Білікті дәрігердің биігі
Жаңарыққа жол түсіп, елге еңбегі сіңіп жүрген жандарды іздеп көрдік. Қазыналы қариялары мен жалынды жастарын жағалап, әр саланың салмағын көтеретін азаматтармен сұқбат құрдық. Көптің алғысын арқалап, қызметінің шынайын бағасын алған азаматтар арасында ауыл фельдшері Әмірхан Қалдыбайұлының орны бір төбе екен. Өйткені, 2 мыңға жуық ауыл халқына табанынан тік тұрып қызмет жасап жүрген жанды қалай дәріптесек те жарасады.
– Аяқ ауырып, балтырымыз сыздаса дәрігер іздеп кететініміз рас. Осындайда Әмірханға қоңырау шалып, қызметіне жүгінеміз. Әрине, оның міндеті шығар, дегенмен, оның мамандығына шынайы құрметіне, қызметіне адалдығына, ауылдағы ағайын разы болып отырамыз. Кіндік қаны тамған ауылында табанды еңбек етіп келеді. Осындай патриот азаматтар әр ауылдың ажары, келешегі болары сөзсіз, – деді ауылдық округтің бас маманы Серібай ағамыз.
Әмірхан Тайшықов 2001 жылы Түркістан медициналық колледжіне түсіп, 2006 жылы бітіріп шығады. Дипломды алып, ауылға қызметке келіп, осында тұрақтағанына он алты жылға жуықтапты.
– Аудан орталығына, тіпті облысқа қызметке шақырды. Бірақ, ауылда қалуды жөн көрдім. Алдағы уақытта бұйыртып жатса, қызмет ауыстырып қалуымда мүмкін. Ол уақыттың еншісінде. Біздің өзіміз бүгінде бір төбеміз, 19 қызметкер ауылдағы амбулаторияда еңбек етеді. Оның ішінде, 1 дәрігер, 2 фельдшер, химизатор мен акушер қызметкері де бар. Бір қуанарлығы, біздің мекеме ғимараты былтыр ғана іргетасы қаланып, ел игілігіне берілді.
– Қазір экологиялық аурулар көбейді. Күнделікті қандай науқастар жиі келеді?
– Бізде есепте қан қысымының жоғарылауы бойынша 64 тұрғын тұрады. Жүрек ауруы, қант диабетімен диспансерлік есепте тұратындар да бар. Қазір балалардың іш ауруы, тұмау сынды науқас түрлері көбейіп тұр. Сондай-ақ, көп кісілерде әлсіздік байқалады, тез шаршау, тамаққа тәбеті соқпау сынды шағымдар жиі кездеседі. Күніне 20 қабылдау өткіземіз, 15 шақырту болады. Күндізгі емдеу бөлімінде 3 орындықпен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, балаларға тегін дәрі-дәрмек қамтамасыз етуді жоспарлы жүзеге асырып отырамыз. Негізгі міндет алғашқы көмек көрсету.
Жаз басталса болды балалардың іш ауруы тым жиілейді. Оны дәрігерлер үйреншікті дерт деп бағалайды. Сондықтан, алажаздай осы бір індетпен күресу жолында барын салып жүргені. Қазір балалар арасында тұмау асқынып тұр дейді ол.
– Иә, балалар арасындағы індет, жалпы, тұмау түрі маусым сайын түрленіп келеді. Әрине, сақтық керек ең бірінші, сондықтан, мүмкіндігінше баланың денсаулығына жіті көңіл бөлу керек – деп кеңес берді ол.
Жалпы мамандық ішінде дәрігер болу арманы бала кезден бастау алатыны ақиқат. Өйткені, адам өміріне араша бола алатын, дертіне дауа іздеген жанға көмек қолын соза алатын осы мамандық иелері. Ал, ол бала кезден бастау алатын тілек. Әмірхан дәрігерлікті бала кезден таңдаған жанның бірі.
Әли ТЕМІРБЕК