№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кәсіптің тірегі – тәуекелде

Кәсіптің тірегі – тәуекелде

  Шағын және орта бизнес – мемлекеттің негізгі тірегі. Ал, бұл саланы дамытуға қолдау тетіктері шешілуі тиіс. Одан бөлек ынталылардың тәуекелі мен ерік-жігері де шешуші рол атқарады. Айтпағым, көзін тапқандарға үй жағдайында-ақ бизнесін дамытуға мүмкіндік көп. Сондай креативті бастаманы Нұрсұлтан Палуановтың ісінен көруге болады. Оның тәтті торттарын аудан халқы жоғары сұраныспен тұтынады.

 
Әрине, біздің менталитет еркек адамның ыдыс ұстап, тамақ дайын­дағанына жатсына қарайды. Әйел – үйдегі, еркек – түздегі шаруаның иесі дейтін пікірді ұстанамыз. Алайда, әлемдік зерттеулерге сүйенсек, әйелдерге қарағанда ерлердің жасаған тағамдары мен кондитерлік өнімдері, торттар мен бәліштері ерекше дәмді болады. Оның дәлелі деп әлемдегі танымал әрі кәсіби кондитерлердің топ үздігін айта аламыз.
Ренат Агзамов – ресейлік жұлдыз­дардың сүйіктісіне айналған нөмірі бірінші кондитер. 400 тоннаға дейін торт жасайтын шебердің туындысы Гиннес рекордтар кітабына енгізілген. Біле білсеңіздер, «Әлемнің сегізінші кереметіне» баланған құны 179 мың долларлық торттың салмағы 2 тоннадан асады. Дәл осы торт көршілес Шымкент қаласындағы белгілі олигарх­тың тойында инстаграм желісі арқылы бүкіл әлемге танылған болатын. Ал, үздік кондитерлердің екінші қата­рында укрианалық Динара Каско тұрса, франциялық Амори Гишон мен австралиялық Адриано Зумбо, америкалық Жейром Де Олейвераның да кондитерлік өніміне сұраныс жоғары.
Хош! Тақырып ауанына оралсақ. Байқағандарыңыздай, кондитерлердің ішінде тек нәзікжандысы – Динара Каско. Өзгелері – ерлер. Бұдан аңғара­тынымыз, әлемдік тәжірибеде ерлер дайындаған тәттілердің статусы жо­ғары. Біздің кейіпкеріміз Нұрсұлтан Нұрділлаұлы да танымал кондитерлер сынды табиғатынан сұлулыққа, әсем­дікке, жаңа туынды дайындауға құштар.
– Мәскеуде әскери борышымды өтеп жүріп, жоғары басшылықтың бұйры­ғымен «Сладости» деген үлкен кондитерлік дүкенге кіргенмін. Дәл сол сәттен бастап, түрлі-түсті тәттілерге, торттардың сәнді безендіруіне, әдемі­лікке құмарттым. Әскерден елге оралсам, «кооперативті оқу орнында оқимын, торт пісірудің шебері боламын» деген мақсатым болды. Уақыт өте, тәуекелге бел байлап, Қарағанды кооперативті училищесіне оқуға қабылдандым. Сол тәуекел мен табандылықтың арқасында 1997 жылдан бастап торт пісірумен айналысып келемін, – дейді тәттілердің авторы.
Кейіпкердің торт жасаудағы тәсі­лі де ерекше. Заманауи дайын қос­па­ларды, кремдерді қолданбай, торт құрамын табиғи етіп, өзі дайын­дайтын Н.Палуанов мемлекет бөл­ген жеңілдіктерді өз игілігіне асырған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасы аясында 1,5 млн. несие алып, кулинарлық шеберханасын қажетті құралмен, арнайы пештермен жабдықтаған. Бүгінде жары Айткүлмен бірге цехтың сәнін келтіріп, вупи-пай, қызыл бархат, қатпарлы, сүтті қыз, балқаймақ, висквитті торттардың түр-түрін дайындаудың қас шеберіне айналған.
Ол қайырымдылық шарасына да белсенді араласады. Әсіресе, «Жұмыспен қамту орталығында» ұйымдастырылған мазмұнды жиын­дарда тәттілерін тегін тарту етіп жүреді. Табыстың көзін тапқан Н.Палуанов төрт перзенттің әкесі, үш немеренің атасы. Бәрінен де маңыздысы, 88 жастан асқан Жұмаш анасының разылығын тауып отырған жүректі азамат.
«Үлкен адам болып қалу үшін әманда, үлкен арман керек екен адамға», – деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, адамды алдыға жетелейтін негізгі күш – арман екен. Кәсіби қабілетін арманмен, тәуекелмен ұштастырған оның ендігі мақсаты – кондитерлік цехты көлемді демалыс орнына айналдыру. Яғни, тәттілер дүкені мен кафетерий қызметін қоса атқаратын ірі орталық ашу. Рас, мұндай халыққа қызмет көрсететін орындар біздің өлкеге қажет-ақ. Лайым, сол мақсат жүзеге асып, Палуановтай қарапайым үйді бизнес ошағына айналдырғандар қатары көбейе бергей.

Ханзада ДОШАН.
08 маусым 2019 ж. 970 0