Өткеннің өнегесі қымбат
Тәуелсіздік күні мерекесінің қадір-қасиетін жас ұрпақ бойына сіңіруде мәдени шаралардың орны бөлек. Солардың бірі Сунақата ауылындағы №194 орта мектебінде сыр-сұхбат мазмұнында өткен мерекелік кеш.
Кездесуге республикалық желтоқсан ақиқаты қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы – Динаш Ахметова, ауданның Құрметті азаматы, «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы – Әзия Қыстаубаева және №194 мектебінің ұжымы мен белсенді оқушылары қатысты.
Желтоқсан оқиғасының куәгері әрі қатысушысы Динаш Ахметова сол күндердегі алаңға шыққан жастардың ой армандарын ашық білдіруі, оған тоталитарлық режимнің қолданған жаза түрлері туралы еске алып, ой тебірентер естеліктерін бөлісті. Одан әрі Әзия Қыстаубаева да өткен күндер тарихынан сыр шертті.
Оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. 4 сынып оқушысы Мерейлім Әбдурашит «Домбырам болып сайраймын» деген әнімен таңырқатса, 6 сынып оқушысы Жәния Сапарбек «Ер бабалар» атты өленін оқып жүректерді тебірентті.
Кездесуді ұйымдастырған мектеп директорының, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асқарбек Төрегелдиев пен мектептегі 6-7-8-9 сыныптарынан құралған «Сығанақ» оқушылар қауымдастығының жетекшілері Айгүл Бахрамова, Индира Абдуллаева, Асқар Юнусов, Шохан Сыздықов және Талғат Аужаров, Замира Адырбекова, Бекжан Айбаршын сынды тарих пәні оқытушылары «Терең тарихтан – жарқын болашаққа» атты апталық аясында өтіп жатқан атаулы кеште өз қолтаңбаларын қалдырды.
Жиын соныңда мектеп директоры Мұхтар Шалысбаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, оқушыларға білім мен тәртіптің маңыздылығын түсіндірді. Желтоқсан көтерілісінің сипатын аша отырып, Тәуелсіздік бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы екенін жете түсіндіру, жас ұрпақ бойында еліне, жеріне, ұлтына деген патриоттық сезімді қалыптастыратынын еске салды.
Әсел Ибрагимова