» » Шалқия тұрғындарына тамаша тарту

Шалқия тұрғындарына тамаша тарту

2021 жылдың соңында Шалқия кентінде жаңа мәдениет ошағының есігі ашылды. Кеншілер қонысы тұрғындарының ширек ғасырдан астам уақыт күткен тілегі орындалып, 150 орындық клуб үйі пайдалануға берілді. Шалқиялықтардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Руслан Рүстемұлы, аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков, «Шалқиия Цинк ЛТД» АҚ-ның бас мердігері және «Kinka Mining Construction» ЖШС басшылары қатысып, кенттің жасөспірімдеріне жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сын­да салынған нысанның ашылу сал­та­натында жылы лебізін біл­дірген аудан басшысы Руслан Рүстемов:
– Соңғы жылдары Жаңақорған ауда­нының әлеуметтік саласы, оның ішін­де, спорт пен мәдениет бағытында атқа­рылып жатқан жұмыстың ауқымы кең. Соңғы 3 жылдың өзінде 10 спорт кешені салынса, биыл облыс бойынша аудандар арасынан біздің ауданда ғана екі клуб үйіннің құрылысы жүріп, оның біреуі бітті. Биыл Жайылма ауылында жаңа мәдениет ошағының құрылысы басталады, міне, бұл аудан өнерінің өрісін кеңейтіп, келешекке кемел қадам басып, өркениет көшінен қалмауға бетбұрған айқын бағдар деп білеміз. Тәуелсіздіктің отыз жылдығында пайдалануға берілген мәдениет нысаны кент тұрғындарына сапалы қызмет ете берсін, – деп құттықтады.
Биыл кентте күрмеуі көп мәселелер кезек-кезеңімен шешілуде. Мәселен, Қ.Сәт­баев көшесі абаттандырылып, ауыл­ішілік жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ ашық тренажер алаңы салынып, кіші футбол алаңы жөндеуден өткізілді. Демеушілікпен электр желі­лері жаңартылып, өндіріс орнының қол­дауымен орталық саябақ пайдалануға бе­рілді. Кент әкімі Әбдімәулен Сабырханов келер жылдың жоспарын жеткізіп, межені айтты. 
Салтанатты шарада тұрғындар атынан сөз алған ардагерлер ұйымының төрағасы Мақан Қошқаров шынайы риза­шылығын жеткізді.
– Бүгін Шалқия мен Құттықожа жұрты үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. 1988 жылы №86 мектеп пайдалануға берілсе, біздің клуб үйіміз сол білім беру ошағының ішінде болды. 33 жыл осындай заманауи ғимаратты күттік, бүгін сол арман-тілегіміз орындалып, қуанышымыз еселеніп жатыр. Аудан әкіміне, құрылыс компаниясына және өндіріс орны басшыларына үлкен алғыс білдіремін. Ең бастысы, ұрпақ үшін жасайтын игі істеріміз ортаймасын, – деп жылы лебізін білдірді.
Келбеті келісті, екі қабатты мәдениет үйінде 150 орындық көрермен залы ЛЕD экран, өнерпаздарға арналған үйірме бөлмелері, кітапхана мен асхана орналасқан.   Тұрғындардың рухани дема­лыс орнына айналатын, жастар­ды өнерге, мәдениетке баулитын, шығармашылығын шыңдайтын жаңа ғимарттың лентасы қиылды. «Болашақ интернейшнал дэве­ломент» ЖШС басшылығы клуб үйінің кілтін директор Ғалымжан Дүйсенбаевқа табыстады.
Ғимараттың ішкі келбетін аралаған қонақтарға алдымен балалар жаңа жыл­дық ән-шашуын тарту етті. Одан кейін, үлкен сахнада ауылдың жас өнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламасын қой­ды.
– Әзірге клуб үйінде 5 қызметкер жұмыс жасаймыз, үш үйірмеміз бар. Болашақта қатарымыз көбейіп, басқа да үйірме ашылады деген сенімдеміз. Шыны керек, осыған дейін мектеп қабырғасын паналап келген едік. Енді міне зәулім ғимаратқа қол жеткіздік, бұйырса шә­кірт­теріміз үлкен шыңдардан көрініп, байқаулардың биігінен көрінуіне жұмыс жасайтын боламыз, – деді мәдениет үйі­нің директоры.
Иә, бұл биылғы жылы аудан бойынша берілген екінші клуб үйі, жаңа өнер ошағынан әлі талай өнерлі өрендер шығып, ауданның мәдениет саласына өзіндік із қалырып, өркендету жолында еңбек ете береді деп сенеміз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 қаңтар 2022 ж. 269 0