№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тойдың сәні - текті сөз

Тойдың сәні - текті сөз


Бұл күнде не көп? Дүниеге келген перзент қуанышы, оның бес-алтыға келгендегі сүндет тойы, мектепке баруы, мектеп бітіруі, жоғары оқу орнына түсуі мен бітіруі, ұлы үйленген немесе қызын тұрмысқа шығарып салу тойы, елуге, алпысқа келген мерейтой дейсіз бе, той көп. Басқаша айтсақ, той өткізудің себептері мен түрлері көп. Әлемде той жасаудан бәсеке болса, қазақтың озып шығары дау тудырмайды. Той туралы не десек те, оның болғаны жақсы, әрине. Балаларының көңілдерін қалдырғылары келмей, жыл он екі айда бір болатын қуанышта бір мақтанып, шашылу үшін отқа да, суға да түскен ата-ананың баласына жасап берген тойы қалай өтеді? Біз бүгінгі әңгімеміздің арқауын осы арнаға бұрмақпыз.

  Шүкір, ниетімізге қарай ел іргесі тыныш. Ең керегі де сол. Қазақ өзі кең пейілімізге сай тойшыл халықпыз. Әуелімде, ел аузында «қазақтар үй салу мен той жасаудан алдына жан салмайды» деген сөз де айтылып жатыр. Дұрыс-ақ, той көп болсын! Лайым, Жаратқан Иеміз халықты тойдан, қызықтан, қуаныштан айырмасыншы!
Дегенмен… Теңгенің де екі жағы бар демекші, осы таңда тойымыз «тойжарысқа» айналып бара ма деп алаңдайтын болдық. Жиған-тергенім тойға шашылсын деген кеңпейіл, аңғал халықпыз ғой. Тек орнымен болса дейсің. Судың да сұрауы барын ұмытпасақ екен.

Иә, сөз басында айтқанымыздай, тойда сән де, мән де қалмай барады. Кез келген той төрт-бес сағат ырдудырдумен өте шығады. Өкінішке орай, сол тойлардан құдды жиналысқа келгендей шаршап қайтасың. Той үстінде әрине қонақтарға сөз беріледі, тілек айтылады. Сонда еститінің, қайталана беретін мезі болған кезекші сөздер, негізсіз құр мақтау, жауыр болып жатталып қалған тілектер, көңіл толмас көріністер. Аста-төк молшылық, текке төгілген артық ас, ысырап, бәрінен де босқа кеткен алтын уақытты айтсаңызшы. Қол созым жерде билеп жүрген бишісымақтардың желкілдеген жеңіл көйлектерінен бүкіл дене бітімі мен мұндалап тұр. Ұят-ақ! Әр нәрсенің өз орны бар емес пе?! Әдеп деген әлдеқашан ұмытылған. Сол биді театрдан, концерт өтетін арнайы орындардан тамашаласақ болмай ма?! Қылжақтап сөйлеп, күлдірген боп бүлдіріп тұратын асабаның орынсыз айтқан әбес сөзінен бетімізді басып төмен қарайтын кездер де болады. Көпшіліктің алдына шыққан той басқарушы асабаның сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстау әдебі қайда?! Төбеңнен құдды бір зілдей тоқпақпен ұрғандай даңғаза музыканың дүңкілінен дымың құрып, шаршап, қалжырап кетесің. Оны өзіңіз де көзбен көріп, естіп жүрсіз, оқырманым. Ортаға қарай қонақтардың жас шамасын ескеріп, көңілді күмбірлеген күй, я болмаса әуезді әдемі ән тыңдатуға болады ғой. Жаныңдағы кісінің сөзін ести алмайтын шулы жаңғырық, атойлап, аттандап тұрған түсініксіз әңгүдік әнсымақ, саңқылдаған даусын саңырау да еститін музыкадан миыңның мылжа-мылжасы шығады. Әйтеуір, той иесінен ұялғаныңнан жіпсіз байланып, тойдың соңын күтіп, сабыр сақтап отырасың. Шындығы сол. Бұл жалпы қазіргі тойлардың көрінісі. Енді ең керекті айтайын деген мәселеге ауысайын.

Бүгінгі айтылар сөз, той дастарқанына берілетін бататілек жөнінде. Дана халқымыз: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деуші еді. Енді мына заманда «Ел болам десең, экраныңды түзе» дегенді де естіп жүрміз. Осы тәмсілге «Ел болам десең, тойыңды түзе, бата бере біл» деген ескертуді енгізу керекақ сияқты. Өзіңіз де талай тойдың куәсі болып жүргендей, ауданымыздағы тойханаларда әртүрлі тойлар өтіп жатыр. Дұрыс-ақ! Той халықтың қазынасы, қуанышы. Қазақ бар жиған-тергенін тойға сақтайды, тойға шашады. Бірақ… Қарызданып, қауғаланып, қиналып, қомақты несие алып, шашылып-төгіліп той жасау белең алуда. Асыра сілтеу бәсекелестіктен не өнеді?

Баяғыда той ауылда кешкі 9-дарда, тіпті 10-ға таман (жаздыгүні) басталатын. Себебі ел малын жайғап, тірлігін тындырып, асықпайсаспай тойды өткізіп, таң ата бір-ақ тарқайтын. Бұл ауыл тұрмысындағы жағдай. Той-томалақ ол кезде ауылда аулада өтетін, түсінуге болады. Ал қазір тойларда белгіленген уақыттан соң 2-3 сағат кешігіп келеді, тойханада келісілген уақыт бар емес пе?! Әр сағат есептеулі. Той кешігіп басталған соң, асаба 15-20 кісіден топырлатып ортаға шақырады, ал содан сөз сөйлеу жиналысы басталады. Дайындалған ас толы дастарқан мәзірінің берекесі кетеді. Тіпті, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, астың да, адамның да, уақыттың да құны болмай, қадірқасиеті төмендеп барады. Себебі шақырылған уақыттан кешігіп келу, яғни уақыттың құны жоқ. Адамдардың кішісі үлкенінен именбейді, қариясы жастан ұялмайды, яғни, адамдардың бірін-бірі құрметтеу, бір-бірінен ұялу қасиеттерінің құнсыздануы деген осы. Баршылыққа, тоқшылыққа не жетсін! Бірақ біреу тойып секірсе, біреулер тоңып секіріп жүргенін ұмытпайық. Даяшылар өрімдей жап-жас жігіттер мен қыздар. Қай заманнан бері ат құлағында ойнап, кетпен-күрек ұстаған ер-азаматтар шәйнек көтеріп шай құйып, қыздың қызметін атқарып еді? Қарайсың да, қынжыласың. Әрине, заман талабы солай деп уәж айтатыныңызды білем, әйтсе де…
Кез келген тойдың қызықты, тартымды, ерекше есте қаларлықтай өтуі асабаға да байланысты. Тойдың түрі көп. Мысалы, қыз ұзату тойын жүргізуші асаба жігіт қазақы дәстүрге қанық, ұлттық болмысымызға тән әдет-ғұрыпты, жөн-жоралғыларды жан-жақты білетін болуы керек.
Ол жігіт домбыраның құлағында ойнайтын күйші, нақышына келтіріп ән салатын әнші, сөздің мәйегін тауып сөйлейтін сөз шебері, қағытпа қалжыңмен әзілдесе алатын, суырыпсалма ақындығы да бар бесаспап болуы керек. Асаба жат жұртқа ұзатылып бара жатқан қызбаланы болашақта келін болып босаға аттайтын әулеттегі, яғни жаңа ортадағы тірлігінен де хабардар етіп, ақыл-кеңесін жеткізе білуі керек. Мысалы, келін болу келе салу, я болмаса келе салып, ұнамаса кете салу емес, келген соң, осы босағада қалу, бар-жоғына, ыстық-суығына көну керектігін әзілдеп болса да әдетғұрыпты меңзейтін ойын түрлерін ұйымдастырып, оны көрініс арқылы жеткізіп, ой тастап жатса, қанекей! Бітпейтін топырлаған бижарыстан гөрі, арасында дәстүрімізді дәріптейтін ойжарыс, мақал жарыс түрлерін де енгізіп жатса құба-құп.

Той жалғасып жатыр. Аста-төк ысырапшылық. Күмбірлеген күйдің жетегінде табақ-табақ ет көтерген жапжас жігіттер шеруі сап түзейді. Ортаға үйме табақ ет келеді. Дастарқан бетінде қасық қояр бос жер жоқ. «Үлкен асқа бата беріңіз, ата, бата», – деп асаба жігіт шашы аппақ қудай, жетпістен асқан ауыл ақсақалына микрофон тосады.

Әлгі бата сұраған қариямыз бата орнына тілек айтып, оның өзін ұзақ айтып тұрып алсын. Қол жайып біз отырмыз. Шашы ағарғанның бәрі ақылшы, данышпан емес, егер айтары болмаса. Шашы қап-қара жасамыстың бәрін қадірсіз деуге тағы болмайды. Егер оның аузында дұғасы, жас болса да беретін батасы бар жігіт болса. Ақылды да, батаны да шашы ағарып көп жасағаннан емес, жас болса да көкірегі ояу, көпті көрген, жүрегінде иманы бар адамнан сұраған жөн. Қашанда батаның орны бөлек, құны қымбат. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Бата сөзі киелі. Ата-бабаның тілеуімен, дұға-тілек, батасымен өсіп-өніп келе жатқан ұрпақпыз. Қазірге дейін жасы үлкен кісілерден, өз ата-аналарымыздан «Көсегең көгерсін!», «Жасың ұзақ болсын!», «Балаларыңның қызығын көр!» деген қатарлы бата-тілектерді естиміз, марқайып қаламыз, себебі әрдайым жасы үлкен ақсақал ұрпақтарына жақсы тілек айтып, бата беруі қалыпты және солай болуы керек. Бұл қазаққа тән қасиет. Алайда кейінгі буын өкілдері, замандастарымыз осы игі дәстүрімізге қатысты үрдістен кенжелеп жатқанымыз жасырын емес.

Текті халықтың ұрпағымыз, ал тектіліктің діңгегі дінмен мықты болған. Ендеше, ата-бабамыз салып кеткен тура жолдан таймай, мұсылманшылықтың туын төмендетпей ұстағанымыз жөн. Намысты қолдан бермеген, қазағымыз аттан, қазанымыз оттан түспеген, батасыз тойымыз өтпеген қазақтың ұлқыздарымыз. Сондықтан келешек ұрпақ қазақтың қамын ойлайтын, дәстүр-салтын сыйлайтын иманды ұл, ибалы қызы болып өссе екен деген ой. Ендеше арлы, мінезді, білімді, ақылды жастары бар қазақ елінің рухы сөнбесін!

Лаура БИБАСАРОВА
24 тамыз 2023 ж. 1 165 0