№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қоқыс та кіріс әкеледі

Қоқыс та кіріс әкеледі


Бала кезімізде ұлдар жағы темір-терсек, шыны ыдыстарын жинап, оны өткізіп, тиын тауып жүретіні есімде. Жарамсыз техника қалдықтары, тіпті кейде қоқыс ішінен мыс, аллюминий қалдығын көрсе теріп, сатуға өткізіп, әжептеуір пұлдайтын. Уақыт өте келе бұл дағды ұмыт бола бастады. Қазір мектеп оқушылары темір өткізбек түгілі оны ұстауға да құлқы жоқ. Бәрі дайын, ата-анада олар оқысын деген тілек қана. Ол да дұрыс шығар. Десек те қажетсіз қағаз, шыны ыдыс мен темір қалдығынан теңге таба аласыз.

  Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда 31,72 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады. Бұл сандар қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігі тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырып отырған жаһандық мәселе. Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.

Мұнымен айтпағымыз жоғарыда көрсеткен үйден шыққан қалдықтарды қайта кәдеге жаратуға біздің елде жаңадан мүмкіндік туа бастады. Қызылордада шыны зауыты ашылса, біздің ауданның өзінде екі бірдей қажетсіз қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорын бар. Соның бірі кент тұрғыны Насырулла Мырзаев есімді кәсіп иесі. Ол кісі қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы қайта өңдеу зауытына өткізуді жолға қойыпты.

– Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. Бірнеше жылдан қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізуді қолға алдым. Отбасыммен және 2-3 жұмысшы алып, макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік сынды ауыл тұрғындары да бізге үйренді. Жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз. Қалған ауылдарға меніңше ақпарат жетіспей жатқан секілді, – дейді кәсіп иесі.

Бір өкініштісі, кәсіпкерге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмейді. Егер сәл субсидия немесе бір демеу болса онда жұмыс еселеніп, әжептеуір нәпақа табар едік дейді. Бір жағынан, тұрғындар да толық үйренер  

– Мен үнемі өз ұсынысымды айтып жүрмін. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бізге полигон керек емес. Ол жерге тасталған қоқыстар желмен ұшып, қайта жер бетіне көтеріліп, аймаққа үлкен экологиялық зардабын тигізеді. Одан да бізге қолдау көрсетсе, біраз мәселенің шешімі табылар еді. Меніңше, жаһан жұртының алдында екі мәселе тұр. Біріншісі, ауызсу, екіншісі, тазалық мәселесі. Сондықтан, бүгіннен тазалыққа мән берген жөн, – дейді ол.

Әлем елдеріндегі тәжірибе

Осы тұста әлем елдерінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін зерделеп көрген едік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, дамыған елдерде жерде жатқан қоқыстар әжептәуір табыс көзі саналады. Әсіресе, қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары кәдеге жарамды әрі сұраныста екен. Мәселен, Финляндия қалдық заттарды өңдеу бойынша әлемде көш бастап тұр. Онда «қалдықтар иерархиясы» деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес көзінеайналған. Пекинде қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды. Бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Францияда қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен.

Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да поллиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір супермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады. Мәселен, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі, ағаш пен темір жәшіктерден пластиктен жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті, сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полиэтиленген пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде. Мұның бәрі түптеп келгенде қоршаған ортадағы тепетеңдік заңдылығын сақтап, әлемді экологиялық апаттан қорғап, адам денсаулығына оң әсерін тигізері анық.

Міне, өзге елдерге қарап көз сүйсінеді. Ал, бізде керісінше қоқыс жәшігі қойылса, ізбе-із сындырып немесе өз аулаларына қойып алатындар да кездеседі. О тоба десеңізші, қоқыс жәшігі түгілі балаларға арналған ойын тербелгішін өз үйіне кіргізіп алғандарын көргенде жағамызды ұстадық. Содан болар, тазаланған аймақ қайта қоқысқа толып, еңбекті еш ететіні.

Түйінін айтсақ, қатты қалдықтармен қоғамды ластағанша, жиыптеріп, өткізіп отырсақ, қаражатқа айналып шыға келеді, бастысы аулаңызға жинап, Насырулла ағаның кәсіпорнына хабар берсеңіз болғаны. Әрі, кәсіпкер Насырулла ағамыздың кәсібіне демеу бергеніміз болар еді. Ал, мемлекеттен берілетін көмекті құзырлы органға қалдырайық.

Әсел Рзаева
26 ақпан 2023 ж. 904 0