Партиялық бақылау: құрылыс сапасымен бағалы
Жаңақорған ауданында әлеуметтік құрылыс объектілері көп. Мәселен, Шалқия кентінде клуб үйі пайдалануға беруге жақын. Ақүйік ауылдық округінде "Nur Otan" партиясының орталық аппаратының бақылауында тұрған балабақша құрылысы жүруде. Өзгент ауылдық округінде клуб үйінің құрылысы басталды. Жаңақорған кентінде МАИ бекетінде 300 орындық мектеп, №169 мектептің 600 орындықты жаңа ғимараты салынуда. Соңғы екі нысанға аудан әкімі Руслан Рүстемов, мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, бас партияның аудандық филиалының партиялық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлат Байгенжеарнайы барып, жұмыстың барысымен танысты.
Соңғы жылдары Жаңақорған кентінінің әкімшілік аумағы кеңейіп, халық саны өсіп келеді. Соның салдарынан мектептерде оқушы саны артуда. Бұл – жаңа мектеп құрылысын жүргізу қажеттілігін көрсетіп отыр. Қазір МАИ бекетінде 300 орындық және Б.Байкенжеев көшесіндегі №169 мектептің жаңадан 600 орындық ғимараты салынуда. Енді Ипподром аумағында 300 орындық мектептің құрылысы басталды. Қазір іргетасын орнату және қалай жұмыстары жүргізілуде.
– Қазір демографиялық өсім байқалып, мектептерде орын тапшылығы сезілуде. Осы бағытта талап-міндеттерді орындау мақсатында жаңа мектеп құрылысы басталды, – деп қуанышты жаңалықпен бөлісті аудан әкімі.
Аудан басшысы мердігер компания – «Авангард» ЖШС-нің өкіліне сапаға мән беруді және жергілікті азаматтарды жұмысқа көптеп тартып, мектепті мерзімінде тапсыруды тапсырды.
Сыр өңіріндегі аудандар арасында клуб құрылысы біздің ауданда және Қармақшыда ғана жүргізілуде. Өзгент ауылдық округіндегі клуб үйі ұзақ күткен әлеуметтік нысан еді. 150 орындық жаңа клуб үйінің құрылысының іргетасын қалау жұмысы жүргізілуде.
– Өзгент ауылында клуб аса қажетті әлеуметтік нысан. Құрылыс жұмыстары сапалы болуы тиіс. Сондықтан барлық стандарттарды сақтауға мән беру керек. Құрылыс барысын өзім бақылап тұратын боламын, – деді аудан басшысы.
Нұрбол БАКИРОВ