№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » «Баян сұлудан» бақытын тапқан

«Баян сұлудан» бақытын тапқан

Тарих беттерін парақтасақ, ақыл-парасаты биік, мінезі қайсар, ақылы көркіне сай нәзік жан аз емес. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел –
ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Міне, осындай алмағайып заманда қоғамда кез келген жан өз әлеуетін іске асыруы үшін жағдай жасау маңызды. Осы орайда ауданымыздағы бастамашыл әрі жаңашыл қабілетімен ерекшеленетін, белді кәсіпкер Баян Божбанбаеваны әңгімеге тартып, жетістікке жетудің қыр-сырын білдік. 
Еңбек жолын 1986 жылы Жаңақор­ған аудандық ауруханасында бастаған Алматы медицина институтының түлегі одан әрі Қызылорда қаласында жұмысын жалғастырды. 1999 жылы кент орталығынан «Баян сұлу» тіс емханасын ашып, жұмысын жолға қоюға бел буып кірісті. Тіс емханасын ашқалы Алматы қаласындағы білікті дәрігерлермен байланысты үзбей, үнемі тәжірибе алмасып келемін. Одан бөлек, АҚШ, Еуропа елдерінен үйренгенім көп. Жетістіктің сыры – кәсіпке адалдық, қажырлы еңбекте, үнемі ізденісте болу. Мына заманның көшінен қалмай үнемі жаңалықтарды көріп, жаңа технологияны меңгеріп отыру керек. Егер заманның көшіне ілесе алмасаң, сенің жасап жатқан жұмысың түкке тұрғысыз болуы мүмкін, – деп бастады әңгімесін білікті тіс дәрігері.
Ол С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіргеннен кейін қызмет жолын Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада бастайды. 1987 жылы Жаңақорған аудандық ауруханасында жұмысын жалғастырады. 1992-1999 жылы Келінтөбе ауылында тіс дәрігері ретінде жұмыс атқарады. ХХ ғасырдың басында кәсіпкерлік бағытқа бұрылады. Жеке тіс емханасын ашып, барынша халыққа тиімді әрі сапалы қызмет түрін ұсынады. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне де ден қойып, балабақша ісін жүргізіп, бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған бесаспап нәзікжан.
Дәрігер стоматологтарға қызметін кәсіпкерлікпен ұштауға мүмкіндік берілген тұста, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын түсіндім. Әлбетте, басында шешім шығару оңай болған жоқ, жан-жақты зерттеп-зерделеп барып іске кірістім. Ұлттық медицина университетінің профессоры, Қазақстан стоматологтар Ассоциациясы президенті Мақсұт Темірбаев бағыт-бағдар көрсетті. Сосын тәуекел етіп тіс емдейтін кабинет ашып, жылына екі рет Алматы қаласындағы білікті тіс дәрігерлерімен тәжірибе алмасып, үнемі білімімді жетілдіріп отыруға басымдық бердім. Нәтижесінде табысты кәсіпкердің біріне айналдым. Тәуекел ете білсең, еңбек етуден қашпасаң бәрі де болады, – дейді Баян Егізбайқызы.
Иә, оның талпынысы мен тал­ғамынан өзін-өзі дамытуға деген ізденісті байқауға болады. 2012 жылы «Даму» бағдарламасы аясында Назарбаев университетінде білімін шыңдап, сертификат алады. Іскерлік байланыс бағдарламасы бойынша АҚШ-та 21 күн тәжірибе алмасады. Сонда заманауи медицинаның жетістіктерін көріп, робот-хирургтің ота жасауына куә болады. Елге құр алақан келмейді. Мектеп жанынан тіс емдеу кабинетін ашудың жобасын әкеледі. Бүгінде мектептерде тіс кабинеттері ашылуында оның аз да болса үлесі бар.
2015 жылы Қазақстан-Германия Үкіметінің екі жақты келісіміне сай Кристиан Шмидт «Баян сұлу» клиникасында волонтер ретінде жұмыс жасайды. Еуропалық стоматолог тіс емдеудің жаңашыл технологиясы турасында тәжірибесін бөліседі. Талап­шыл басшы Шмидттің тәжірибесін жас стоматологтардың үйренуіне мән береді.
2019 жылы 1-11 шілдесінде Швей­царияның Цюрих қаласынде өткен Жаһандық әйелдер саммитіне қатысады. Жаңа идеялар мен іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа білім алуға, бизнес пен көшбасшылықта тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік пікір алмасу алаңында ол тың ойлар, жаңашыл бастамалар үйреніп келеді. Оның алдағы уақытта жүзеге асыратынына да сенімді.
 Иә, Баян Егізбайқызы – аяулы жар, ардақты ана. Әрине, жары Сабырхан Мұсаевтың қолдауымен биік белестерді бағындырып келеді. Бүгінде ұл-қыздары Ғалымжан, Фариза, Асылжан, Нұрдәулет ата-анасының тірегі. Ең бастысы біздің кейіпкеріміз әйел бақытының не екенін   жақсы түсінеді. Бүгінде өңірдегі іскер де белсенді жандардың бірі. Сөз соңында кәсібіне көзсіз берілген тұлғаны тек биіктен көргіміз келетінін жеткіздік.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
14 сәуір 2021 ж. 503 0