Жетістік жолдары: әйелдер белсенділігінің қоғамдағы рөлі
«Қоғамның өркениеттілік деңгейі оның әйелдеріне деген қарым-қатынасымен өлшенеді», – деген көрегенділікпен айтылған сөз әйел-аналарға құрмет көрсету мен қадірлеудің маңыздылығын көрсетеді. Бүгінде қоғамның қай саласында да әйел азаматшалардың алар орны ерекше. Кеше Жаңақорған агро-техникалық колледжінде өткен аудандық «Жетістік жолдары: әйелдер белсенділігінің қоғамдағы рөлі» форумы осы тақырыпты тереңдете түсті.
Атаулы форумның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы ашып, жылы лебізін білдірді.
– Қазақта ақыл-парасатымен, тәлімді тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Өткен күндерге көз жүгіртсек, әйел азаматшалардың ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Ал олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Әйел қуанышы – әр үйдің, отбасының, тіпті ортақ Отанымыздың мерейі. Әйел-Ана барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Бүгінде қазақ қыздары қоғамның барлық саласында табысқа қол жеткiзуде. Біздің ауданда да іскер әйелдер басшылық қызметте табысты еңбек етіп, ауданның гүлденуіне үлес қосып жатқанын көріп жүрміз. Бүгінгі ұйымдастырылып жатқан форум осының бірден бір дәлелі, – деді ол.
Иә, бойында қазақтың қасиеті дарыған, ұлттық құндылықтарымызды көзінің қарашығындай қорғап, кейінгі ұрпаққа аманат ететін ұрпақ тәрбиелеу әр қазақтың арманы. Атаулы шарада Қызылорда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы, аудандық кәсіпкерлік және туризм дамыту бөлімінің маманы Бекзат Кәрібайқызы баяндама оқып, аудандағы әйелдер істерінің жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстарын бір саралап өтті. Ал, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әзия Қыстаубаева бір жылда атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп берді.
– Ардақты аналар, құрметті форумға қатысушылар дүниенің барлық әсемдігі мен кеңдігін бойына жинап, барша әлемді нұрландырып тұрған ананың орны қай қоғамда да ерек. Расында да, анадан құрметті, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан, әлемді ең үлкен мадақ та, атақ та әйел аналар үшін. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында «Әділетті әлеуметтік саясат жүргізу, әділетті Қазақстан құрудың басты шарты балаларға барынша жайлылық жасай отырып, оларды заманауи әрі қауіпсіз балабақшамен, мектеппен, тегін тамақпен, қосымша біліммен қамтамасыз етілетін, азаматтардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізетінін, ұлт денсаулығын жақсартуға мүмкіндік тудыратынын айтқан еді. Иа, ұлтымыздың табиғи өсуіне үлес қосқан, омырауына алтын алқа, күміс алқа таққан аналарымыз ауданымызда жетерлік. Мәселен, 922 алтын алқа иегері болса, 2176 күміс алқа иегерлері бар. Сонымен қатар, отбасы мен қызметті қатар алып жүрген қызкеліншектер қатарында аудандық мәслихаттың үш депутаты, бір бөлім басшысы, аудандық сот төрағасы, бес мемлекеттік мекеме басшысы, сегіз жалпы орта білім беретін мектептің директоры, жиырма алты мемлекеттік, жетпіс бес жеке балабақша меңгерушісі әйел азаматшалар. Денсаулық саласы мен білім беру саласының 65-70пайызын қыз келіншектер құрайды. Ауданымызда 6547 кәсіпкер тіркелсе, оның 60 пайызын әйел аналар құрайды, – деді ол.
Одан әрі әйел-аналарға қамқорлық мәселесіне тоқталды. Денсаулық және білім беру саласында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерге түрлі тақырыптарда яғни «Ата-ана мен бала арасындағы қарымқатынас», «Жақыныңа жанашыр бол», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Балаға құрметпен қарай білейік», «Қыз тәрбиесі» тақырыптарында түсіндру жұмыстары жүйелі түрде өткізіліп келе жатқанын айтты.
Тарих сахнасында Тәуелсіздіктің бастауы болған, еліміздің осы дәрежеге жетуіне өз үлестерін қосқан, сол қасіретті күндерді бастан өткізген желтоқсан оқиғасына қатысқан Динаш Ахметова, Қарлығаш Сүйіндікова, Сәлима Мырзабекова облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Елге елеулі еңбек етіп, айрықша жетістіктерге жетіп жүрген ауданның бірқатар әйел азаматшаларына облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Мансұрқызының «Алғыс хаты» табысталды. Олар: Перизат Әлжанова, Роза Сәдірбаева, Әсем Тілеубергенова, Шолпан Сүлейменова, Гүлжаухар Әбуова.
Сонымен қатар, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Әзия Әбдіхалыққызы бірқатар нәзік жан иелеріне арнайы номинация табыстады. Атап айтсақ, «Ұлағатты ұстаз» номинациясымен Күләнда Жақыпбекова, «Қалам құдыреті» номинациямен Баян Әлеудинқызы, «Денсаулық сақшысы» номинациясымен Раушан Тотаева, «Ардақты ана» номинациясымен Қатира Қасқабаева, «Өнегелі келін» номинациясымен Рауан Қалманова, «Жігерлі қыз» номинациясымен Қасиет Орал, «Іскер әйел» номинациясымен Аягөз Айдосова, «Еңбек адамы» номинациясымен Үлпаш Мәлікқызы марапат биігінен көрінді.
Ал, «Аманат» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың «Алғыс хатымен» Әзия Қыстаубаева және Шәуенов Жомарт Әбибуллаұлы марапатталды. Одан кейін елеулі еңбек етіп, айрықша жетістіктерге жетіп жүрген ауданымыздың бірқатар әйел азаматшаларына аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олар: Рымкүл Сүлейменова, Әдемі Дәрібаева, Рысжан Төлепбергенова, Айда Дәрімбайқызы, Раушан Балғабекқызы, Шәмшат Ергешқызы, Сәрсенкүл Мұстапаева, Гүлшат Қаракеева, Нұрзия Әбжалелқызы, Ғалия Төребаева, Мира Тұрқұлқызы, Рахима Тілеубергенқызының мерейі үстем болды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қай уақытта да Қазақстан әйелдерінің қоғамдағы орнын көтеруге ерекше мән беруде. Өйткені олай елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың ұйытқысы, мейірім мен жасампаздықтың бастауы.
Халқымыздың «Шаңырақты ер көтергенімен, үйді тігетін әйел» деген даналық сөзі бар. Аталмыш форум аясында Жаңақорған агро колледж көркемөнер бірлестігінің және кенттегі іскер аналар қолынан шыққан бұйымдардан көрме ұйымдастырды.
Әсел Рзаева