№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Өнерлі отбасы" байқауы өтті

"Өнерлі отбасы" байқауы өтті


Жаңақорған ауданы әкімінің қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәденипродюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Төменарық ауылында «Бақыт мекені» атты отбасылық өнер байқауы өтті.

  Адамның тұлғалық қасиетінің қалыптасуына әсер етуші фактор – отбасы. Ол – адам баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін қасиетті мекені. Бала кішкентай кезінде көрген-түйген дүниелерін кейін өзі бөлек отау құрғанда жаңа отанына алып барады. Сол себепті, жанұя тәртібі, отбасылық тәрбиенің, әулет, ұрпақ, ағайын, мемлекет, Отан алдында маңызы өте терең болып саналады. Атаулы байқауды ұйымдастыру арқылы өнегелі құндылықтарды жаңғырту және отбасы мен некенің жағымды үлгісін тарату, отбасы мәртебесін арттыру басты орынға қойылды. Отбасылық құндылықтарды насихаттау, балаларды еңбекке баулу, егде жастағы атааналарына қамқор болуды дәріптеуге де баса назар аударылды. Осы тұста айта кетейік, өңірде соңғы үш жылда бала туу көрсеткіші 16 пайызға артқан. Бүгінде Сыр өңірінде 141 мыңнан аса отбасы бар. Оның ішінде 48 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар. Ал, 17 мыңға жуық ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері атанған. Бұл біздің бақыт мекеніміздің жеткен жетістіктері десек артық болмас.

Байқауға жеті ауданнан, атап айтсақ, Арал ауданынан Сансызбаевтар отбасы, Қазалы ауданынан Айдаровтар отбасы, Жалағаш ауданынан Көшеровтер отбасы, Сырдария ауданынан Шербатшаевтар отбасы, Шиелі ауданынан Шыныбековтер отбасы, Жаңақорған ауданынан Асылбековтер отбасы, Қызылорда қаласынан Қожабековтер отбасы қатысты.

Олар үш кезең бойынша сайысты. Әуелі өз-өздерін таныстырып, одан соң өнерлерін көрсетті. Үшінші, отбасында болған қызықты оқиғаларды сахналады. Қатысушылардың барлығының да үлкен дайындықпен келгені байқалып-ақ тұр. Бірінен бірі өткен қойылымдар мен әдемі ән шашулар көрерменге ерекше көңіл күй сыйлап, рухани демалуға зор үлесін қосты. Сонымен үш кезеңнің нәтижесі бойынша, қазылар әділ шешімін шығарды.

Сайыс қорытындысы бойынша, бас жүлдені – Төменарық ауылынан Асылбековтер отбасы иеленсе, бірінші орынды Шиелі ауданынан келген Шыныбековтер отбасы, екінші орынды Қызылорда қаласынан келген Қожабековтер отбасы, ал үшінші орынды Сырдария ауданынан Шербатшаевтар отбасы мен Арал ауданынан Сансызбаевтар отбасы иеленді. Барлық жеңімпаз отбасылар қаржылай сыйсыяпаттармен марапатталып, үлкен ықыласқа бөленді.

Иа, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы жолдауында отбасын қорғау және бала капиталын қалыптастыруға ерекше мән берді. Мұндай қолдау әрбір қазақстандықтың өз болашағына деген сенімін нығайта түсетіні сөзсіз. Ал осындай халық игілігіне бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.

Әсел РЗАЕВА



27 қыркүйек 2022 ж. 746 0