№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылыжай - толағай табыс көзі

Жылыжай - толағай табыс көзі


Бала күнімізде жемісжидекті шіліңгір шілденің ыстығында ғана жеуші едік. Ал, бүгінде қақаған қыстың аязында да кез келген дүкен сөрелерінен қалаған жемісіңізді таба аласыз. Өйткені, шаруалар жылыжай өндірісін қолға алып, оны дамытудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгерген. Біздің аудан да аргарлы аймақтың бірі. Халықтың басым бөлігі төрт түлік пен егіншілікті кәсіп етеді. Соңғы уақыттары елімізде жылыжай шаруашылығы жан-жақты даму үстінде. Осы мүмкіншілікті басшылыққа алған жерлестеріміз қыстың көзі қырауда көкөніс өсіріп, табысқа кенелудің маңызын түсініп отыр. Ең табысты, жылыжай кешені – халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі. Жылыжай өндірісіне қол жеткізу – әрбір бағбанның арманы.

  Жылыжайда өскен өнімнің артықшылығы, көкөніс жылдам өсіп, сырты көз тартарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге, ылғал мен жылу барлық аумаққа бірдей таралады. Бірақ, жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөністен айырмашылығы да осында. Десе де, құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті. Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы аз емес. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық.

Осы тұста, жаңақорғандық шаруалардың жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын іріліұсақты бірнеше жылыжай бар. Алайда, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрғандары өте аз. Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалық Қаратөбе аумағында орналасқан. Білдей бір ауданда жұмысын үздіксіз жалғастырып келе жатқан шаруа қожалыққа арнайы барып, кешен иесі Амантай Сарбасовпен жүзбежүз кездесіп қайттық.

– 2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысудамыз. Көлемі 70 соттық аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Екі жылдан бері елімізге індет келгелі қызанаққа сұраныс азайды, әрі шығыны көп. Ерте көктемде еккен қиярды жинап алып, енді күздік егінді бастадық. Бұйыртса, қараша айынан бастап өнім бере бастайды. Негізінен жылыжайдан өнім алу өте қиын шаруа. Оған күтім көп керек. Неге десеңіздер, біздің ауданда мамандар жоқтың қасы. Бастапқыда өзге өңірден мамандар алдыртып, тәжірибесімен бөлісіп, өзіміз кәсіби бағбандар дайындадық. Қазір жаман емес, шығымы жақсы, кешенде 6-7 адам жұмыс жасайды. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі, – дейді кәсіпкер.

Әйткенмен, биылғы науқан былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанын да жасырмады. Көктемгі науқаннан былтыр 30 тонна өнім алса, биыл небәрі 15 тоннаға жуық өнім жиналыпты. Себебі, қаражаттың тапшылығынан дәрі-дәрмекті уақытында ала алмады. Барға қанағат етіп отырған жылыжай иесі Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныстың көп екенін де сөз етті.

Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне жерлестер дән разы. «Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген, ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арманмақсатыма қол жеткізіп отырмын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді» – деген шаруа:
– Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екіүш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Әуел баста жылыжайды қолға алғанда ғана субсидия беріледі. Одан кейін ыстық-суығына өзің жауаптысың. Содан болар аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-кем қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – деп мәселесін айтты.


Қожалық қияр ұрығын голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады. Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:
– Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті, – деді.
Осы тұста, кент орталығында орналасқан жылыжайлардың да жай-күйін білдік. Олар мемлекеттен ешқандай қаражат алмай, күнкөрістің қамын күйттеп жүргендерін жасырмады.

Орналасқан аумағы шағын болса да, бала-шағасымен ерте көктемнен қара күзге дейін еңбек етіп, нәпақасын тауып жүргенін бүкпесіз баяндады.
Рас, қыруар қаржы кететін жылыжайды қарапайым шаруалардың қалтасы көтермейді. Олардың ортақ ойы жылыжайды газдандыру мәселесіне көмек болса дейді. Бұл шығынды азайтады. Осы тұста, елімізде жылыжай кәсібін дөңгелетемін деген әр адамға мемлекеттен қолдаудың да барын айта кетейік. Тарқата кетсек, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы несие алуға, жаңа индустриялық аймақтан жер учаскесін алып, онда барлық коммуникацияларды тартуға және субсидия алуға көмек көрсетіледі. Бірақ әзірге шаруалардың жабық жерде көкөніс өсіру тәжірибесі жоқтың қасы. Өйткені, оған күтім мен уақыт көбірек жұмсалады.

Осы тұста, өзге елдердің тәжірбиелерімен де бөлісе кетейік. Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секілді дамыған елдерде жаңа технологиямен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евро тұрады. Өйткені оның құрылымында қуатты көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар. Ал, Түркиядағы жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсірілсе, қалған 10 пайызына жеміс, қияр 2 пайызына егіледі. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының өзі әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгінде бұл ел тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-ші орында. Бір айта кетерлігі, еліміздегі біраз жылыжайлар Нидерланды технологиясымен салын­ған. Өйткені, олардың қолданатын технологиясы біздің елімізге өте тиімді. Егер жергілікті диқандарға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер ететіні сөзсіз.

Әсел Рзаева

08 тамыз 2023 ж. 701 0