан бөлек, зейнетақы қорындағы ақшасын стоматологиялық қызметке пайдалануға мүмкіндік берілген уақытта, аудан тұрғындарының басым көпшілігінің тісті протездеу мен стоматологиялық импланттарды емдеуге басымдық берілгенін де білеміз. Бұл сөзімізді, тұрғындардың өзі растап, алғыстарын білдіріпақ жүр. Одан бөлек, жеке тіс емханасы болса да, мектеп оқушыларынан бір тиын да ақы алмай, тегін қызмет көрсетуді жолға қойған.

– 2002 жылдан бері мектеп оқушыларын тегін емдеуді қолға алдым. Мемлекет тарапынан берілетін арзан, сапасын құрал-жабдықтардың орнына жоғары сападағы құралжабдықпен қамтамассыз етіп қойғанмын. Себебі, балалар біздің болашағымыз ғой. Жаны қиналып, бойындағы қорқынышын жеңіп бізге келген уақытында мен балаларға немқұрайлы қарай алмаймын. Сол себепті де, барынша сапалы қызмет көрсетуді міндетім санаймын. Тіс – адам келбетінің ең бір көрнекті мүшесі. Тіс – денсаулықтың басты нышаны. Себебі тіс жегісі жүрек-тамыр жүйесін, құлақ-мұрын асқазан, ішек жолдарын зақымдап, жалпы эндокриндык жүйелер патологиясын туындатуы мүмкін. Сондықтан тістің күтіміне сергек қарау керек. Әсіресе, балалардың тісіне мән беру маңызды. Стоматология – үлкен бір сала. Оның өзінің терапия, хирургия, ортопедия, имплантация сынды ірі-ірі жүйелері бар. Зақымданған тісті диагностикалық құралмен анықтау мәселесі деген тағы бар. Осының барлығымен кешенді түрде айналысып, тіс стоматологиясының әлеуетін арттыру – білікті мамандардың міндеті, – дейді ол.

Иа, жан дүниесі ізгілікке, мейірім мен қайырымдылыққа толы кейіпкеріміз қашанда ауылдың қарттары мен көп балалы аналарды асыл қазынасына балап, қайырымдылық жасауды адамгершіліктің белгісі санайды. Бірақ ол жасаған жақсылығын жария қылмауды жөн көреді. Қиналған жанға қол ұшын созып, көмек көрсетіп жүрген нәзін жан қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырса керек-ті.

Баян Егізбайқызының еткен еңбегі еленіп, «Орданың алтын кітабына» және «Лучшие женщины Казакстана» кібатына еніп, арнайы медальмен марапатталды.

Оның аудан тұрғындарына жасап жатқан жақсылығы, өңірдегі игі шараларға атсалысып жүрген демеушілігінен құлағдар болып жүрміз. Әдайым әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қомақты азық-түлік үлестіріп, алғыстарын алып-ақ жүр.

Иә, Баян Егізбайқызы – аяулы жар, ардақты ана. Бүгінде ұл-қыздары Ғалымжан, Фариза, Асылжан, Нұрдәулет ата-анасының тірегі. Ең бастысы біздің кейіпкеріміз әйел бақытының шын иесі. Бүгінде өңірдегі іскер де белсенді жандардың бірі. Кәсібіне көзсіз берілген тұлғаны тек биіктен көргіміз келетінін айтқымыз келеді. Жаңа жыл жарқын жаңалығын тарту етсін!

Әсел Рзаева




05 шілде 2023 ж. 303 0